Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Қолына қалам ұстаған адамның бәрі жазушы болмайтыны секілді, мойнына фотоаппарат ілген маманның бәрі фотограф емес. Онда өріс кеңдігінен гөрі, сезім тереңдігі бар. Ал өнерге сезім араласса, құпия ішіндегі құпия ашылады. Пенде санасындағы жарықшаққа ұялаған кез келген туынды оны тербетпей қоймайтыны анық. Ол да әуезді ән секілді ұзақ уақыт миыңды отарлап алады. Ауылдың тастақ жолында қи толы ескі арбасын сүйретіп бара жатқан ақ жаулықты әженің суретіне қарасаңыз, жүрегіңіз елжірейді. Оның жыртық көйлегі тіпті жан толғанысыңызды одан әрі үдете түсетіндей. Мұздай шытынаған қолдарында өмірдің табы бар. Туынды құдды тірі сияқты, тіпті дәл қазір мен өз әжемді көргендей әсерде тұрмын.
«Әлемде үлкен спектакль болып жатыр. Бұл туынды соның бір бөлшегі. Тіпті қай жылы, қай күні түсіргенім есімде жоқ. Шамамен осыдан 5-6 жыл бұрын болса керек. Қоржынымды ақтарып жатып тауып алдым. Құдай кейде уақыт көріністерін өзі әкеліп береді, сенің міндетің – соны мүлт жібермеу. Күнделікті қарбаластан қолың босай бермейді, содан осындай көркем шығармаларды электронды қалтаға сала саласың. Кейін көңіліңді аласапыран күйге бөлеп жарыққа шығады. Бұл – репортерлік жұмыс, өмірдің әрбір сәті адамға берілген сый. Соны ұмытпау керек», дейді автор.
Фотограф оқиғаны жеткізуші, сол мезеттің хабаршысы ғана. Ал оны мұқият тамашалау оқырманның еншісінде. Біз осы композициядан не көрдік, нені байқадық, қандай әсер алдық, автор үшін сол маңызды. Бұл жерде тек кейіпкердің қасіреті емес, бүтін мемлекеттің жай-күйі жатқандай. Қазіргі біз жаңалауға тырысқан ескі Қазақстан. Жұлым-жұлымы шыққан саяси жүйе. Кедір-бұдыр жолдардың жаңғырығынан жемқорлықтың даусы естілетіндей. Зейнетке шыққан қарияның жанайқайы, екі құлағын тарс жапқан қатыгез қоғам.
Жасы жетпістен асқан кейуана қолдан құралған арбасын сүйеніш етіп ұзақ жолға бет алған. Кейіпкердің образы – бір әлем. Күтусіз қалған ба, әлде жалғыздықты тұмар еткен бе, мүмкін бала-шағасын асыраушы немесе асау тағдырдың ырқына көнген көпбалалы ана. Кім білсін? Бірақ фотоаппарат өтірік айтпайды. Ең ауыры не екенін білесіз бе? Ол – осы суреттен әр адам өзінің бір кезеңін көруі. Мың сөзден бір сурет артық.
Әрине, әрбір фотографтың өзіндік өмірлік концепциясы бар. Олардың бір-біріне ұқсауы міндетті емес. Әйтсе де барлығын өнерге деген құмарлық, субъектіге өзгеше көзқарас, детальдардың тұтастығы мен бірегейлігіне сенім, жұмысына сүйіспеншілік қасиеттері біріктіреді. Автор қандай тақырыпқа барса да, оның мазмұнын өз түйсігінен тудырмайды. Тіпті оған қатысы жоқ болуы да мүмкін. Ғажабы сол, ең шешуші сәтте оқиға орнынан табылуы.
Бүгінде атақты француз фотографы Анри Картье-Брессонның «Геометрияға назар аударыңыз, жақтаудың ортасы мен шекарасы туралы ойланыңыз» деген тұжырымы фотография саласының негізгі кредосына айналды. Сонда ғана өнер иесі таңғажайып композициялық фреймдерді жасауға қабілетті болмақ. Мұны Жеңіс Ысқабай жақсы бағамдайды. Себебі көркем шығармаларында нысандардың сызықтары мергеннің мылтық шүріппесін басар алдындағы тәуекеліндей дәлме-дәл. Жасандылықтан ада, табиғи. Бізге керегі де осы емес пе? Брессон айтпақшы, «Сіздің көзіңіз кадрдың композициясын, өмірдің өзі ұсынатын композицияны қатар көруі керек».
«Әр шығарманың өмірге келуі – бір тарих. Әрине, ұлы суретші болу үшін білім мен қатар сәттілік те ауадай қажет. Кейбір фотографтар шығармаға кірісер алдында әуелі әуенін естиді, жарық пен көлеңкенің ойынын көреді. Ал менде қызығушылық басым. Мен өзімді кәсіби не әуесқой фотографпын деп айта алмаймын. Бір кадрды шығару үшін, мың кадрды құрбандыққа шаламын. Кейіпкерді іздемеймін, өздері келеді. Қолыма фотоаппарат алған сәтте демаламын, ешкімді естімеймін. Мен адамның эмоциясымен жұмыс істемеймін, соған бейімделемін. Өмірдің құпиясын көре білу керек», дейді Ж.Ысқабай.
Жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы «Әр адамның өрісі бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлаулы» дейді. Бұл сөз бүгінгі біздің кейіпкерімізге қарап айтылғандай. Оның атасы қолы алтын шебер болған. Өзі де ағаш оюдың хас маманы. Бойына біткен қандай да бір артық қасиет табылса, оның түпкі тектен келгеніне имандай сенеді.
Өмірге объективтің көзімен қарау мүмкін емес. Бірақ дүниенің жұмбағын іздесеңіз, камераңыз қолыңызда жүрсін. Ол да тау-тастың арасына тығылған алтын секілді. Кім бірінші табады, сонікі. Бір сәттік шындық, мәңгілік әділдіктің бетпердесі.