Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жуырда Астанада «Медбике ісінің үштұғырлығы: клиникалық тәжірибе, зерттеу және білім беру» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда әлемдік тәжірибедегі бірегей инновацияны дамытудың жетістіктері мен келешегі қаралды. Бұл жөнінде Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров тарқатып айтты.
– Қазақстанда медбикелік білім беруді жетілдіруге бағытталған AccelEd жобасына Литва денсаулық ғылымдары университетінен, JAMK қолданбалы ғылымдар университеті және Финляндияның Або Академия университеті, Нидерландының Утрехт университеті, Назарбаев университетінің медицина мектебінен, Астана медициналық университетінен, Қазақ ұлттық медицина университетінен, Қарағанды медицина университетінен, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынан академиялық серіктестеріміз қатысады. Медбике ісінің даму тенденциялары қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде мекбикенің рөлі айтарлықтай жоғарылағанын көрсетеді. Медбике мамандарының жұмысына ғылыми көзқарас пен дәлелді тәжірибені енгізу – медбикені тәуелсіз медбикелік шешім қабылдайтын, дәлелді медбикелік күтімді жоспарлайтын және жүзеге асыратын дәрігердің тең құқылы серіктесіне айналдырды, – дейді Қ.Надыров.
AccelEd жобасы магистратура деңгейінде медбике ісі бойынша білім беруді нығайтуға және елде медбике ғылымы бойынша PhD докторантура бағдарламасын құруға бағытталған. Бұл білім беру бағдарламаларының түлектері денсаулық сақтау саласында ерекше сұранысқа ие. Мысалы, Астана медицина университеті магистратура бағдарламаларын енгізген тұстан бастап медбике ісі бойынша 32 магистр дайындаған. Қазір «Медбике ісі ғылымы» бағдарламасы бойынша 5 докторант білім алып жатыр екен. Ал келер жылы баршамыз медбике ғылымы бойынша білім алған елдегі алғашқы докторлардың қуанышына куә боламыз. Иә, жыл өткен сайын медбикелердің құзыреттілігі артып келеді. Оларға білім беру қолжетімді әрі сапалы бола бастады. Бұл жоба магистратура және докторантура деңгейінде медбикелік білім беру ісін нығайтуға, медбике ғылымының өркендеуіне тың серпін береді.