Хоккей • 13 Қараша, 2023

«Северстальды» сан соқтырды

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) қа­тарынан үш ойында ұтылып, жанкүйер­лер­ді әбден мезі еткен «Ба­рыс» осы жолы әупірімдеп жүріп жеңіске жетті.

«Северстальды»  сан соқтырды

Череповецтің «Северсталін» қабылдаған елордалық клуб бірінші кезеңде тізгінді қонақтаға беріп қойды. Олар өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланды. 17-минутта Никита Коростелёв есеп ашты. Есесіне үзілістен кейін қарқынын күрт күшейткен «Барыстың» хоккейшілері қатарынан үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Әділ Бекетаев (28-минут), Кирилл Савицкий (30-минут) және Батырлан Мұратов (33-минут). Үшінші кезеңде ойын саябырсыды. Қос тараптан да екпінді шабуыл мен қарқынды әрекеттерді байқамадық. Десек те бәсекенің 51-минутында Мұратов тағы да мергендік танытты. Есеп – 4:1.

31 кездесуден кейін 25 ұпай жиған «Ба­рыс» қазіргі кезде тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 20-орынды қанағат тұтуда. Өзінің келесі ойынын астаналықтар 16 қарашада Челябіде жергілікті «Тракторға» қарсы өткізеді.