Ауыл • 13 Қараша, 2023

Байланыстан тыс қалған ауылдар

198 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жетісуда 20 ауыл байланыс аясынан тыс жерде. Бүгінде өңірдегі 352 елді мекеннің 287-і мобильді интернетке қол жеткізіп отыр, ал 65-інің жайы мәз емес. Ондағы халық тау-тасты, төбені жағалауға мәжбүр. Ол ол ма, солардың ішінде 135 ауылдың тұрғындары 4G-ға тіркелген, қалғанының ұялы телефоны 3G-ді әрең ұстайды. Тіпті облыс орталығына жақын кейбір ауылда мәселе толық шешілмеген.

Байланыстан тыс қалған ауылдар

Қазір, интернетсіз бір минут та шыдап отыра алмайсыз, жұмысыңыз онсыз тиянақталмайды. Мектеп мұғалімі болсаңыз, тіпті қиын. «Кundelik.kz»-ті уақытында толтырмасаңыз басшылықтан сөгіс естуіңіз мүмкін, ол сіздің апталық рейтингіңізге де әсер етеді. Сол 20 ауыл­да қаншама оқушы, мыңдаған халық барын білсеңіз ғой. Олардың жаңайқайы орынды. Кейбір ата-аналар қаладағы бала-шағасымен еркін сөйлескісі келеді. Күнделікті хат алмасып отыруға асық. Ал бұған Жетісудың интернеті ырық бермейді. Қанша жылдан бері ретке келмеген саланың жайы қарапайым халықтың әбден ығырын шығарған.

Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Абай ауылына бара қалсаңыз әлемнен тысқары ортаға тап болғандай боласыз. Себебі мұнда интернет пен мобильді байланыс ретке келмеген. Сол ауылдың тұрғыны Алма Есболғанова осы жайтты ескере отырып, ата-аналар атынан аудан әкіміне хат жолдаған.

«Мен Абай ауылының тұрғынымын. Ескелді ауданына қарасты Абай ауылы Карабұлақ кентінен 5 км қашықтықта орналасқан. Біздің ауылдың басты мә­селесі – интернет және мобильді бай­ланыс. 2022 жылы ауылға әкімдік қара­жатынан 50 дана Транстелеком интернет Wi-Fi желісін 50 ғана тұрғын үйге тегін қойып берді, басқа тұрғын үйлерге жетпеді. Қазір Транстелекомнан өз еркі­мен интернет орналастыру әр тұрғын үйге ақылы 50 мың теңгені құрайды, ауыл адамдарының мүмкіндігі шектеулі. Жақын орналасқан ауылдарда интернетпен ешқандай мәселе жоқ, нақты біздің ауылда қашаннан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Сол себептен сізден  өз тарапыңыздан Абай ауылы­на Транстелеком Wi-Fi желісіне қол жет­кізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұ­рай­мын», дейді ауыл тұрғыны.

Жетісу таулы өңір болғаннан кейін, сол маңайды паналаған халықтың дені интернеттің азабын шегіп жүр. Соның бірі жоғарыда айтылған – Абай ауылы. Жұрт жанынан жолданған хатқа әкімдіктен арнайы жауап та келген. Дегенмен бұдан екінші тараптың да қолы қысқа екенін аңдауға болады.

«Мобильді байланыс жүйесі бойын­ша әкімдік тарапынан, Tele2 және «Кар-Тел» ЖШС-ға (яғни Beeline) байланыс жүйесінің мұнарасын орнату туралы хат жолданып, мұнара қойылатын орын белгіленді. Қазір байланыс жүйесі республикалық деңгейдегі мәселе болған­дық­тан, мемлекеттен қаражат бөлі­нуі­не байланысты «Кар-Тел» ЖШС-да қа­рас­тырылып жатыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындары жылдамдығы 20 мБт сымсыз интернет желісін пайдалануда, қосылудың біржолғы төлемі 50 мың теңгені құрайды. Осыған орай, өз тарапымыздан «Транстелеком» АҚ-сына хабарласып, ауыл тұрғындарына интернет қосуға біржолғы төлемін азайтуға немесе басқа да жеңілдіктер сұрастырылған болатын, айтуы бойынша жеңілдік ретін­де біржолғы төлемді бөліп төлеуге, яғни: бі­рінші ай 20 мың теңге, әрі қарай екі ай 15 мың теңгеден бөліп төлеуге болатын­ды­ғы айтылды. Жылдамдығы 20 МБт сым­­сыз интернет желісінің ай сайынғы тариф­­тік жоспарының ақысы 4 мың теңгені құрай­ды. Егер де аталған желіге қосылғы­ңыз келсе «Транстелеком» АҚ-сына жолы­ғып, өтінім қабылдауларыңызға бола­ды», дейді аудан әкімінің аппарат басшы­сы Берік Дүйсебаев.

