Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Осы орайда Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген «Дәстүрлерді жаңғырту: Қазақстан қоғамындағы жаңа мінез-құлық нормалары» әлеуметтік зерттеу нәтижесіне назар аударып көрсек. Әлеуметтік зерттеуге еліміздің 18 жастан асқан азаматтары әлеуметтік-демографиялық, аумақтық параметрлері бойынша таңдалып, 2 400 респонденттен жаппай сауалдама және сарапшылардан сұхбат алынған. Зерттеу елдің барлық өңірін, республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларын, 17 облыс орталығын, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді қамтыған.
Кейінгі жылдары қоғамда, әсіресе жастар арасында құндылықтар мен мінез-құлық әрекетіне глокализация, яғни шындықты қалыптастыратын белгілі бір трендтердің күшеюі әсер етіп келеді. Бүгінде жастар арасында жиі талқылауға түсетін, үнемі екі жақты пікір тудыратын дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты қоғамның өзіндік көзқарасы қалыптасқан. Осыған орай зерттеудің бірнеше нәтижесін мысалға келтірсек. Жалпы алғанда, қоғамда, жастар арасында дәстүрге деген оң көзқарастың қалыптасып келе жатқанын байқаймыз.
Сауалдамаға қатысушылардың 77,3 пайызы ұлдардың бірі (әдетте кенжесі) ата-анасымен бірге тұруы керек деген көзқарасты қолдаса, 41,5 пайыз респондент толығымен оң көзқарас білдірген. Мұнда біз ауыл тұрғындары арасында қолдаудың жоғары деңгейін байқай аламыз.
Тұңғыш немере ата-әжесінің тәрбиеленуіне беріледі деген көзқарасқа сауалдамаға қатысқандардың жалпы 53,6 пайыз бөлігі оң көзқарас білдірді. Құптау ауыл тұрғындары арасында (14% жоғары), сондай-ақ ерлер (10%) арасында айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады. Жасы бойынша 61 жастан асқан респонденттер арасында қолдау салыстырмалы түрде жоғары болып отыр.
75,0% респондент «сәлем салуды» құптайды, олардың 40,3 пайызы толығымен оң пікір айтады. Ауылдарда бұл тәжірибе қалаға қарағанда жиі құпталады (9% жиірек). Сондай-ақ оны қолдау ер адамдар тарапынан жиі естіледі (шамамен 6% жиірек). Жастар мен орта жастағы респонденттер арасында оң баға сирек кездесетінін де ескеру керек.
Отбасының қаржылық жағдайына сай келмейтін той-томалақ өткізуге байланысты сұрақ қойылғанда шартты түрде әрбір үшінші респондент қаржылық мүмкіндіктерге сәйкес келмейтін тойлар өткізуге оң көзқараспен қарайды. Көбіне жоғары білімі бар респонденттер сыни көзқараспен қарайтыны байқалады. Сондай-ақ респонденттердің жасы неғұрлым төмен болса, мұндай тәжірибеге сыни көзқарасты жиі кездестіруге болатынын атап өткен жөн. Төменде ол туралы кестеде көрсетілген.
Тұңғыш баланы ата-әжесіне беру, отбасының қаржылық жағдайына зиян келтіретін тойлар өткізу, сәлем салу секілді әдет-ғұрыптар жастар арасында әлдеқайда аз қолдау тапты. Бұл ретте сауалдама нәтижелері жалпы жастар мен жоғары білімі бар адамдар жоғарыда аталған дәстүр мен әдет-ғұрыптың көпшілігіне қатысты сыни көзқараста деген қорытынды жасауға болады. Сарапшының көбі қоғамдағы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар маңызды рөл атқара отырып, қандай да бір жаңғыруды бастан кешіруде деген пікірмен келіседі. Бірақ бұл қоғамды архаизациялау дегенді білдірмейді. Қазіргі жастар ұлттық құндылықтарды, мәдени мұралар мен дәстүрлерді сақтай отырып, оларды заманауи түрге бөлеп, жаңаша түрлендіріп келеді. Жас буын жаңа идеялар мен жаһандық перспективаларға ашық бола отырып, тілін, тарихын және салт-дәстүрін сақтауға тырысып келеді. Әртүрлілік пен мәдени бірегейлік жастардың өмірінде маңызды, бұл оларға дәстүр мен заманауилықты тең дәрежеде ұстауына мүмкіндік береді.
Дамир БЕЛГІБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы