Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, өзара қарым-қатынас органдарының өкілдері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары, журналистер мен блогерлер қатысты.
Фестивальде Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери тақырыпта мақала жазып, сюжет түсіріп жүрген журналистерді БАҚ өкілі ғана емес, ең алдымен елінің патриоттары ретінде санайтынын атап өтті.
– Мұндай жобалар бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, азаматтардың армияға деген ашықтығы мен сенімін арттырады. Әскер тақырыбын қозғап жүргендерге алғысым шексіз. Сіздерге жаңа жобалар мен шығармашылық табыстар тілеймін, – деді ол.
Кеш барысында «Қызмет етемін» және «Ақсауыт» бағдарламасының продюсерлері Юлия Василенко мен Сәуле Мықтыбаева, «Сарбаз» порталының бас редакторы Тимур Кубеков министрдің атынан алғыс хаттар алды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі әскери журналистика ардагерлерін құттықтап, Сапарғали Жағыпаров пен Қайыр Дүнбаяновқа «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін тағып, Дулат Молдабаевқа Құрмет грамотасын табыс етті.
Қорғаныс министрлігі «Әскер Медиа-2023» республикалық баспасөз фестивалін осымен төртінші рет өткізіп отыр. Министрліктің баспасөз хатшысы Руслан Жангулиннің айтуынша, байқауға 200-ден астам жұмыс келіп түскен. Ережеге сәйкес оған 2023 жылдың 1 қаңтарынан 31 қазанына дейін БАҚ-та жарияланған жұмыстар ұсынылған болатын. Қазылар алқасы оларды бағалау кезінде автордың кәсіби шеберлігін, тақырыптың өзектілігін және материалды беру ерекшелігін назарға алған.
Сонымен «Бес қару» – үздік телевизиялық бағдарлама аталымында «Еуразия бірінші арнасы» телеарнасынан Әйгерім Мұздыбаева жеңіске жетсе, радиодағы үздік жұмысы үшін «Дауылпаз» аталымында «Qazradio» радиожурналисі Бағдагүл Рахметқызы үздік деп танылды.
Баспа басылымындағы үздік жұмысы үшін «Алдаспан» аталымында «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Ескендір Зұлқарнайдың жұмысы үздік деп танылды. Қазылар алқасы «Сөзсемсер» аталымында «Inbusiness.kz.» ақпараттық агенттігінің қызметкері Максим Морозовтың жұмысына үздік баға берді.
Үздік фотожұмысы үшін «Рауан» аталымында «Литер» газетінің фототілшісі Павел Михеевтің суреттері көш бастады. Блогерлердің «Қамшыгер» деп аталатын санатында блогер Тимур Асылханов жеңіске жетті.
Үздік әскери шолушыны анықтайтын «Ділмар» аталымында қазылар алқасы «Sputnik.kz» ақпараттық агенттігінің журналисі Александр Мирогловтың жұмысына басымдық берді. Бұл салада жаңадан көрініп жүрген жас журналистер де қазылар алқасына өз жұмыстарын жолдаған екен. «Жас өркен» санатында Еркеназ Ханатбай жеңіске жетті.