Оқиға • 13 Қараша, 2023

Қостанай облысында мас жүргізуші полиция қызметкерлеріне оқ атқан

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында полиция қызметкерлеріне қару қолданған мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қостанай облысында мас жүргізуші полиция қызметкерлеріне оқ атқан

Қостанай облысы ПД оқиғаның мән-жайын хабарлады.

«12 қарашада Қарабалық ауданында полиция қызметкерлері сағат 21:00-де Алматы – Екатеринбург автожолында, Приуральск кентінің аумағында габариттік шамдарын қоспай жүріп келе жатқан УАЗ автокөлігін байқады. Бұл жағдайда жүргізушінің мінез-құлқы полиция қызметкерлеріне күдік тудырды. Полицейлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші жауап бермеді және рөлді басқара алмай, кюветке шығып кетті. Сондақ-ақ жүргізуші қашпақ болып, тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет қарумен оқ атқан. Көлікті тастап, жүргізуші оқиға орнынан қашып, қаруды өзімен бірге алып кетті. Аудан аумағында «Сирена» жоспары жарияланып, жеке құрам дабыл бойынша көтерілді.

Қостанай облысы ПД арнайы бөлімшесінің қатысуымен өткен іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 жастағы тұрғыны мас күйінде, өзінің танысының пәтерінде ұсталды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 380-1-бабы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жауап ретінде қару қолданбаған, оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ. Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді. Қазіргі уақытта қару баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сол күні қылмыскер күдікті деп танылып, Қарабалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицейлер ұсталған адам бұрын тәртіп сақшыларының көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын ескермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ведомствода тұрғындарға полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау фактілері үшін әкімшілік және қылмыстық жаза туралы еске салады.