Биылғы маусымның соңғы рейтингтік жарысында Қазақстанның 20 балуаны бақ сынайды. Ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов 14 шәкіртіне сенім артып отыр. Олардың қатарында Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов (60 кг), әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Азия чемпионы Данияр Шамшаев (73 кг) және жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының жеңімпазы Бекарыс Сәдуақас (100 кг) сынды саңлақтар бар. Олардан бөлек, Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Нұрзат Сәлімбаев (66 кг), Асқар Нарқұлов (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Руслан Мұсаев (81 кг), Айдар Арапов (90 кг), Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) және Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) татамиге шығады.
Әйелдер командасының аға жаттықтырушысы Ерлан Алпысбаев Әбиба Әбужақынова (48 кг), Ғалия Тынбаева (52 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Назгүл Маратова (+78 кг) және Кәмила Берлікашқа (+78 кило) сенім артып отыр.