Спорт • 13 Қараша, 2023

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңістері

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан спортшыларының өткен аптадағы жалпы жетістіктерін мәлім етті, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңістері

Фото: Ведомство. Телеграм

Каратэ: Алматыда ұйымдастырылған WKF каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы XXI Азия чемпионатында Қазақстан спортшылары 8 алтын, 5 күміс, 11 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Ал ересектер арасында өткен I Азия ашық біріншілігінде каратэшілеріміз 8 алтын, 8 күміс, 14 қола жүлдемен топ жарды.

Садақ ату: Бангкокта (Таиланд) өткен садақ атудан Азия чемпионатында отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді. Бұл – Қазақстан спортшылары жеңіп алған 13-інші лицензия.

Мәнерлеп сырғанау: Қазақстан мәнерлеп сырғанаушысы Михаил Шайдоров Қытайдың Чунцин қаласында өткен Гран-При жарысының қола жүлдегері атанды. Ерлер арасындағы жекелей сында бақ сынаған отандасымыз екі бағдарлама қорытындысы бойынша 264.46 ұпай еншілеп, жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді.

Шорт-трек: Шорт-тректен Канаданың Лаваль қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында Қазақстан қыздар құрамасы (Алина Әжғалиева, Яна Хан, Малика Ермек, Мадина Жанбосынова мен Ольга Тихонова) 3000 метрлік қашықтықты 4:16.200 секунд көрсеткішпен үшінші болып келіп, қола жүлдегер атанды.

Триатлон: Сауд Арабиясының Эль-Хубар қаласындағы триатлоннан Азия чемпионатында отандастарымыз Екатерина Шабалина мен Аян Бейсенбаев топ жарды.

Теннис: Қазақстан теннисшісі Александр Недовесов Софияда (Болгария) өткен турнирдің жұптық бәсекесінде жеңімпаз атанды. Жерлесіміз аталған жарыста эквадорлық Гонсало Эскобармен жұп құрап, финалда ағылшын және хорват теннисшілері Джулиан Кэш пен Никола Мектичтен басым түсті – 6:3, 3:6, 13:11.

Самбо: Армения астанасы Ереванда өткен 48-ші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 5 қола еншіледі. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз жалпы есепте 3-орынға тұрақтады. Келесі жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді.