Аймақтар • 16 Қараша, 2023

Бір жылда 617 шақырым жол

155 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биыл 81,5 млрд тең­геге 617 шақырым жол жөн­деліп жатыр. Жол қатынасы жөнінен еліміз бойынша ең төменгі орын алатын өңірде Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен көлік-логистика сала­сын дамытудың кешенді жос­пары жүзеге асып жатыр. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Бір жылда 617 шақырым жол

Қолға алынған нақты істер

«Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірле­рінің бірі. Жыл басынан бері өткен 9 ай ішінде облыс экономикасының негізгі сала­лары бойынша тұрақты өсім бар. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 20,5%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 42%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5%-ға, негіз­гі капиталға инвестициялар – 23%-ға, ішкі сауда көлемі – 19,2%-ға, көлік қыз­метте­рінің көлемі – 8,3%-ға өсті», деп бас­тады баян­дамасын өңір басшысы. Әрине, бұл сандардың астарында мыңдаған адамның еңбегі жатқаны анық.

Қазіргі халықаралық жағдайларға бай­ланысты Мемлекет басшысы алға қойып отырған ең басты міндеттің бірі – елі­міз­дің мықты өнеркәсіптік негі­зін қа­лыптас­тыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу.

«Сондықтан өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өң­деу саласын дамыту бағытында нақты іс­тер­ді қолға алуымыз қажет», деді Н.Төреғалиев.

Еліміздің қорғаныс саласына Орал қаласындағы зауыттар үлкен үлес қосып келеді. 2023 жылы мемлекеттік қорға­ныс тапсырысы бойынша оралдық кәсіп­орындар жалпы құны 38 млрд теңге болатын 35 шарт жасаған.

«Біз өңір экономикасын әртараптан­дыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асырамыз», дейді облыс әкімі.

 

Ауыл және шағын кәсіп

Өңірдің оң жамбасына келетін саланың бірі – ауыл шаруашылығы. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінген еді. Қазір 714 өтініш бойынша 4,9 млрд теңге несие өз иесін тапты. «Жыл соңына дейін қаржыны толықтай игереміз», дейді әкім.

Қазір азық-түлік қауіпсіздігі деген мәсе­ле өте өткір тұр. Батыс Қазақстан облы­сы биыл 91 мың тонна картоп-көкөніс өні­мін жи­нап алды. Қазір олар 32 қоймада сақ­тау­ға қойылды. Әкімнің айтуынша, өңір тұр­ғындарының қажетін толық қамту үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынбақ.

Өңірде етті мал шаруашылығы да жақсы дамыған.

«Облыс халыққа ең қажетті 19 түрлі азық-түлік тауарының 7 түрі бойынша өзін толық қамтамасыз етеді, 8 түр бойын­­ша 75%-ға дейін қамтып отырмыз. Ал әлеу­меттік маңызы бар қарақұмық жар­ма­сы, күріш, қант, тұз секілді өнімдер об­­­лыс­­та өндірілмейді», деді өңір басшысы.

Әрине, ауыл шаруашылығын дамыту бірнеше факторға тәуелді. Соның бірі – су мәселесі. Су ресурстарын тиімді пайдалану, табиғатқа зиян келтірмей, шаруашылыққа тиімді жүйе қалыптастыру – өңір басшысы ерекше назар аударып отырған сала. Кейінгі жылдары облыста ұзындығы 185 ша­қы­рым болатын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Бү­гін­де ұзындығы 66 шақырым «Ащы – Азна­байс – Тайпақ» каналын жөндеу жұмысы аяқталған.

«Бұл жобалар Жайық өзенінің сол жа­­ғалауында 350 мың гектарға дейін жайы­лымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді», дейді әкім.

 

Жолдар, жолдар...

Әңгімені жол тақырыбынан бастап едік. Өйткені қысы-жазы жол азабын жиі көретін батысқазақстандықтардың бас ауруы осы. Мемлекет басшысы өз Жол­­дауында автокөлік жолдарының құры­лысы мәселесі өз шешімін табуға және жұмыстар уақтылы әрі сапалы жасалуға тиіс деген болатын.

Міне, Президент тапсырмасы аясында биыл өңірде 81,5 млрд теңгеге 617 шақы­рым жол жөнделіп жатыр. Мұның 148 шақырымы – республикалық жолдар, 336 шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, ал 133 шақырымы – көше желілері.

«Қазіргі таңда 513 шақырым жол жөн­делді. Жыл соңында жергілікті жолдар­дың нормативтік жағдайдағы үлесін 52%-ға жеткіземіз», дейді облыс әкімі. Күні кеше ғана асфальтты жолдың үлесі 30 пайызға да жетпеген өңір үшін бұл – өте үлкен секіріс.

Ал келер жыл бұдан да қызу болады! 2024 жылы жол құрылысына 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сөйтіп, түрлі деңгейдегі 800 шақырым жол қайта салынбақ. Бұл – 139 жоба!

«Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жолдың 104 шақырымын биыл аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыс жүріп жатыр», деді Нариман Төреғалиев.

 

Әлеуметтің әлеуеті қандай?

«Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба аясында 25 мың адам әртүрлі жұмыс­қа тартылды. Одан бөлек, 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыс орын­дарының басым көпшілігі (80%) ауылдық жерде», дейді әкім.

Сондай-ақ биыл 25 мың отбасыға 2 млрд-тан астам теңгенің әртүрлі әлеумет­тік көмегі көрсетілген. Соның нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны 3 117-ден 2 240 отбасыға азайған.

Орал қаласында 7,5 млрд теңгеге 150 оры­ндық әлеуметтік оңалту орталығы салынып жатыр. Бұл мүгедек адамдарға арналған заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес мекеме болмақ.

Білім беру саласында да жаңалық көп. Қазіргі таңда өңірде 27 мектеп салынып жатыр. Оның 12-сі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» Ұлттық жобасы аясында өңірде 12 медициналық нысан құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Бұлардың бәрі де жыл соңына дейін халық игілігіне тапсыры­лады. Ал 2024 жылы осындай 38 медициналық нысан салынады.

«Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2023-2024 жылдары 4,6 млрд теңгеге 476 пәтер сатып алуды көздеп отырмыз», дейді әкім.

Облыстың 47 ауылдық елді мекенін ауыз сумен қамтуға 6,3 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде бұл жоспардың жартысынан астамы жүзеге асты. Жыл соңына дейін өзге жобалар да аяқталып, 33 мың халық сапалы суға қол жеткізеді. Соның нәтижесінде, жыл соңына дейін ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 94%-ды құрайтын болады.

P.S. Нариман Төреғалиұлы өңірде атқарылып жатқан өзге де істер туралы айтып, журналистердің сауалдарына жауап қайтарды. Мысалы, өңір үшін өте өзекті болған киік санын реттеу бойынша да түрлі пікір тарап жүргені рас. Газет тілшісі арнайы сапарға шығып, бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп қайтты. Ол мақаланы таяудағы сандарымыздың бірінен оқисыздар. 

 

Батыс Қазақстан облысы