Саясат • 14 Қараша, 2023

Азия елдерінің ықпалдастығы

111 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордадағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында Азия­дағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары іскерлік кеңесінің (АӨСШК) VI пленарлық сессиясы, сондай-ақ АӨСШК-нің VIII Бизнес форумы өтті. Алқалы жиынға Азия кеңесіне мүше 20 мемлекеттен келген үкіметтік және бизнес топтардың 140-тан астам өкілі қатысты.

Азия елдерінің ықпалдастығы

Іс-шараны АӨСШК Хатшылығы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйым­дастырды. Форум Қазақ­станның ұйым­ға төрағалығы аясында өтіп отыр. АӨСШК кеңістігінде биыл іс­кер­лік ша­ра­ларының күн тәртібі азық-тү­лік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, жаң­ғыр­малы энергия көздерін ілгерілету және жа­сыл қаржыландыру мәселелеріне, сон­­дай-ақ осы саладағы кейбір бизнес, ин­вес­ти­циялық жобаларды таныстыруға арналды.

Іскерлік кеңестің ашылу салтанатына қатысқан Азия кеңесі Бас хатшысы Қайрат Сарыбай сөз сөйледі. Оның айтуынша, Азия экономикасының өсуі мен өңірлік және жаһандық деңгейдегі ма­ңызының артуына байланысты ұйым­дағы экономикалық әлеуетке ие.

«Азия экономикасының жаһандық ішкі жалпы өнімдегі үлесі тұрақты өсіп келеді. 2030 жылға қарай 50 пайыздан асады деген болжам бар. Осылайша, экономикалық өлшемді маңызды етеді. АӨСШК-нің осы өлшемдегі басым бағыт­тары шағын және орта кәсіпкерлікті дамы­ту, энергетикалық қауіпсіздік, ақпа­рат­тық технологиялар, туризм, көлік дә­ліздері, ауыл шаруашылығы, қар­жы, сауда және инвестицияны қамти­ды. АӨСШК Іскерлік кеңесі консуль­тативтік-кеңесші орган ретінде осы тұрғыда мүше мемлекеттердің шағын және орта бизнес ұйымдары мен мем­лекеттік органдары өкілдерін біріктіруде маңызды рөл атқарады», деді Қ.Сарыбай.

Осы орайда, жиын барысында басым бағыттарға сәйкес келетін маңызды тақырыптар талқыланатынын жеткізді. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері, жасыл қаржыландыру және азық-түлік қауіпсіздігі. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бұл мәселелер Азияның болашағын қалыптастырады, алға жылжуына үлес қосады. Тұрақты даму мақсаттарына (SDG) қол жеткізуде маңыз­ды рөл атқарады.

«Шағын және орта бизнес – көпте­ген елдің, әсіресе дамушы мемлекеттер экономикасының ажырамас бөлі­гі. Жұмыс орындарын ашып, эконо­ми­каның дамуына ықпал етеді. Жаһандық бизнестің шамамен 90 пайызын және жұмыспен қамтудың 50 пайыздан астамын құрайды. Шағын және орта бизнес әйелдер мен жастар секілді еңбек нарығындағы осал топтарға мүмкіндік береді», деді Қ.Сарыбай.

Спикер АӨСШК-ге Азия аумағы мен халқының 90 пайызын қамтитын 28 мем­лекет енгенін тілге тиек етті. Мүше елдер арасында шағын және орта биз­нес секторындағы экономикалық ынты­мақ­тастықты ілгерілетуге, дамуына қо­лай­лы жағдай жасау мақсатында тиімді ше­шімдер ұсынуға дайын екенін жеткізді.

«АӨСШК-нің 2022 жылғы VI cаммитінде басталған және биылғы Министрлер кеңесі мақұлдаған аймақ­тық ұйымға айналуы мүше мемлекет­тер арасындағы экономикалық ынты­мақтастық пен интеграцияны нығайтуға жол ашады. Бұдан бөлек, қауіпсіз және тиімді көлік дәліздері мен цифр­лық ин­ф­ра­құрылымды дамытуға бағыт­талған АӨСШК Тұрақты байланыс жөнін­дегі кеңесін құру жөнін­дегі Тұжырым­даманың жобасы қарасты­рылып жатыр.

