Елорда • 14 Қараша, 2023

Елорданы көгалдандырудың жай-күйі

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, сондай-ақ Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің бас­шы­лығымен кездесті. Кездесу барысында елорданың айналасын көгал­дандыру және жасыл аймақ қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Елорданы көгалдандырудың жай-күйі

Жақып Асанов өз сөзінде Мем­лекет басшысының елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Астананы көгалдандыру ісінде мәселелер бар екенін айта келіп, жұмыс әдістерін өзгерту қажет­тігіне тоқталғанын еске салды.

«Бұл мәселені зерделегенде бірнеше ауқымды мәселе байқалды. Олардың ішінде екі негізгі әрі ең өзекті мәселені ерекше атап өтуге болады. Біріншісі – су тапшылығы. Мамандардың пікірінше, оны шешудің ең тиімді және ұтымды әдісі – құбыр суын пайдалану. Құбырдағы суда тек табиғи су ғана емес, сонымен қатар ағын су да бар. Оны қайта өңдеуге және барынша пайдалануға болады. Ағаш отырғызу жұмыстары бәсекелес ортаға берілді. Мемлекеттік сатып алуда кім жеңіске жетсе, сол ағаш отырғызады. Мұндағы ең маңызды өлшем – баға. Кон­курстарда жеңіске жеткен компаниялар арзанға сатып алынған көшеттерді отырғызып, кетіп қала­ды. Олар ағаштың болашағына алаң­дамайды. Бұл мәселе де ма­ңызды», деді Жақып Асанов

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері сенаторларға жасыл елорданың жай-күйі және осы ерекше жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы айтып берді. Ал Астана қаласы әкімдігінің басшылығы қаланы көгалдандыру саласының өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарымен бөлісті.

Кездесуге Парламент Сенаты­ның депутаттары, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Астана қала­сы­­­­­ның әкімі Жеңіс Қасымбек, мүд­делі мемлекеттік органдар­­­дың өкілдері және Астана қала­сы мәс­лихатының депутаттары қатысты.

Депутаттар кездесу қоры­тын­дысы бойынша ұсыным­дар әзір­леніп, алдағы уақытта үкіметке жіберілетінін атап өтті.