Аударма • 16 Қараша, 2023

«Кемал Ататүрікті еске алғанда» кітабының таныстырылымы өтті

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Түркі Академиясы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Түркия Республикасының елшілігімен бірлесіп «Түркия Республикасының 100 жылдық белесінен Түркі әлемінің болашағына» тақырыбында халықаралық конференция өткізді. Аталған жиын Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

«Кемал Ататүрікті еске алғанда» кітабының таныстырылымы өтті

Басқосудың ашылуында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Tүркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Mұстафа Капуджу, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Басқарма мүшесі – Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Оңталап Оңалбекұлы, Түрік тарихы қоғамының құрметті мүшесі, Халықаралық Османлы зерттеулері комитетінің Басқарма кеңесінің мүшесі профессор Илбер Ортайлы, Н.Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлу сөз сөйледі. Сонымен қатар конференция жұмысына диломатиялық миссия қызметкерлері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен түрколог-ғалымдар қатысты.

Жиында сөз алған Академия басшысы Ш.Мустафаев Түркия Республикасының 100 жылдығы маңызды тарихи белес екеніне тоқталып, бүгінде Түркі ынтымақтастығы аясында бауырластық байланыстарын нығайта түскен тамырлас мемлекеттер үшін үлкен мүмкіндіктер ашылғанын айтты.

«Түркі әлемінің геосаясат пен геоэкономика тұрғысынан маңызы бірте-бірте артып келеді. Тұрақсыздық күшейіп жатқан аласапыран әлемде Түркі әлемінің бейбітшілік пен өркендеу аймағына айналу мүмкіндігі өте жоғары. Алдағы кезеңде Түркі әлемінің өзара келісімге берік, бауырластық байланысқа бекем, мызғымас достық қатынасқа негізделген, қауіпсіздік пен тұрақтылық сақталған аймақ болуын тілейміз», деді Ш. Мұстафаев.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу биыл 3 қарашада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммитінің жоғары деңгейде өткенін және басқосу ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне бетбұрыс болғанын атап өтті. Сонымен қатар  елші  Түркияның 100 жылдығына арналған аталған іс-шараны ұйымдастырған Түркі Академиясы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алғысын білдірді.

Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Оңталап Оңалбекұлы Түркия жұртшылығын ғасырлық мерейтойымен құттықтай келе, Түркияның жетістіктері — бүкіл Түркі әлемінің мақтанышы екеніне тоқталды.

Конференцияның құрметті қонағы Ильбер Ортайлы Түркі халықтары арасында мәдени байланысты тереңдетудің маңыздылығына, интеграцияны нығайту барысында мәдени ынтымақтастықтың маңызы зор екеніне тоқталды.

Жиын аясында Түркі Академиясы белгілі түрік тарихшысы Афет Инанның «Кемал Ататүрікті еске алғанда» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітапта түрік зиялы қауымының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның түркі әлемінің ұлы қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік туралы естеліктері мен ойлары жинақталған. Айта кету керек, кітапты Академия тұңғыш рет қазақ тіліне аударып жарыққа шығарып отыр.

Фото

Фото

Бұдан кейін Түркиядан арнайы келген профессор И.Ортайлының түрік тарихын зерттеу бағыттары бойынша лекциясы  өтті.

Конференция соңында профессор Илбер Ортайлыға Түркі әлемінің ынтымақтастығын арттырудағы үлесі үшін Түркі Академиясының арнайы медалі табысталып, Л.Гумилев атындағы ЕНУ университінің Құрметті професоры атағы берілді.