Спорт • 13 Қараша, 2023

Арайлымның алтыны

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Самбодан Арменияның бас шаһары Ереванда өткен әлем чемпионатының соңғы күні Қазақстан құрама командасының қоржыны тағы екі жүлдемен толықты. Анықтап айтсақ, Арайлым Әбенова алтыннан алқа тағып, Әлібек Зекенов қола медальді мойнына ілді.

Арайлымның  алтыны

Жарыстың алғашқы екі күнінде Маргарита Ба­жаева (50 кг) мен Ерасыл Қой­шы­баев­тың (88 кг) – күміс, ал Гүл­дана Әлментаева (54 кг), Ар­­нұр Қуантай (71 кг) және Шы­нар Абатова қола жүлдені ие­­ленгені жайында біз бұған дейін де жазғанбыз. Алайда қоржынымызда алтын медальдің болмауы біздің көңілімізге селкеу түсірді. Кеше сол олқылықтың орны толды. +80 кг салмақта күш сынасқан Арайлым Әбенова филиппиндік Сидней Си мен румыниялық Бьянка Проданы ұтып, финалда Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүрген Жанара Құсановамен кездесті. Орынбор облысының тумасы кезінде қыздар арасында әлем чемпионы атанды. Әйелдер сайысында да ол өзін жақсы қырынан көрсете білді. Қандасымыздың әлем чемпионатының қола және Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, Ресей чемпионаты мен кубогінің үш дүркін жеңімпазы деген атақтары бар. Қос қазақ қызының айқасы өте шиеленісті өтіп, бұл бәсекеде Жанардың бағы жанды. Осылайша, Әбенова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

98 кг салмақ дәрежесінде күрес­кен Әлібек Зекенов моң­ғолиялық Гаажадамба Бан­ұңх пен филиппиндік Си Шиноға шаң қаптырғанымен, жартылай финалда армениялық Давид Григоряннан айласын асыра алмады. Ал қола медаль үшін тартыста ол тәжікстандық Бахтовар Замировті тізе бүктірді.

рро

Сөйтіп, 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медальді иеленген Қазақ­станның самбошылары әлем чем­пионатының жалпы командалық есебінде үшінші орынға тұрақ­тады. Бірінші орында – Ресей құрамасы. Олар 7 алтын, 1 күміс және 3 қоланы олжалады. Екінші сатыға Өзбекстанның балуанда­ры жайғасты. Ала тақиялы ағайындарымыз 2 алтын мен қола жүлдені еншіледі.