Қазақстан • 13 Қараша, 2023

Қазақ, башқұрт – бір туған

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресейдің «Ауыл шаруашылығы – қуат­­ты экономиканың не­гізі» атты ХІХ Өңіраралық ын­ты­­мақтастық форумы аясында Шығыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Ермек Көшер­баев Башқұртстан Респуб­ликасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ильшат Фазрах­ма­новпен екіжақты кездесу өткізді.

Қазақ, башқұрт – бір туған

Селекцияны, туризмді, ара шаруа­шылығын дамыту мәсе­лелері талқыланды.

– Біздің өңірлер екі елдің өзіндік бал астаналары болып табылады. Тозаңдану, аналық бал басын дамыту, жаңа бал сұрыптарын жасау, сондай-ақ оларды өңдеу мәселелерінде біз көшбасшы болуымыз керек. Ол үшін барлық мүм­кіндіктеріміз бар, – деді әкім Ер­мек Көшербаев. – Егер қажет болса, біз омарташыларымыздың бір­лескен қауым­дастығын құра­тын боламыз.

Бұл тұрғыда Ресейдің Баш­құрт­стандағы бал араларын генетикалық сараптау бойынша жалғыз зертханасы қызығушылық тудырады. Айтпақшы, 250 мың ара ұясы бар және жеті мың тонна тауарлы бал өндіретін рес­пуб­ликада сапалы бал беретін орта­орыстық тұқым – қара орман арасын өсіруге басымдық берілген.

Сонымен қатар логистиканың қазіргі заманғы бағыттарының өзектілігін ескере отырып, аймақ басшысы Башқұртстанның серік­тестеріне Қытаймен шекаралас аудандарға жақын ШҚО аумағында бондтық қой­малар құруды ұсынды. Шығыс Қазақстан ҚХР-мен сауда жасау кезінде Башқұртстанның бизнес-топтары үшін логистикалық қызметтердің барлық түрлерін көрсетуге дайын.

Башқұртстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі соңғы екі жылдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, Баш­құртстан қарқынды дамып келе жатқанын хабарлады. Ауыл ша­руашылығы өнімдерін қайта өндіру дағдарысының проблемасы кейінгі уақытта жаңа өткізу нарықтарын, атап айтқанда Қы­тайға ашу арқылы шешілуде. Бұл орайда Шығыс Қазақстан об­лысы башқұрт тауарлары үшін тран­зиттік хабқа айналуы мүмкін еді.

– Біз жақын арада туризмді дамыту бойынша екі мыңға жуық жол бойындағы сервис нысанын салуды жоспарлап отырмыз. Баш­құртстан қымыздың жүз түрлі түрін өндіреді. Бізде көш­пелі мәдениет дамыған, осы­ның бәрі елімізге келетін туристерге қы­зық­ты, – деп атап өтті Баш­құрт­стан делегациясының басшысы.

Тараптар ШҚО-дан Уфаға Ха­лықаралық бизнес апталығына, соның ішінде туризм саласында тәжірибе алмасу үшін мамандар жіберуге келісті.

Сондай-ақ Ермек Көшербаев башқұрт­стандық әріптестерін қараша айының соңында өтетін бүркітші фестиваліне қатысуға ша­қырды.

– Біз бәсекелеспеуіміз керек, керісінше, кооперациялануымыз керек. Шығыс Қазақ­стан ин­­вес­­торлар үшін барлық қа­жетті жағ­дайды жасауға дайын. Біз­дің міндетіміз – биз­неске мүм­кін­діктерді көрсету. Бұдан әрі кәсіп­керлер өздері әрекет ете бас­тай­ды, – деп қорытындылады Шығыс Қа­зақ­стан облысының әкімі.