Өнер • 16 Қараша, 2023

Шандоз

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Артына рухты жырларын қал­дырған алдаспан ақын, ел тә­уелсіздігін аңсаған ақберен батыр Махамбет Өтемісұлының есімі ұрпақ жадында жаңғыра береді. Атырауда өр тұлғаның туғанына 220 жыл толуына орай «Шандоз» атты музыкалық-поэтикалық әдеби кеш өтті.

Шандоз

«Шандоз» композициясының басты кейіпкерін белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев сомдады. Театр әртістері Махамбеттің «Тарланым», «Жорық», «Жауға шапқан», «Арысымнан айырылдым», «Өкініш», «Кішкентай» күйлерін орындап, ақын жырларын оқыды. Арнайы көрмеге рухты ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар, республикалық сим­позиумға қатысқан суретшілердің туындылары қойылды.

Әдеби кешке арнайы қатысқан Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сый­­лығының лауреаты Маржан Ершу Ма­хам­бет мұралары хақындағы ойымен бөлісті. Дауылпаз ақынның ой-ар­ма­нынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары әуелеген сахналық қойылым көрерменді бейжай қалдырмады.

Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры, ақын Әлия Дәулетбаеваның айтуынша, әдеби кеш ел тәуелсіздігін аңсап, жалынды жырларымен ел жадында сақталған ақынның шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

«Қазақта ұлы тұлғалар аз емес. Ал Махамбет Өтемісұлы – өз дәуірінің бірегей тұлғасы. Сол себептен, батыр әрі ақынның туғанына 220 жыл толуына орай өткен «Шандоз» атты әдеби іс-шарада оның күйлері мен жырларының көпшілігі қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, өнердің симбиозын жасауға тырыстық», дейді Ә.Дәулетбаева.

Еліміздің әр өңірінде Махамбет Өтемісұлының есімі оқу орындары мен көшелерге, өзге де нысандарға берілген. Ал Атыраудағы қазақ академиялық драма театры өр тұлғаның есімімен аталады.

 

Атырау облысы