Бокс • 16 Қараша, 2023

Жүлдеден үміттілер жарысты ерте аяқтады

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан бокстан ересектер арасында VI жазғы спартакиаданың үшінші күні артта қалды. 13 қарашада жалауы желбіреген бәсекеде жүлдеден үміттілердің кейбірі жарысты ерте аяқтады.

Жүлдеден үміттілер жарысты ерте аяқтады

Доданың алғашқы күнінде ринг төріне 48, 54, 67, 75, 86 кг салмақтағы спортшылар 1/8 финалдың жекпе-жектерін өткізді.

Турнир барысында ел чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), «Elorda Cup» бәсекесінің жеңімпазы Тимур Қабдеш (54 кг), жастар арасында Қазақстан чемпионы Армат Арманұлы (75 кг), Тимур Нұрсейітов (75 кг), Аманбек Қазанғапов (86 кг) сынды тәжірибелі боксшылар жа­рысты сәтті бастады. Ал 75 кило салмақта фавориттердің қатарынан саналған Ая­тулла Тәкіжанов тартысты айқаста жас­­тар арасындағы Азия чемпионы Бақ­бер­ген Әлиасқаровқа 1:4 есебімен жол берді.

Жарыстың екінші күнінде 51, 57, 60 және 71 кг салмақ дәрежесіндегі боксшыларымыз сынға түсті. Енді 51 кг салмақта әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ширек финалда 20 жастағы Павлодар боксшысы Ғаббас Дюсекеновпен жұдырықтасады. Тағы бір әлем чемпионы Санжар Тәш­кен­бай да былтырғы Қазақстан чемпиона­тының финалисі (54 кг) Бекзат Алдамжа­ров­пен жолығады. Себебі Ғ.Дюсекенов пен Б.Алдамжаров алғашқы жекпе-жек­терінде қарсыластарынан айласын асырды. 57 кг салмақта Әлішер Нұртазиннен басым түскен Дулат Тұрлыбекұлының ендігі қарсыласы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан болмақ.

Ал 60 кг салмақта Қазақстан чемпио­ны Әділет Құрметов пен 19 жастағы Алмат Әбдуали арасындағы айқаста күт­пеген нәтиже тіркелді. Шоқыр Бөлтекұлы турнирінің жеңімпазы Алмат тәжірибелі қарсыласынан басым түсіп, жүлдеден дәмелі жастардың бар екенін тағы бір дәлелдеді.

Сондай-ақ 71 кг салмақта 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының финалисі Қуан Қуатов екі жыл қатарынан ел біріншілігінің қола жүлдегері Фаррух Тоқтасыновқа жол беріп, жарысты ерте аяқтады.

Жалпы, бұрнағы күні фавориттердің қатарынан саналған Ерболат Сабыр, Асылжан Серікбай, Талғат Сырымбетов, Дархан Дүйсенбай, Талғат Шайкен келесі кезеңге сүрінбей өтті.

Кеше 63,5, 67, 80, 92, +92 кг сал­мақтағы Санатәлі Төлтаев, Серік Теміржанов, Мұхаммедсабыр Базар­байұлы, Дулат Бекбауов, Бекзат Нұр­даулетов, Тұрсынбай Құлахмет, Бекболат Әбдікерім сынды әлемде, Азияда, Қазақстан чемпионатында жүлде алып жүрген танымал боксшылар ринг төріне көтерілді.

63,5 кг салмақтағы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпио­натында екі рет қатысқан С.Төлтаев алдағы уақытта бапкерлердің көзіне түсу үшін тәжірибесін шыңдамаса болмайтын секілді. Себебі ол спартакиадағы алғашқы айқаста алматылық Жандос Қыдырәлиевтен айласын асыра алмай, жарысты ерте аяқтады.

Ал әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов Астана төріндегі додада 57 кг-дан 63,5 кг салмаққа ауысып, алғашқы кез­десуін өткізді. Аяқалысы да жаман емес. Жамбылдық спорт шебері Ал­мас Дүй­сенқұлға қарсы өткізген Серік үш раунд бойы белсенді болды. Біресе оң қолмен, біресе сол қолмен дәл соққы жасап төрешілердің көзіне түссе, екінші раундта жақын қашықта жүріп, А.Дүйсенқұлдың бетін қызанақтай қызыл етті. Бірақ жаңа салмаққа ауысқан Серікке әлемдік деңгейде өнер көрсету үшін әлі де тә­жірибесін шыңдай түсу керек секілді көрінді, бізге.

Кешкі сессияда өткен қалған бірнеше маңызды жекпе-жектің нәтижесін газеті­міздің келесі нөмірінде жариялайтын боламыз.