Спорт • 14 Қараша, 2023

Қатарда капитан мен сұрмерген жоқ

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Магомед Адиев баптайтын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу туры аясындағы ақырғы екі матч ойындарына қатысады. 17 қараша күні  «Астана Арена» стадионында Сан-Марино футболшыларына, 20 қараша күні сырт алаңда Словения ұлттық құрамасына қарсы тартысқа түседі.

Қатарда капитан мен сұрмерген жоқ

Фото: qazsporttv

Бас бапкер маңызды екі матчқа даярлық өткеруге 27 футболшыны шақыртты. Бірақ бұл тізімге құраманың капитаны Асхат Тағыберген енген жоқ. Премер-лиганың  кезекті матчында («Ордабасы» – «Шахтер») аяғын сындырып, ауыр жарақат алған саңлақ екі матчқа да қатыса алмайтын болды. «Жығылғанға жұдырық» болып, Түркияның «Бешикташ» клубында ойнайтын футболшымыз, ұлттық құрама сапында ең көп гол соғып, мергендер көшін бастап тұрған Бақтиер Зайнутдинов та ауыр жарақаттанды. Дәрігерлер алдағы екі ойынға қатысуға рұқсат берген жоқ.

Ұлттық құрама сапына шақырылған өзге ойыншылар жаттығуды жалғастырып жатыр. Ресейлік клубтарда ойнайтын Нұрәлі Әліп,  Марат Быстров, Лев Скворцов және Словенияның «Копер» клубындағы Рамазан Оразов сапқа қосылып, ұжымды нығайтты. Маңызды екі матчта Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе,  Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі бұйырады.