Сала басшысы Ескелді мен Ақсу аудандары аумақтарының қиылысында орналасқан Ақешкі су қоймасына тоқтап, қайырлап қалған нысанның өзектілігіне көз жеткізді. Қараңыз, 1976 жылы салынған Ақсу ауданының аумағындағы Көлтабан аулы маңындағы 460 гектар егістік алқабына су беретін қойма бүгінде бос жатыр. Жобалық қуаты бойынша 2,5 млн текше метр су жинау мүмкіндігі бар қойма табанын қайыр басып қалғаны көрер көзге бірден аңғарылады. Өзен суы сол қайырдың арасынан жылтырап қана ағып жатыр. Қойманың пайдаланылуы жөнінде Талдықорғандағы «Қазсушар» филиалының басшысы Саят Құдайбергенов ақпарат берді.
«Қайыр басқаннан кейін су қоймасы іс жүзінде 1,8 млн текше метр ғана су жинай алады. Оның түбін өз күшімізбен тазалап көрдік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Толықтай тазалай алғанның өзінде көктемгі еріген қар суымен келген лай қайта басып қалады. Ал қойманың өзін көктем кезінде 2-3 күнде суға толтыруға болады», деді ол.
Мәселені талқылай келе қиындықтан жыл сайын жер снарядтарын пайдалана отырып қана шығуға болатынына көз жетті. Министр соған орай жиналғандардың назарын күрделі қаржы жұмсап қойманы жыл сайын тазартып тұру экономикалық жағынан тиімді ме, тазалап тұрғанның өзінде қосымша 200-250 гектарға су бере аламыз ба, ол алқапта қандай дақылдар өсіруге болады деген мәселеге аударды.
Су қоймасының түбін жыл сайын қайыр басып қалатыны болмаса, бөгеттің талапқа сай салынғаны байқалады. Кенеттен мол су келгеннің өзінде артық суды апаттық ағызу жолдары бар. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік мәселесі тыңғылықты қарастырылған.
Министр бастаған топ келесі кезекте жаңадан салынған Қызылағаш су қоймасына барды. Жұртшылық осыдан санаулы жылдар бұрын ғана болған, талай адам суға кеткен апатты есінен шығара қойған жоқ. Жоба авторы Рамазан Файзулла бұл мәселе жайында жан-жақты баяндап, туындаған басқа сұрақтарға да жүйелі жауап берді.
Құрылысы аяқталған қоймада бүгінде қажетті су көлемі жинақталып жатыр. Биылғы жаз бен көктемнің құрғақтау болуына байланысты су баяу құйылып жатқаны байқалады. Мәселен, былтыр осы уақытта қоймада 8 млн текше метр су болса, қазір 19 млн текше метр су жинақталған. Қажетті деңгейге жеткізу үшін әлі де осыншама су жиналуға тиіс. Нақтырақ айтсақ, нысанды тиісті сынақтан өткізіп, пайдалануға беру үшін су көлемін анықтайтын белгі 42,6 млн текше метрге көтерілуі қажет. Сол себепті қоймадан су аздаған мөлшерде, атап айтқанда, елді мекендер тұрғындарының малын суаруға қажет мөлшерде ғана жіберіліп жатыр.
Ерекше айта кететін жайт – су қоймасын басқару мен бақылау жұмыстарының бәрі автоматтандырылған. Барлық жерге бақылау датчиктері қойылып, мәліметтер орталық диспетчерлік пункттен толық көрініп тұратын нысанда жеке дабыл беру жүйесі орнатылған. Соған орай қауіпті тасқын бола қалған жағдайда Қызылағаш, Егінсу ауылдарының әкімшілігі мен мектепте дабыл автоматты түрде іске қосылады. Мұндай дабыл жүйесі электр қуаты берілмей қалған күннің өзінде аккумулятормен екі аптаға дейін қуатталып тұрады.
Министр қауіпсіздік датчиктері істен шығып қалған жағдайда, бірақ су көлемінің қауіп төндірмейтіні көзге көрініп тұрған кезде қандай шаралар қолданылатыны жайын да нақтылады. Құрылысы 3 жыл бұрын біткен бөгеттің қандай өзгерістерге ұшырағанын, қаншалықты орнықтылығын, қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай екенін қазбалап сұрады.
