Футбол • 14 Қараша, 2023

Ауыл футболына демеуші табылды

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниеге ортақ футбол ойыны ауыл балаларына таңсық емес. Аладоп аяққа ілінсе, қолдан қақпа жасап, екіге жарыла жарыса кету – үйреншікті әдіс. Жасыл алаң, жақсы доп болмаса да футболдан хабары бар әр бозбаланың көкейінде аты аңызға айналған Пеле, Марадонадан бастап, бүгінгі Роналду, Мессидің ойын өрнегі тұрары хақ.

Ауыл футболына демеуші табылды

 Бұларға қоса отандық фут­бол­шыларымыз Абат Айым­бетов, Асхат Тағыберген, Бақ­тияр Зайнутдинов, Исламбек Қуат, Абзал Бейсебековтердің ізінен ілескісі келетін ауыл балаларының қиялына қанат бітіріп, оларды спорттың осы түріне баулуды ниет еткен журналист әрі спорт жанашыры Серік Мәмбетов допқұмар балалардан жасақталған ко­мандалардың жаттығуына, жа­рыстарға қатысуына, бір сөзбен айтқанда, ауыл футболын дамыту мақсатында республикалық «АуылФутбол» жобасын жүзеге асы­руға кірісіп кеткелі үш жыл­дың жүзі болды. Осы уақыт аралығында жоқтан бар жасап, бірқатар іске ұйытқы болғаны белгілі.

басына

Жуырда аталған жобаға «Ха­лық» қайырымдылық қоры көмек қолын созып, екіжақ­ты меморандумға қол қойды. Қа­расай ауданы Жібек жолы ау­лындағы «Ақ-Барыс» спорт кешенінде өткен игі іс-ша­­раға «АуылФутбол» жоба­сы­ның негізін қалаушы Серік Мәм­бетов және «Халық» қа­йы­рым­дылық қоры Алматы об­лыс­тық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов қа­тысты. Сондай-ақ жан жылытар жа­ңалықты естіген ауылдағы футбол командалары мен ата-аналар жиналып, өзге өңірлерден ат терлетіп жеткен спорт жанашырлары да төбе көрсетті.

«Екі ұлымды футбол ойнату үшін қалаға тасымалдаумен, кептелісте тұрумен күніміз өтетін. Оған екінің бірінің мүм­кіндігі бола бермейді. Осыны ескере келе Райымбек ауылынан команда құруды қолға алған едік, алғашында 25 бала жинала кетті. Осыдан-ақ ауыл балаларының футболға деген қызығушылығын, ынтасын көрдік. Содан бергі үш жыл ішінде 120 бала тұрақты түрде футболмен айналысып жатыр. Ауылда стадион жоқ. Соған қарамастан мектептердің алаңында жаттыққан жас фут­болшылардың жетістіктері аз емес», дейді «АуылФутбол» жо­ба­сының жетекшісі С.Мәмбетов.

Десе де, бар мәселенің қар­жыға тірелері айтпаса да тү­сінікті. Осы бір түйткілдің түйі­нін тарқату жолында «Ха­лық» қайырымдылық қоры аталған жобаның жандануына қолұшын беруді жөн санапты. Алдағы уақытта ауылдағы жас өскіннің футбол ойындарына қатысып, шынығуына, додалы жарастарда бақ сынасуына үлкен мүмкіндіктер туады.

Өз кезегінде бас демеушілер 100 ауылдың балалар футбол коман­дасына жаттығу жабдық­тарын сатып алуға жәрдемдесуді, ауыл командалары арасында 17 облыстық турнир және рес­публикалық деңгейде финалдық турнир өткізуді, 100 ауыл жат­тықтырушысын УЕФА-ның «D» санаты бойынша оқыту, сон­дай-ақ Алматы облысы құ­рама командаларының оқу-жат­тығу үдерісін және олардың бедел­ді жарыстарға қатысуын қам­тамасыз етуді өз міндетіне алып отыр. Жыл он екі айда жүзеге асатын жұмыс жоспар аясында 3 мыңнан аса ауыл баласын қамту көзделген.

Бұған дейін биыл маусым айын­да «Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысынан келген 200-ден аса жас футболшының басын қосқан екі күндік Halyk Open Cup турниріне демеушілік жасады. Үздік ойыншылардан Алматы DUFL лигасы мен Алматы балалар лигасына қа­тысатын команда жасақталды.

