Ағартушылық жолды ұстанған жобаның авторлары – Диас пен Айгерім Камеридановтар. Алғаш бастаманы блог ретінде жүргізген олар қазір Алаштың тарихы мен мәдениетіне, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жан-жақты ой орамдарын тыңдауға ұмтылған жастардың басын қосып, офлайн кездесулер өткізіп жүр.
«Диас екеуіміз ойлана келе, жаңа форматқа көшудің жолын қарастырдық. Бетпе-бет жүздесіп қабылданған ақпараттың әлеуеті басым екені айқын. Сондықтан алғашында оқырмандар арасында бір кітапты таңдап, оны оқып, түйгенімізді талдау, талқылау мақсатында кездесулер ұйымдастырып жүрдік. Бүгінде оның аясы ұлғайып, talks деңгейіне жетті. Оны «Unknown Kazak talks» заманауи қазақ интеллигенциясы деп атадық. Қазір төрт қалада өткізіліп тұрады. Жұмыстың ортасын, танымалдылығын арттыру мақсатында әзірге спикер ретінде көптің алдында сөз бастай білген медиа өкілдерін, белсенділерді шақырып жүрміз. Жоспар бойынша кейін алаңға айтары бар тұлғаларды тартамыз. Біздегі тағы бір ерекшелік – кездесудің бәрі тегін», деді А.Камериданова.
Көптің көңілінен шыққан talks-тың біріне біз де қатысып көрдік. Шақырылған спикерлердің бедел-белсенділігінен болар сағат 12.00-де басталатын жиынға, көпшілік 11.00-де келіп, Экспо-ның конференц алаңын бірден толтырды. Бұдан елордалық жастардың толық ана тіліндегі жиындарға сусап жүргенін аңғардық. Кездесу әнұранмен басталды.
«Мұндай басқосулардан қалмаймын. Әр спикерге 20 минут бөлсе де, жаңа адамдармен танысуға, ақпарат алмасуға жол ашады. Біз үнемі әлеуметтік желіден бақылайтын, ойымыз ұштасатын белсенділерді таңдап, шақыратыны ерекше ұнайды. Мәселен, бір talks-та педагог, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын зерттеуші Ескендір Бестай баяндама жасады. Бұған дейін YouTube платформасында подкасттарын тыңдап, сұхбаттарын қарап жүрдім. Себебі маған білім беру саласындағы белгілі бір әдістемелер қызықты. Сондықтан жастардың басын қосатын, заманауи әрі қазақы танымды кеңітетін алаңдардың көп болуы өте керек дүние», деді қала тұрғыны Сымбат Әбіл.
Күні бүгінге дейін кездесулерде көп алдында сценарист, жазушы Перизат Мырзахмет «Қазақтың құпия қаруы – сөз», дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев «Театр және Голливуд фильмдерінің дубляжы», мәдениеттанушы, аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай «Қазақ тілге қайтар жолым», IT саласының маманы, Орталық Азия бойынша Google бағдарламашылар ұжымының үйлестірушісі, жеті жыл АҚШ және Канадада өмір сүрген Мақсат Қадыров «Есің барда еліңді тап», білім беру саласындағы кәсіпкер Дайана Портнягина «Қазақтар сахаларды танып, қолда бар алтынын қадірлесе екен деймін», Кембридж университетінің түлегі, «Astana Garden School» негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаев «Қазақ білімін не үшін брендке айналдыруымыз керек?», медиа, анимация, әдебиет және музыка салаларының маманы Мақпал Жұмабай «Қоғамды өнер арқылы өзгертуге бола ма: ÖzgeEpic жолы», алаштанушы Елдос Тоқтарбай «Алаш элитасы: тұлғалық даму, көшбасшылық, зияткерлік» тақырыбында және тағы басқа қоғам белсенділері баяндама жасады.
«Алаш қайраткерлерінің әрқайсысы ең соңғы сағатын, ең соңғы күнін «Ертең болмай қаламын» деген мақсатта өткізді. Уақыт құндылығының жарқын көрінісін биыл туғанына 130 жыл болған Сұлтанмахмұт Торайғырұлынан көреміз. Ақын, ағартушы 27 жыл ғана ғұмырында 1 роман, 5 поэма, 170 өлең, 28 мақала жазып кеткен. Қайраткердің Жүсіпбек Аймауытұлына жазған хатында: «Жұмасына екі рет «обед» етем құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. «Кинематограф», вечерлерге бір мәрте болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Әкем менен малын не аясын? Бірақ ел болып қорқып, атты алады, малды талайды деп қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын…Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да көтерем, бірақ көңілім оқуда болмақ…» деп жазады. Сондай-ақ ол тағы бір сөзінде «Құдай маған бір жыл ғұмыр беретін болса, мен шет тілдерінен һәм хатыменен толық үйреніп алғым келетін тілдер бар. Олар: ағылшын, неміс және француз тілі» деп көрсетеді. Ағартушы тек Троицк медресесін оқыған, мұғалімдер семинариясына қабылданған. Бірақ денсаулығына байланысты оқи алмаған. Кейін Том қаласына барып, кейін Алашорда үкімет мүшесі болған Әлімхан Ермекұлының жатақханасында жатып, орыс тілін үйреніп алған. Біртуар тұлғаның қалдырған бір керемет сөзі: «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген ұранды 21 жасында жазып кетті», деді Елдос Тоқтарбай.
Алаштанушы қазақтың осындай біртуар нар тұлғаларының өмірлерінен өнегелі фактілерді келтіре отырып, жиылған жастарды еңбек етуге, талаптануға, ұлтқа қызмет етуге үндеді. Тағы бір кездесуде Ирина Кайратовнаның мүшесі, сценарист, музыкант Алдияр Жапарханов отандық өнімді ілгерілетуге тұсау болатын дүниелерді тізбектейді. Оған мысал ретінде қазақ футболының мәселесін алған.
«Егер елдегі футболды барып көрсеңіздер, жалпы қазақ қоғамының проблемасын көруге болады. Біріншіден, инфрақұрылым. Республикада «жақсы» деген екі-ақ стадион бар. Ол «Astana Arena» және Алматы орталық стадионы. Басқа өңірдегі алаңдардың көпшілігі кеңес өкіметі кезінде салынған. Салдарынан ірі матчтар жергілікті аймақтарда өткізілмейді. Бұл фактордың ар жағындағы негізгі мәселе – сыбайлас жемқорлық. Италиядағы Удине қаласынан шыққан «Удине́зе» футбол командасы бар. Олардың стадионына шамамен 25 мыңнан аса адам сыяды. Негізі кезіндегі сыйымдылық 40 мың болған. Жөндеу жұмыстарынан кейін азайды. Сол стадионды салуға 15 млн еуро кеткен. Тағы бір мысал, Түркістандағы арена. Басында жауаптылар халық сыйымдылығы 25 мың болады деген, жарты жылдан кейін 15 мың, араға уақыт салып ол 8 мыңға дейін түседі. Бірақ бөлінген қаржы азаймаған. Сол жерде Қазақстан премьер лигасының бірінші туры өтті. Алғашқы матчта-ақ шатыры ұшып кетеді. Екіншіден, футбол көруге келгендердің басым бөлігінің мәдениеті төмен», деді ол.
Спикер сөзін қай салада болсын сыбайлас жемқорлықтың салдары бүтін бір елдің дамуын тежейтінін айтып түйіндейді. Бұл тезистер адамды ойландырмай қоймайды. Осылайша, өзекті мәселелерді көтерген «Unknown Kazak talks» жобасы айтары бар, сыни көзқарастағы жастардың басын жиі қосуды жоспарлап отыр.