Нысанға автоматты түрде басқарудың америкалық жабдықтары қойылған екен. Ал мол су жиналатын Шардара су қоймасы финляндиялық жүйемен жабдықталған. Соған орай министр осындай нысандарға мүмкіндігінше бірдей жабдықтар орнатылуға тиіс екенін атап, мұның болашақта барлық нысанды басқару жүйесін бір орталыққа біріктіру, бір орталықтан көріп отыру үшін қажет екенін назарға салып өтті.
Бұдан кейін Қызылағаш қоймасының суын бөлу үшін салынған гидроторап жұмысымен танысты. Бұл нысанда да қауіпсіздік мәселесі қатаң ескерілген. Тораптың су өткізу мүмкіндігі жоғары. Қатты тасқын кезінде келетін мол суды басқа арнаға бұрып, ағызып жіберу мүмкіндігі бар. Торап «Қазсушар» мекемелерінің өз күшімен салынған. Бұл жерде бас қосқан мамандар аталған нысанның қандай талапқа да сай деңгейде жобаланып, салынғанын, болашақта суландыру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін аса қажет екенін айрықша атап өтті.
«Біздегі үш филиалда осы жобалау жұмыстарымен айналысатын үш бөлім бар. Алдағы уақытта сол үш бөлімді біріктіреміз деп отырмыз. Сонда да болса үлкен мәселе жобаның сапасына келіп тіреледі. Біздің комитет 4-5 мекемеге лицензия берді, бүгінде солардың жайын нақтылап жатырмыз. Кейбіреуінің штатында гидрогеолог, инженер жоқ, олардың қалай зерттеу жүргізетіні белгісіз. Жоба жақсы болса, құрылыс та сапалы жүреді, «сақалды құрылыс» дегендер болмайды. Құрылысшы «ана жері, мына жері дұрыс емес» деп келген соң жобаға түзету енгізуге мәжбүр боламыз. Ол тағы бір жыл, жарты жылға созылады, тиісінше құрылыс материалы да қымбаттап кетеді. Содан кейін де республика бойынша алғанда мерзімі 12-14 жылға созылған оннан аса құрылыс бар», деді министр.
Дәл осы мәселе Ақсу ауданының Қызылағаш суару алқабын салудың бас жоспарымен танысу кезінде де қозғалды. Мердігерлік ұйым «Алматыинжстрой» АҚ өкілі өз сөзінде нақ осы жобалау мәселесін басты проблеманың бірі ретінде атады. Тапсырыс берушілермен де түсініспеушіліктің барын жасырмады.
Өз кезегінде 58 нысанның бәрінде осындай проблеманың бар екеніне тоқталған министр бұл мақсатта нақты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын еске салды. Оның айтуынша, мұндай тығырықтан су үнемдеу технологиясын жаппай енгізу, қолдану арқылы ғана шығуға болады. Жаңбырлатқыш қондырғыларын, тамшылатып суару жүйесін енгізбейінше мәселе өзекті күйінде қала бермек. Демек, шаруа қожалықтары жаңбырлатып және тамшылатып суару қондырғыларын қолдануға тиіс. Ондай құрылғыларды алғаны үшін шаруа қожалықтарына 50 пайыз мөлшерінде субсидия беріледі. Шындығында, шаруа қожалықтарының бұған да шамалары келе бермейді. Сондықтан келер жылы бұл шаманы 80 пайызға көтеру ойда бар.
Жетісу облысында су үнемдеу технологиясын қолданатын алқаптардың аумағын 30 пайызға арттыру қажеттігіне тоқталған министр қазір егістік алқаптарының 4 пайызында ғана осындай технология қолданылатынын атап өтті. «Бұл бағыттағы жұмысты істемесек, маусым-шілде айларында су жетпей қалады. Істесек, су бәріне жетеді. Сондай технологияны енгізуге ынталы болып отырған компаниялармен бірлесе отырып, бұл жұмысты міндетті түрде атқармасақ болмайды», деген ведомство басшысы мәселенің өзектілігіне назар аудартты.
