Аталған ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше қазіргі уақытта осы қызметті қайта құру мәселесімен айналысып жатқан екі басқармасы бар департамент ашылған. Сондай-ақ Ұлттық гидрогеология қызметінің құрылымы мен жарғылық құжаттары әзірленді, олар жақын арада Үкіметтің қарауына ұсынылады.
Министрліктің ұсынысына сәйкес, Ұлттық гидрогеология қызметі жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстарын және мемлекеттік мониторинг саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті құзыреттерге ие болады. Жерасты суларын тиімді пайдалану мәселесі ерекше бақылауда болады.
Болжам бойынша, Қазақстанда жерасты суларының көлемі шамамен 40 текше километрді құрайтынын, оның ішінде 15 текше километр – пайдалануға дайын қорлар екенін, қазіргі уақытта ел экономикасында жерасты суларын пайдалану үлесі небәрі 7-10% -ды құрайтынын айтқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Біз ауыз сумен жабдықтау, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін жерасты су ресурстарын белсенді пайдалануға ниеттіміз. Бұл ретте еліміздің жерасты су қорларының сарқылуына және ластануына жол берілмейді», деді.