– Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін заң көмегі. Қазақстанның әрбір азаматы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық үдерістер шеңберінде білікті заң көмегін алуға ажырамас құқыққа ие. Мемлекет азаматтарға әділдік пен заң алдындағы теңдік қағидаттары негізінде бұл қолдауға кепілдік береді, – деп атап өтті Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Базарбаев.
Заң кеңесі аясында алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың өтініштері қабылданады. Сонымен бірге жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандары не осы мәртебеге немесе жағдайға байланысты олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандарға да заңгерлер тегін кеңес береді. Жеке тұлғаларға асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері, жұмыс барысында денсаулығына зиян келіп жатса және қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу мәселелері де тегін заң кеңесі аясында қарастырылады. Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына, жеңілдіктері бойынша осы соғысқа қатысушыларына теңестірілген адамдарға, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларды толғандырған мәселелерге орай құқықтық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен бір айда жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтылған отбасылар да осы тегін заң кеңесіне жүгіне алады.
Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және әкімшілік жауаптылыққа тартылған азаматтарға, талапкерлер мен жауапкерлерге, Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға, сотталғандарға және жәбірленушілерге де кеңес беріледі.
– Жоғарыда аталған барлық азамат тұрғылықты мекені мен орналасқан жеріне қарамастан мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесі үшін мұндай көмек көрсету туралы өтінішпен заңды өкілі белгіленген тәртіппен жүгіне алады, – деп түсіндірді спикер.
Бұл қызмет түрлерін алу үшін Алматы қаласының Әділет департаментіне жүгінуге болады. Заң кеңесшілері қызметті «pro bono» түрінде көрсетеді. Қазіргі уақытта Алматыда мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу бойынша 15 заң кеңесі жұмыс істейді. Заң кеңестерінің мекен-жайларымен Әділет департаментінің ресми сайтында танысуға немесе 119 немесе 14 – құқықтық ақпараттық қызмет нөміріне хабарласып, анықтауға болады.
АЛМАТЫ