Бұдан соң Алакөл ауданына барған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке өңірдегі суармалы алқаптардың жай-күйін таныстырған аудан әкімі Алмас Абдинов пен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының басшысы Саят Құдайбергенов Алакөлге құятын Жаманты өзеніне салынатын су қоймасының жобасын көрсетті. Сондай-ақ Тентек өзеніне салынатын қуаты 50 МВт-тық «Төңкеріс» СЭС-тің құрылысын жүргізетін «Жетісу Гидро» ЖШС-на қатысты мәселелер талқыланды.
Өңірдегі ирригациялық жүйелерді жаңғырту жобасымен танысып, су тартатын гидротораптарды аралап көрген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесіп, бірқатар келелі мәселені талқылады.
Алдымен Талдықорған қаласының маңындағы ирригациялық нысан жұмысымен танысқан Нұржан Молдиярұлы жалпы ұзындығы 113 шақырымды құрайтын нысанның 76 шақырымы толық жөндеуден өткенін, құрылысына «Монолит» ЖШС жауапты екенін сұрап білді. Суару маусымына орай биыл жұмыс тоқтап қалыпты. Түзету енгізілгендіктен биыл толық аяқтау мүмкін болмаған жоба келер жылға шегерілген.
Одан соң Қарабұлақ аулы жанындағы Қаратал өзенінде орналасқан су тартатын гидроторапқа барған министрге нысанда жақында жөндеу жұмысы жүргені айтылды. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженері Аслан Нұрғалиевтің айтуынша, 2019-2023 жылдары Ислам даму банктің қаржыландыруымен 2 млрд теңгеге жұмыс жүріп, суармалы жүйелер салынған. Осындай игілікті істің нәтижесінде 17 мың 499 гектар жерге су жеткізген.
Облыстық әкімдікте өткен жиында тауының қойнауы қазба байлыққа толы Кербұлақ ауданы аумағында тау-кен байыту кешенін салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары пысықталды. Одан соң жобаға қысқаша тоқталған «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай кезең-кезеңімен іске асырылатын жұмыстарға барлығы 1,3 трлн теңге инвестиция салу жоспарланып отырғанын, соның арқасында жалпы 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын, кешен жылына 50 млн тонна кен өндіруге қауқары жететінін, мыс концентраты мен катодты мыс шығаратынын атап өтті. Тау-кен байыту кешенін 2027 жылы іске қосу көзделген. Ал гидрологиялық жағынан күрделі жерде орналасқандықтан Көксай кен орнының жобасына экологиялық шешімдер қарастырылған. Атап айтқанда, Қоғалы өзенінің саласын сақтап қалу және лайлануын болдырмау үшін инвесторлар бірнеше гидротехникалық құрылыс салуды көздеп отыр. Осыған байланысты жобадағы экологиялық талаптарды сақтау мәселесіне компания тиісті ведомствомен нақты келісімге қол жеткізуге ниетті.
Бұдан соң Көксу ауданы Мәмбет ауылындағы су қоймасына ат басын бұрған министр тау өзеніне салынған бөгет арқылы 16 мың гектардан аса алқап сумен қамтылатынын сұрады. Қазір мұнда құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауаптылар екі жылда толықтай аяқтауға ниетті.
«Жетісу облысы – керемет өңір. Судың барлығы осында деуге болады. Мәселелер де жоқ емес, Тентек су қоймасы мен Қаратал өзеніндегі бөгет жұмыстары. Оны ретке келтіреміз. Сонымен қатар өзіміз жасап жатқан жобаларды жүзеге асырып, кішкентай тоғандар мен су қоймаларды салуымыз керек. Бұл арқылы көп мәселе шешіледі. Шаруаларға суды бергенде белгілі мөлшерге сәйкес жіберілуі шарт. Халық соған үйренгені дұрыс. Суды негізінен үнемдеп Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына көбірек жіберу керек. Себебі Балқаш көлі тартылып барады», деді сала басшысы.
Су ресурстары және ирригация министрінің жұмыс сапарында өңірдегі өзекті мәселелер қозғалып, аймақтағы суару жүйелерінің жағдайын жақсартуға бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.
Жетісу облысы