Айбын • 12 Қараша, 2023

Әріптесіміз – «Әскер медиа» жеңімпазы

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында ұйымдастырылған «Әскер медиа-2023» республикалық баспасөз фестивалі жеңімпаздарын марапаттау кеші өтті.

Әріптесіміз – «Әскер медиа» жеңімпазы

Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, өзара қарым-қатынас органдарының өкілдері, республикалық бұқара­лық ақпарат құралдарының басшылары, мем­лекеттік органдардың баспасөз хатшылары, жур­налистер мен блогерлер қатысты.

Фестивальде Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери тақырыпта мақала жазып, сюжет түсіріп жүрген журналистерді БАҚ өкілі ғана емес, ең алдымен елінің патриоттары ретінде санайтынын атап өтті.

– Мұндай жобалар бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, азаматтардың армияға деген ашық­тығы мен сенімін арттырады. Әскер тақы­рыбын қозғап жүргендерге алғысым шексіз. Сіздерге жаңа жобалар мен шығармашылық табыстар тілеймін, – деді ол.

Кеш барысында «Қызмет етемін» және «Ақсауыт» бағдарламасының продюсерлері Юлия Василенко мен Сәуле Мықтыбаева, «Сарбаз» порталының бас редакторы Тимур Кубеков министрдің атынан алғыс хаттар алды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшір­әлі әскери журналистика ардагерлерін құт­тықтап, Сапарғали Жағыпаров пен Қайыр Дүнбаяновқа «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін тағып, Дулат Молдабаевқа Құрмет грамотасын табыс етті.

прм

Қорғаныс министрлігі «Әскер Медиа-2023» республикалық баспасөз фестивалін осымен төртінші рет өткізіп отыр. Министрліктің бас­пасөз хатшысы Руслан Жангулиннің айтуынша, байқауға 200-ден астам жұмыс келіп түскен. Ережеге сәйкес оған 2023 жылдың 1 қаңтарынан 31 қазанына дейін БАҚ-та жарияланған жұмыстар ұсынылған болатын. Қазылар алқасы оларды бағалау кезінде автордың кәсіби шеберлігін, тақырыптың өзектілігін және материалды беру ерекшелігін назарға алған.

Сонымен «Бес қару» – үздік телевизия­лық бағдарлама аталымында «Еуразия бірінші ­арнасы» телеарнасынан Әйгерім Мұзды­баева жеңіске жетсе, радиодағы үздік жұмысы үшін «Дауылпаз» аталымында «Qazradio» радиожурналисі Бағдагүл Рахметқызы үздік деп танылды.

Баспа басылымындағы үздік жұмысы үшін «Алдаспан» аталымында «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Ескендір Зұлқарнайдың жұмысы үздік деп танылды. Қазылар алқасы «Сөзсемсер» аталымында «Inbusiness.kz.» ақпараттық агенттігінің қызметкері Максим Морозовтың жұмысына үздік баға берді.

Үздік фотожұмысы үшін «Рауан» аталымында «Литер» газетінің фототілшісі Павел Михеевтің суреттері көш бастады. Бло­герлердің «Қамшыгер» деп аталатын санатында блогер Тимур Асылханов жеңіске жетті.

Үздік әскери шолушыны анықтайтын «Ділмар» аталымында қазылар алқа­сы «Sputnik.kz» ақпараттық агенттігінің жур­на­лисі Александр Мирогловтың жұ­мысына басым­дық берді. Бұл салада жаңадан көрініп жүрген жас журналис­тер де қазылар алқасына өз жұмыстарын жол­даған екен. «Жас өркен» санатында Еркеназ Ханатбай жеңіске жетті.