Цех меңгерушісі Сұлушаш Матееваның айтуынша, Қытай, Алмания, Ресей мемлекеттерінен кәсіпорынға қажетті заманауи құрылғылар дер кезінде сатып алынған. Ал ауылдық азаматтардың табыс табуына ықпал етіп отырған цех бес жыл бұрын ашылған. Содан бері «Aq altyn»-ның өніміне деген сұраныс еселеп артпаса, еш төмендемеген. Бұл құпияның басты себебі серіктестік сапаға айрықша ден қояды. Цехте өндірілген өнімге деген сұраныстың артқаны себеп болса керек, кәсіпорын басшылығы айран, қаймақ, сүзбе мен ірімшіктің түр-түрін өндіріп, тұтынушыларына өткеріп жүр.
Кәсіпорын басшылары қажетті сүтті маңайдағы ауылдар тұрғындарынан алады. Айтуларынша, тұрғындар сиыр сүтінің әр литрін 150 теңгеден өткізеді екен.
Сүтті жинап әкелу үшін арнайы көлік қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, цех басшылары мен ауыл тұрғындарының бірлесіп жұмыс істеудің арқасында кәсіпорын тәулігіне 2 тоннадан астам сүт қабылдап, одан 700-800 тонна табиғи таза өнім әзірлеп отыр. Өндірілген өнім сапасын жоғалтпауы үшін арнайы үш мұздатқыш сатып алған.
Цех меңгерушісі келтірген дерекке сенсек, кәсіпорын өндірген өнім негізінен отандық кәсіпкерлерге өткеріледі екен. Айтуынша, өнімді тасымалдауға арналған арнайы көлік апта сайын Алматы қаласына екі рет жол тартса, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларына бір мәрте қатынайды. Өйткені осы қала тұрғындары тарапынан цехтың өніміне деген сұраныс жоғары болып тұр. Алдағы уақытта басқа да өңірлерге жеткізу жолдары қарастырылмақ.
«Біздің цехта қазіргі таңда жиырма азамат тұрақты жұмыспен қамтылғанын айта кеткен жөн. Қызметкерлердің орташа еңбекақысы шамамен 115 мың теңгені құрайды. Цех жұмысының негізгі бөлігін атқаратын мамандар – 190 мың, қадағалаушылар – 170 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ауылдықтар үшін бұл – жаман көрсеткіш емес. Ең бастысы, олар өз жұмысына ұқыпты қарайды», дейді «Aq altyn» сүт өнімдерін өндіру цехының меңгерушісі Сұлушаш Матеева.
Жалпы «Aq altyn» цехының әрбір қызметкері өнімнің сапасына айрықша назар аударады. Содан да болса керек, кәсіпорын өніміне деген сұраныс ілкі сәтке де бәсеңсіген емес. Ал цех жұмысы жыл өткен сайын ширай түскен.
«Кәсіпорындағы қарбаласқа толы жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Әуелде қандай болсын кәсіпті бастарда біршама қаймығасың, қалай болады екен деген ой сананы торлайды. Нәтижесі үшін де алдын ала бас ауыртасың. Әйткенмен, жылдар бойы ойда жүрген жоспар жетілген кезде тәуекелге бел байлауға тура келді. Қолға алған жұмысымыз қазіргі кезде тиісті нәтижесін беріп отыр.
Мұндағы цех қызметкерлері механиктен бастап айран құюшыға дейін өнімнің сапалы болып шыққанын бақылайды. Онсыз іс алға баспайтыны әлімсақтан аян ғой. Жыл өткен сайын біз өндірген өнімге деген сұраныстың артып келе жатқаны көңіл қуантады. Тұтынушы көбейген сайын біз де өнім көлемін көбейте береміз. Оған барлық мүмкіндік бар.
Турасын айтсақ, кәсіпорында тер төгіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ересен. Қай-қайсысы болсын уақытпен санаспай еңбек етуге бар. Сондай-ақ төрт түлік бағып отырған ауылдағы ағайынмен байланысымыз да бұрынғыдан беки түсті. Бір сөзбен айтқанда, біз қандай жетістікке жетсек те, бұл – ауылдағы ағайын мен кәсіпорын қызметкерлерінің ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болып отырған жағдай», дейді цех меңгерушісі.
С.Матеева келтірген дерекке жүгінсек, кәсіпорын өндірген өнім ірі қалалардан бөлек, өңірдің бірқатар ауданына да жөнелтіледі екен. Жыл өткен сайын жергілікті тұрғындар да «Aq altyn» цехының сапалы өнімін сатып ала бастағаны расымен де көңіл қуантады.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы