Бүгінде бағдарлама шеңберінде үш қалада 10 мыңға жуық үй жалға берілген. Үкімет жұмыс істейтін жастарға 2025 жылға дейін 12 мың баспана бөлуді жоспарлап отыр. Жоба шарты бойынша үш жыл өткеннен кейін жалға алушы бөлінген тұрғын үйді босатуы керек. Мұндағы басты мақсат – 35-ке дейінгі отандастарымызға баспана сатып алу үшін алғашқы жарна жинауға қолдау білдіру.
«Былтырға дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар енсе, биылдан бастап жас шегі 35 жасқа дейін ұзартылды. Алдыңғы уақытта үйлер 5 жылға берілген еді. Қазір 3 жылға қысқартылды. Олардың міндетті түрде зейнетақы қорында аударылған міндеттемелерімен бірге ресми түрде жұмысы болуы керек», деді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекова.
2023-2025 жылдары қалалардың әрқайсысында қосымша 3 мың жалға беру пәтерлерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 32,3 млрд теңге бөлу жоспарланыпты. Елордада 770 жас пәтермен қамтылады. Бір ерекшелігі, баспана жалдау бағасы шарықтап тұрғанда, бұл үйлердің ай сайынғы төлемі небәрі 5000-15000 теңге болады. Астанада құжаттарды қабылдау мерзімі 6 қарашадан 12 қарашаға дейін «qatysu.zhilfond.kz» порталы арқылы электронды түрде жүргізілді. Ал Шымкенттік жастар 8-10 қараша аралығында «kezekte.kz» порталында электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш берді. Биыл өңірде жыл соңына дейін «Тұран» шағын ауданында орналасқан 800-ден аса пәтерді жалға беру көзделген. Алматыда мыңға жуық пәтер қарастырылыпты.
Жоба талабы бойынша «Жастар» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын басты талаптар: азаматтың жасы 35-ке толмаған, жұмыс істейтін болуы; орта, орта-арнайы, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы және ресми жұмыс орны болуға тиіс; өтініш берушінің Астана, Алматы, Шымкент қаласында өтінім бергенге дейін кейінгі 3 жылдан кем емес тұрақты тіркеуде болуы; Астана, Алматы, Шымкент қаласында өтініш берушінің отбасы мүшелерін (жұбайы және балалары болған жағдайда) тұрақты тіркеуі болуы; өтініш берушіде және отбасының барлық мүшесінде Қазақстан Республикасы бойынша меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сондай-ақ өтінім берген кезде кейінгі 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы; төлем қабілетін растау (соңғы 6 айда өтініш берушіде ай сайынғы табысы кемінде 40 АЕК немесе 138 000 теңге болуы керек).