Серік Сәпиев Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келді. Дәл осы шаһарда жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар мықты бокс мектебі қалыптасқанын көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Кезіндегі Еуропа мен КСРО чемпионы Серік Нұрқазов, кәсіпқойлар арасында белді нұсқалар бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған Олег Маскаев пен Наталья Рагозина, көптеген дүбірлі додада дараланған Бақытжан Аманбаев пен Данияр Мұңайтпасов, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов және тағы басқа көптеген танымал былғары қолғап шеберлері Абай мектебінен түлеп ұшқан. Серік те – солардың бірі әрі бірегейі.
Бір айта кетерлігі, Серіктің әкесінің туған інісі де кезінде қарымды боксшы болған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары 51, 54, 57 кг салмақ дәрежелерінде күш сынасқан Бақытай Сапеев елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай, бүкілодақтың аренада да өзін мойындатты. Ол – Қазақстанның екі дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Достық ойындары және КСРО мен АҚШ құрамаларының матчтық кездесуінің жеңімпазы. Осы табыстарының арқасында Бақытай халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.
11 жасынан білікті бапкер Александр Стрельниковтің қол астында жаттыққан Серік 2004 жылы қырағы мамандардың назарына ілікті. Сол маусымда ол әскерилер арасындағы әлемдік додада дара шығып, Қазақстан чемпионы атанды. Қазақтың аса дарынды боксшысының одан кейінгі жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Енді солардың арасындағы ең маңыздыларына тоқталайық.
2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында Сәпиев 64 кг салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанады. Қытай елінде ол словакиялық Тибор Главацки (37:13), америкалық Карл Даган (37:26), украиналық Николай Семенягу (27:15), әзербайжандық Эмиль Магеррамовты (41:23) және өзбек Ділшот Махмутовты (40:21) еш қиналмай жеңді. 2007 жылы Чикагода Серік сол нәтижесін қайталады. Бұл жолы ол, тіптен керемет өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде сербиялық Милан Пипескиді (22:6) 18 ұпай айырмашылығымен ұтты. Одан кейінгі төрт бәсекеде айқын басымдық танытты. Атап айтсақ, никарагуалық Эдуардо Мендоза (2 раунд), канадалық Кевин Бизер (3 раунд), ирандық Мұртаз Сепахванди (4 раунд) және жапониялық Масатсуги Каваши (3 раунд) қандасымыздың оңай олжасына айналды. Финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, ресейлік Геннадий Ковалевтің сілікпесін шығарды. Ол оны алдап та, арбап та ұрып, 20:5 есебімен еркін еңсерді. Сол секілді Серік 2010 жылғы Азия ойындары және 2007 мен 2009 жылғы құрлық чемпионаттарында өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Аталған жарыстың барлығында қазақтың ұлы қарсыластарын бас көтертпей сабады.
Әлем чемпионаттарында Серік тағы екі рет жүлдегерлер санатына қосылды. 2009 жылы Миланда қола медальды қанағат тұтты. Апеннин түбегінде қандасымыз 69 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Алғашқы айналымдарда ол габондық Хуго Миеникуэ (2 раунд) пен әзербайжандық Эмиль Махаррамовты (3 раунд) мерзімінен бұрын ұтса, көп кешікпей украиналық Тарас Шелестюкке (16:11) шаң қаптырды. Одан кейін қырғыз Асадулло Баймұратовты (2 раунд) оңдырмай сабады. Бірақ жартылай финалда ойда-жоқта ресейлік Андрей Замковойға (10:16) есе жіберді.
2011 жылы Бакуде эквадорлық Карлос Санчес (3 раунд), таиландтық Апиет Сансит (2 раунд), жапониялық Ясухиро Судзуки (21:12), америкалық Эррол Спенс (20:10) және литвалық Эгидиюс Каваляускас (2 раунд) ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Алайда финалда С.Сәпиев Украинаның өкілі Тарас Шелестюкке (10:16) жол берді.
Олимпия ойындарына Серік Сәпиев екі рет қатысты. 2008 жылы Бейжіңде оған төрешілер көпе-көрнеу қиянат жасады. Ширек финалда қазақ жігіті Тай елінің өкілі Манус Бунжамонгпен күш сынасты. Афина Олимпиадасы мен Азия ойындарының жеңімпазы бәсекенің басынан аяғына дейін рингте айнала қашып жүріп алды. Өзі мардымды бір соққы да жасамады. Сәпиев шабуылдаса, кірерге тесік таппай қайта-қайта қарсыласының қолынан ұстап, ережені өрескел бұзды. Соған қарамастан төреші Бунжамонгты жеңімпаз деп жариялады.
2012 жылы Лондон Олимпиадасына Серік «бес қаруын асынып» барды. Бұл жолы оны тоқтататын күш жоқ еді. Тұманды Альбион еліндегі жарыстың бастапқы бәсекелерінде қазақтың өр мінезді ұлы жапониялық Ясухиро Сузуки (25:11) мен венесэуалалық Габриэль Маэстре Перезді (20:9) еш киналмай ұтып, жартылай финалда Ресейдің дүлдүлі Андрей Замковоймен қайта қолғап түйістірді. Дәл сол саңлақтан қандасымыз үш жыл бұрын Миландағы әлемдік додада есе жіберген еді. Бұл жолы Сәпиев Замковойдың (18:12) жақсылап тұрып сазайын берді. Финалда қазақ боксшысы ұлыбританиялық Фред Эванспен шеберлік байқасты. Жергілікті жанкүйерлер барынша қолдау көрсеткеніне қарамастан қандасымыз оның осал тұсын тапты. Бәсекенің басынан аяғына дейін шабуылдаған Серік соққыларын дәл дарытып, Эванстың еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, ақтық сайыс 17:9 есебімен Сәпиевтің пайдасына шешілді. Жарыс аяқталған бетте қандасымызға Олимпия ойындарының алтынымен қоса, ең үздік боксшыға тиесілі Вэл Баркер кубогі табыс етілді.
Қазақстан спорты тарихында өшпес із қалдырған Серік Сәпиев былғары қолғабын шегеге ілгеннен кейін де бұл саладан алыстаған жоқ. Әуелі «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы Брунель Университетінде білімін жетілдірді. Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасында өнер көрсеткен «Астана арланс» клубын басқарды. Парламент Мәжілісінің депутаты болды, Спорт және денешынықтыру жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарды. Бүгін 40-тың қырқасына шыққан Серік Жұманғалиұлы әр жылдары «Отан» мен «Парасат» ордендері, басқа да медальдар және төсбелгілермен марапатталды.