Әйтсе де, бұл жауапқа ауыл тұрғын­дары қанағаттанбай отыр. Талай жылдан бері интернеттің қиындығын көрген халықтың көңілі күпті. Оның үстіне 50 мыңдық біржолғы төлем қалтаға үлкен салмақ. Қазір оның бағасы да қымбаттап кеткен. Біз тақырыпқа орай, облыстық цифрлық технологиялар басқармасынан арнайы анықтама сұратқан болатынбыз. Олардың мәліметінше, қолданыстағы «талшықты-оптикалық байланыс желі­лері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімді­лік­пен қамтамасыз ету» жобасын кеңейту шеңберінде Қазақстан Республикасы­ның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бұрын талшықты оптикалық байланыс желілері жобасына кірмеген 171 АЕМ бойынша ақпарат, сондай-ақ аз қоныс­танған ауылдық елді мекендерге дейін спутниктік арналарды ұйымдастыру үшін 33 АЕМ бойынша ақпарат жіберілген.

«Қазір мобильді интернетке ауылдық елді мекеннің 81,5 пайызы қол жеткізе алады. Қолжетімді емес – 65. Сондай-ақ «250+» жобасы аясында Жетісу облы­сында мобильді интернет 43 АЕМ-ге жет­кізілді. 50+ жобасы бойынша облыс­­тың 17 АЕМ-де 2025 жылға дейін «Қазақ­телеком» АҚ-ның еншілес компаниясы «Востоктелеком» ЖШС-мен интернет жүргізу жоспарланып жатыр. 12 АЕМ-де мобильді желілер сигналының сапасын және интернетке кіру жылдамдығын өлшеу 2023 жылға жоспарланған», дейді басқарма қызметкерлері.

Бүгінде Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігімен бірлесіп Жетісу облысының елді мекендерінің интернет желісіне са­па­лы кең жолақты қолжетімділікті қам­та­масыз ету бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта жол картасы мобильді операторлармен келісу деңгейінде. Сондай-ақ мобильді операторлармен бірлесіп, республикалық және негізгі облыстық автожолдарды сапалы ұялы және интернет байланысымен қамту үшін қажетті антенна-мачталық құрылыстардың санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Биыл жыл басында облыс тұрғын­дарын интернетпен қамтамасыз ету бо­йынша түйткілді мәселелерді шешу мақса­тында Цифрлық технологиялар бас­қармасы мен «Қайнар-Медиа» ЖШС ара­сында ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойылды. Осы меморандум шең­берінде халықтың әлеуметтік осал топ­тары интернетті өтеусіз негізде қосуға, сон­дай-ақ ай сайынғы тарифтерге жеңіл­діктер алуға мүмкіндік беріледі. Бұл ын­ты­­мақ­тастықтың негізгі бағыттарының бірі.

Сонымен қатар 24 тамызда бай­ла­ныс сапасын және интернет желі­сіне қол­жетімділікті арттыру мақса­тында Жетісу облысының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы меморандум шеңберінде ынтымақтастық бағыттарының бірі – базалық стансалар санын кезең-кезеңімен ұлғайта отырып, осы жылдың соңына дейін Талдықорған қаласының аумағында 5G желісін іске қосу жұмысы басталады.

«Бүгінде облыста 352 ауылдық елді мекендердің 332 АЕМ (94,3%) интернет желісіне түрлі технологиялар бойынша қол жеткізе алады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі іске асырған «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» Жобасы бойынша Жетісу облысында ТОБЖ жоспарға сәйкес 93 ауылға (242 ұйым) жеткізілді», дейді жауапты мамандар.

2025 жылға қарай облыс орталығы Талдықорған қаласының өзі толықтай 5G желісіне қосылады. Ұялы байланыс пен интернет облыстағы тағы 49 елді мекенде пайда болмақ. Қазір байланыс операторларымен шалғай және жету қиын ауылдарға антенналық діңгек құрылымдарын орнату жұмыстары жүйеленіп жатыр. Бұған дейін жергілікті тұрғындардан бірнеше мәрте өтініш түскен.

Облыс орталығына жақын орналас­қан, бірақ жоғары жылдамдықты интерне­тпен әлі қамтамасыз етілмеген «Ынты­мақ» шағын ауданы мен Өтенай ауылының ­да алдағы уақытта мәселесі шешіледі. Олар­ға интернет желісін тарту ісі аймақ­тық провайдерлік компаниямен келісілген.

Жетісуда орталықтан өте шалғайда орналасқан шекаралық ауылдар жетерлік. Оларды да интернет түйткілі төңіректеп жүр. Қаншама жылдан бері қордаланып қалған мәселені шешу оңай емес, дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды толық мобильді байланыспен қамтуды тапсырды. Ендеше, Үкімет қалай болғанда да халықтың сұранысына сай жұмыс істеуге міндетті.

 

Жетісу облысы