Қор команданы қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қалаға жеткізу ақысын төледі. Нәтижесінде, 2013 жылы туған балалардан құралған «АуылФутбол» командасы DUFL қола жүлдегері атанса, ал 2014 жылдан кейінгі туған ба­лалар командасы Алматы Ба­ла­лар лигасының чемпионы бол­ды. Қордың «АуылФутбол» жобасын қолдауы табысты әрі тиімді болуда, оған ауылдық балалар футбол командалары арасында қызығушылықтың артуы және «АуылФутбол» жобасы ауқымының кеңеюі дәлел.

Halyk Open Cup турнирі өт­кеннен кейін «АуылФутбол» жо­басы ауылдардағы балалар командалары арасында б­ұрынғыдан да танымал бола түсті. Турнирден кейінгі үш ай ішінде жобаға қатысушы командалар саны 35 пайызға, яғни 24-тен 32 командаға дейін өсті. Осы 3,5 жылда бірнеше жоба жүзеге асырылған. Атап айтсақ, Қа­расай ауданындағы Райымбек және Абай, Ащыбұлақ, Көксай, Іргелі ауылдарында, сондай-ақ Қы­зылорда облысының Тө­ребай аулында жаңа клубтар құрылған. Жуырда Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында бірнеше клуб ашылады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Алматы және Ақтөбе облыстарында 2 футбол алаңы салынды.

«Кішкене істер саясаты» атты балалар командаларын қолдау бағдарламасы іске қосылып, 80-нен аса балалар командасы демеушілер көмегімен жаттығу жабдықтарымен, формалармен, доптармен қамтылды.

«Әртүрлі шағын жобаларға бірқатар демеуші тартылды. 35-тен аса, оның ішінде 6 рес­публикалық турнир өткізіл­ді. Ауыл командалары жаттық­тырушыларына 30-дан аса семинар өткізілді», дейді жоба жетекшісі.

«Futbol Week End» атты бағдарлама аясында спорт жарыстары, мәдени-танымдық іс-ша­ралар және дәрістер өт­кізілгенін атау артық етпес. Ересектер мен ата-аналардың футболға қызығушылығын арттыру мақсатында 2 рет «Отбасы және футбол» фестивалі ұйым­дастырылып, жобаға қатысушы 30-дан аса команда түрлі жа­рыстардың, соның ішінде халық­аралық жарыстардың тұрақты қатысушыларына айналған. Мә­селен, Маңғыс­таудың «Ақ­шұқыр» командасы Қазақстан чемпионы және Қырғызстанда өткен халық­аралық турнирдің жеңімпазы атанған.

«АуылФутбол» жобасы бүгінде бірқатар облыста қа­нат жайған. «Халық» қа­йы­рым­дылық қоры денсаулық сақ­тау, білім беру, спорт, мә­дениет және әлеуметтік қорғау сияқты қоғамдық өмірдің ма­ңызды салаларында ауқымды қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру және қолдау бойын­ша табысты қызмет атқарып келеді. Қор қызметінің басым бағыттарының бірі – спорт са­ласындағы жобаларды қолдау», дейді Ғалымбек Жақсылықов.

Қайырымдылық іс-шарала­ры мұнымен шектелмейді. Аталған қордың кешенді қол­дау көрсету мақсатында 2019-2020 жылдарға арналған «Халық лигасы» қайырымдылық бағдар­ламасы аясында Ұлттық баскетбол федерациясының жаттық­тырушылар құрамын жалақы қорымен қамтамасыз ету және балалар үйінің тәрбиеленушілерін «Үміт кубогі» чемпионатына дайындау үшін спорт құрал-жабдықтарын сатып алу түрінде көмек көрсетілген.

арасына

Биыл 4 маусымда «Халық» қорының қолдауымен Алматы қаласында барлық стильді каратэден халықаралық турнир өтті. Турнирге қатысушылардың жартысынан көбі жүлдегер атанды. Татамиге Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзер­байжан, Түрікменстан, Моңғолия және Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде шағын ауылдардан 500 спортшы шықты. Жарысқа түрлі жастағы балалар қатысты. Олардың ең кішкентайы 5 жаста болса, ең үлкені – 17 жаста. Бұл балалар үшін зор жетістік әрі үлкен мүмкіндік болғаны анық.

Осындай жобалар арқылы «Халық» қайырымдылық қоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауында айтыл­ған бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыруға атсалысып келеді. Сон­дай-ақ спортты дамытуға және насихаттауға, мықты спортшыларды анықтауға, өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып жатыр.

 

Алматы облысы

 

Суретте: жасыл алаңда жас футболшылар