Үкімет • 17 Қараша, 2023

58 млрд теңгенің оффтейк-келісімшарттарына қол қойды

119 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумына қатысты. Ауқымды іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 58 млрд теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттарға қол қойды.

58 млрд теңгенің оффтейк-келісімшарттарына қол қойды

Шетел инвесторларының және республиканың барлық өңірі­нен 2 мыңнан астам деле­гаттың қатысуымен өтіп жат­қан форумда ел экономи­касы нақ­ты секторының қажет­тілік­тері үшін тауарларды, жұ­мыстар мен көрсетілетін қызмет­терді локализациялауды кеңейту мүм­кіндіктері, сондай-ақ жер қой­­науын пайдалануды, көмір өнер­кәсібін, көлік және энергетика салаларын одан әрі дамыту мәселелері талқыланып жатыр.

Форумның пленарлық отырысы басталар алдында Үкімет басшысы «Өндірісті локализациялау бойынша отандық тауар өндірушілердің болашағы мен мүм­кіндіктері» атты цифр­лық көр­мемен танысты. Көрмеде отандық машина жасау, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үздік үлгілері, құрылыс материалдары, химия индустриясы тауарлары, инженерлік коммуникациялар саласындағы озық шешімдер және т.б. ұсынылды. Көрмеде өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларында жұмыс істейтін барлығы 100-ден астам компания таныстырылды.

Премьер-министр пленарлық сес­сияда сөйлеген сөзінде ел эконо­микасы кейінгі жылдарда сыртқы жағ­д­ай­ларға бейімделгенін және тұ­рақ­ты өсу жолына түскенін баса айт­ты. Атап айтқанда, биылғы 10 ай­­дың қорытындысы бойынша эко­­но­миканың өсуі 4,9%-ды құрады.

нк

«Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары арқасында инфляция 10,8%-ға дейін, яғни 2 есеге баяу­лады. Алдымызда әрі қарай инфляцияны төмендету міндеті тұр. Тиісті шаралар кешені аясында отандық өндіріс көлемін ұлғайту – негізгі бағыттардың бірі»,  деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау – Үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Сон­дық­­­тан бизнестің мәселелері Үкі­мет­­те «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді.

«Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36,4%-ға дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ға өсіп, 4,3 млн адамды құрады», деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар республикада бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылданып келеді. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда. Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқарады.

«Тәуекелдерді басқару жүйе­лерін автоматтандыру нәтижесін­де 1 қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалады. Бұл, сонымен бірге, тексерулер санын 2 есеге қысқартады», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар салықтық әкім­шілендіруді әрі қарай дамыту үшін оны цифрландыру жұ­мыс­тары жалғасады. Шағын және орта бизнесті салықтық ынталандыру шеңберінде биылдан бастап 4% мөлшерлеме бойынша бөлшек салық режімі енгізілді. Бұл ретте микро және шағын бизнес үшін енбек­ақы төлеу қорынан бірыңғай төлем бекітілді, және оның жүкте­месі 20%-ға төмендетілді.

Бұдан басқа, ірі бизнес жаңа өндіру жобаларына инвестицияларды салуды ынталандыру үшін 5 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады.

«2025 жылдан бастап жаңа Салық кодексі іске қосылады. Онда барлық өңдеуші секторларының жаңа жобалары 3 жыл мерзімге салықтардан босатылады», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов бизнесті қаржыландыру мәселесі өте ма­ңыз­ды екенін атап өтті. Оның ай­туынша, осы тұрғыда даму инсти­туттарының рөлі ерекше.

Мәселен, «Бәйтерек» холдингі жыл басынан бері бизнеске 2,2 трлн теңгенің көлемінде қаржылық қолдау көрсетті. Соның ішінде, Қазақстан Даму банкі арқылы 314 млрд теңге бөлінді. Өнеркәсіпті дамыту қоры жалпы құны 195 млрд теңгеден асатын жобаларды қаржыландырды. Қосымша 300 млрд теңгенің жобалары бо­йынша жұмыс жалғасуда. «Даму» қоры арқылы 115 млрд теңгеге тікелей несиелер берілді. Бұл ретте бөлінген субсидиялар мен кепілдіктер есебінен банктер бизнеске 930 млрд теңге несие берді.

«Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде қазақ­стан­дық қамтуды 60%-ға дейін жеткізу бойынша нақты міндет қой­ды. Ол үшін қажетті әлеует пен ре­сурстар бар. Бұл, ең алды­мен, импортқа тәуелділікті төмен­детуді талап етеді», деді Әлихан Смайылов.

Мысал ретінде Үкімет басшысы мұнай-газ саласын келтірді, онда сатып алулардың ең үл­кен үлесі 3 ірі консорциумға тие­сі­лі. Бұл – бүкіл энергетика саласын­дағы сатып алулардың – 75%-ы.

«Жыл басынан бері сатып алу­лар­дың көлемі 3,5 трлн теңгені құра­ды, оның 1,9 трлн теңгесі – жер­гілікті қамту үлесіне беріліп отыр. Оның небәрі 9%-ы ғана тауар­ларға тиесілі», деді Премьер-министр.