Сондай-ақ академиялық ынтымақтас­тықты, ғылыми жобаларды және студенттер мен оқытушылар құрамының ұт­қыр­лығын арттыруға бағытталған же­тек­­ші университеттердің серіктестік желі­сін құруда ілгерілеушілік бар. Серік­т­ес­­тік желісі салалық қажеттілік­терді және қалыптасып келе жатқан на­рық­­­тық тенденцияларды шешуге ар­нал­ған бағ­дарламаларды әзірлеуді ынта­л­ан­­дыру арқылы еңбек нарығына оң әсер ету мүмкіндігіне ие», деді Қ.Сарыбай.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төралқа төрағасы Райым­бек Баталов АӨСШК Іскерлік кеңесінде елдер арасында сапалы өзара байланыс пен ынтымақтастық құруға міндетті екенін атап өтті.

«Азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан елдеріміздің тиісті ресурстарға тұрақты қол жеткізуін қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласында тәжірибе алмасуды және озық технологиялар трансфертін арттыруға бағытталған механизмдер мен стратегияларды әзірлеуді қарастыруымыз керек. Бұл өндірістің экономикалық тиімділігін арттыруға, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қажет.

Азық-түлік экспортының саяси маңызы тұрақты түрде арта түсетіні анық. Коронавирус пандемиясының салдары, санкциялар, жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуы, отын-энергетикалық дағдарыс және шиеленіскен геосаяси процестер бұған басты себеп. Мәселен, кейінгі екі жылда азық-түлік бағасы­ның индексі 46,5 пайызға өсті. Мұндай кедергіні Қазақстан секілді экспорттау­шы елдерде өндіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сау­дасындағы кедергілерді жою және транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыру арқылы ғана еңсеруге мүмкіндік бар», деді Р.Баталов.

Баяндамашы Қазақстан мен Орта­лық Азия елдері су ресурстарының тапшылығы проблемасымен бетпе-бет келіп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу, тиісінше, су-энергетика кешенін басқарудың тиімділігін арттырумен және су үнемдейтін технологияларды қолданумен байланысты.

«АӨСШК елдері үшін бір-бірі­мен байланысты екі тақырып – жаңар­тылатын энергия көздері және жасыл қаржы. Жаңартылатын энергия көз­деріне көшу тек экологиялық маңызды қадам емес, сонымен бірге экономиканы дамытуға үлес қосады. Бұл саладағы ынтымақтастық жаһандық климат­тың өзгеруіне ықпал етіп отырған қазба отындарына, көмірге, мұнай мен газға тәуелділікті азайтады. Алайда таза энергетика көздері кеңеюге тиіс. Қазіргі таңда электр энергиясының 29 пайызы ғана жаңартылатын көздерден алынады», деді Р.Баталов.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы қазақстандық басым бағыттарға нақты тоқталып, шетелдік серіктестермен өзара тиімді байланыс орнатудың өзек­ті аспектілерін көрсетіп берді. Осы орайда ол Азия кеңесі ұсынып отыр­ған мұндай көпжақты алаңдардың іргелі істер­ді ілгерілетуге игі әсерін тигізеті­нін тілге тиек етті. Іс-шараға қатысылу­шы­ларды құттықтаған Сыртқы іс­тер министрінің орынбасары Нәзира Нұр­баева Іскерлік кеңес­тің рөліне, сондай-ақ іскерлік топ­тардың халықаралық ынтымақтас­тық­ты жолға қоюына айрықша назар аударды.

Басқосуда Қазақстан, Қытай, Ресейдің АӨСШК Іскерлік кеңе­сін­дегі өкілдері, сондай-ақ ЭСКАТО, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйы­мы, Еуразиялық даму банкі секілді халық­аралық ұйымдардан шақырылған маман, сарапшылар өз тәжірибелерімен, сараптамаларымен бөлісті.

Отырыс қорытындысы бойынша Іскерлік кеңес VІІ Пленарлық сессияны 2024 жылдың 3-4 тоқсанында өткізу жөнінде шешім қабылдады. Онда шағын және орта кәсіпорындардың қызмет көрсету аспектілері, жасанды интеллект, әйелдердің рөлі, тұрақты даму, цифрлық сауда, өндірістік ұқсату тізбегі, логистика  секілді өмірдің өзекті проблемалары талқыға түсетін болады. Сонымен бірге АӨСШК Iскерлік кеңесі мен АӨСШК Сараптамалық орталықтары форумының бірлескен екі жобасын жүзеге асыру бас­тамасы мақұлданды.

Іскерлік бағдарламасы Қазақстан, Тәжікстан және Ресейдің инвестициялық ахуалы мен мүмкіндіктері туралы тұсау­кесерлер сериясымен аяқталды. АӨСШК елдері аудиториясында мұнымен қатар агроөнеркәсіп, жасыл энергия және смарт фермерлік саласы бойынша бір­қатар қызықты жоба ұсынылды.