Құқық • 16 Қараша, 2023

Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қорғалған

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Ләззат Қалтаева Ирландияның Дублин қаласында өтіп жатқан «Мүгедек адамдардың саяси іске қатысуы» сараптамалық тобының жыл сайынғы кездесуіне қатысты.

Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қорғалған

Кездесуді Ирландия Парламентінің қолдауымен ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұйымдас­тырып отыр. Кездесуге Ирландия Парла­менті палаталарының депутаттары, оның ішінде Мүгедектік мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы қатысты. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мәселелерін даму және халықаралық қатынастар сая­сатына енгізу, сондай-ақ ЕҚЫҰ елдері Парламенттерінің инклюзияны ба­ғалау әдістемесі және мүгедектігі бар адам­дардың саяси іске қатысуын ілгерілету жөнінде Парламенттерге арналған оқу курсын әзірлеу жайы талқыланды.

Сенатор Қалтаева өз кезегінде Қазақ­станның сайлау құқықтарын іске асыру жөнінде мүгедектігі бар адамдардың тең мүм­кіндіктерін қамтамасыз ету саласын­дағы заңнаманы жетілдіру тәжірибесі туралы айтып берді. Ол осыған байланысты сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға 30 пайыз квота енгізу туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті. Ол сондай-ақ «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгерістер енгізілгеннен кейін Пар­­ламент Мәжілісіне – 6, ал барлық дең­гей­дегі мәслихаттарға 71 мүгедектігі бар депутат сайланғаны туралы ақпарат берді.

«Бұл деректер, саяси реформалар барлық азаматтардың, соның ішінде мүгедектігі бар жандардың құқықтарына әсер еткенін көрсетеді. Сенатта мүгедек­тігі бар отандастарымыздың өзекті мәселе­лерін талқылау, заңнамалық деңгейде шешім­дер әзірлеу және олардың орындалуын бақы­лау алаңы болып табылатын Инклю­зия жөніндегі кеңес құрылды», деп атап өтті Ләззат Қалтаева.