Басқа салаларға тоқтала отырып, Үкімет басшысы тау-кен секторында сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі – 15%, машина жасауда – 13,5%, фармацевтикада 20%-ды құрайтынын атап өтті.

«Сондықтан «Атамекен» ұлт­тық палатасының қатысуымен өндіру­шілер мен ірі кәсіпкерлер ара­сында іскерлік байланыстар орнату бойынша жүйелі жұмыс­ты ұйымдастыру маңызды деп са­наймыз. Бұл біздің ірі кәсіп­орын­дардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін дамыту­ға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Үкімет рес­пуб­ликаның барлық өңірінің орта бизнес өкілдерімен бірқа­тар кездесу өткізгенін айтты. Олар­ға жер­гілікті өндірісті ұйымдас­тыру­ға перспективалары жоғары өнеркәсіптік бағыттар ұсынылды.

«Ол үшін инвестициялық заң­­на­мада мемлекеттік қолдау шара­­лары көзделген. Бизнес өкіл­де­рін өндірістерді локализациялау үшін белсенді жұмыс істеуге шақы­рамыз», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының сөзін­ше, ірі кә­сіпорындар өздерінің жер­гі­лік­ті қам­туды дамыту бағдарла­ма­ларын қабылдауға тиіс. Оның ішінде ұзақ­мерзімді офф­тейк-келісім­шарттар жасасу негізгі құрал болуы керек.

Бизнес тарапынан бірқатар ұсыныс айтылғанын, олардың көбі Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бірлескен жұмысының арқасында іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бұл отандық өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылармен және басқа да ірі компаниялармен жасаған оффтейк-келісімшарттарын несиелер мен инвестициялар тарту үшін кепіл ретінде тануға қатысты.

«Біз бұл мәселені Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агент­­тігімен бірге пысықтадық. Ква­зи­мемлекеттік және BB- халық­аралық рейтингі бар компаниялармен, сондай-ақ ірі жүйе құраушы кәсіпорындармен жасалған офф­тейк-келісімшарттар несие үшін сенімді кепіл бола алады деген тиісті нормативтік шешім қабыл­данды. Мұның қалай болаты­нын көреміз. Әрі қарай осындай ке­пілдерді қолдану өрісін кеңейте­міз», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшы­сының айтуынша, стандарт­тал­маған тауарларды биржалық сау­дадан толығымен алып тастау ту­ралы шешім қабылданды. Бұл шешімнің қашан және қалай күші­не енетіні туралы ақпарат кейіні­рек БАҚ арқылы таратылатын болады.

Оған қоса Премьер-министр отандық өндірушінің мәрте­бесін рас­тай­тын CT-KZ және индуст­рия­лық сертификаттардың күшін жою жө­ніндегі жұмыс туралы айтты.

«Біз «Атамекен» ҰКП-мен бір­лесіп, отандық өнім өндіруші­лер­дің бірыңғай тізілімі болады деген шешім қабылдадық. Ешқандай сертификат алудың қажеті болмайды. Өндірушілер мен олар шығаратын тауарлар туралы мәліметтер осы тізілімде онлайн түрде қолжетімді. Кез келген уақытта барлық мүд­делі тұлға оған кіріп, қажетті ақпа­ратты ала алады. Осылайша, біз осы сертификаттарды беру тәжі­рибесін тоқтатамыз. Ақпарат барлық пайдаланушы үшін онлайн түрде тегін әрі қолжетімді»,  деді Әлихан Смайылов.

Бизнестің барлық сындарлы ұсынысы форум қорытындысы бойынша жинақталып, Үкіметтің одан арғы жұмысында пайдалану үшін жүйелендірілетінін де атап өтті.

«Барлық қатысушыны өз ұсыныстарын айтуға шақырамын. Сіздермен бірге экономиканы, елімізді алға жылжыту үшін дұрыс шешімдер қабылдауға дайынбыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшы­сы кадрлық қамтамасыз етуді кү­шей­ту мәселелеріне де тоқталып өтті.

«Біз шетелдік мамандарды алмастыратын өз кадрларымызды оқытуымыз қажет. Бұл тұрғыда ірі кәсіпорындарымыз оқу орындарына қамқорлық жасап, содан кейін түлектерді жұмысқа алуы керек», деді.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов отандық қамтуды дамыту ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

«Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Үкімет өз тарапынан, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеруге дайын», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар форум аясында отандық өңдеу өнеркәсібін дамы­туға бағытталған келісім­шарт­тарға қол қою рәсімі өтті. «ERG», «Қазақ­мыс», «Қазмырыш», «KAZ Minerals» компаниялары сияқ­ты ірі жер қойнауын пайдалану­шылар мен оттандық өндірушілер арасында жалпы құны 58 млрд теңге болатын оффтейк-келісім­шарт­тар, ұзақмерзімді шарттар мен меморандумдар жасалды.