Кент орталығындағы дүкендерге және басқа да сауда орындарына тоқашын, бәлішін апарса, көп ұзамай телефон соғып «тағы да әкелесің бе?», дейтін болды. Бұл, әрине, мұны қуантып тастайтын. Сөйтіп, 3-4 жыл уақыт өтті. Қалтаға тиын-тебен түсті, көңілге үміт пен сенім ұялады.
«Мынау пайдалы кәсіп, жақсы нәсіп болғалы тұр екен». Кент орталығына наубайхананың керектігі сезіліп тұрды. Гүлнар нан және нан өнімдерін шығаратын шағын наубайхана ұйымдастыруға бекінді. Соған ыңғайлы ғимаратты жалға алды. «Інжу» жеке кәсіпорнын ашты. Бұл – 2016 жыл болатын.
Еңбек етсе, істің көзін таба білсе, шаруа оңынан дөңгеленіп сала береді екен ғой. Әрине, қиыншылықтар да кездеспей қалмайды. Бірақ іске беріліп кеткен кезде сол қиындықтар да байқалмай кейін ысырылып қала береді екен. Кешегі мүмкін емес дегеніңе қолың жеткен сайын алға ұмтыла түседі екенсің. 2020 жылы Ұлытау ауданының әкімі жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында грант жариялаған еді. Қатысып көріп еді, жеңімпаздар қатарынан табылды. Сол гранттың қаржысына өз қалтасындағыны қосып, ғимаратты толықтай өз меншігіне сатып алды. Енді бизнес бұрынғыдан гөрі тиімді де пайдалы бола түсті.
Қазір Гүлнар Жаналинованың «Інжу» жеке кәсіпорнына қарасты наубайханасында күніне 500-600 бөлке нан пісіріледі. Кенттегі 5-6 дүкен мен бірнеше ұйымдардың асханасынан күн сайын тапсырыс үзілмейді. «Ыстық нан» жегісі келгендер наубайшының өзіне келіп те алып кетіп жатады.
– Қазір қарамағымда 4 наубайшы бар. Олар пісіреді, тапсырыс берушілерге жеткізуші – өзім. Жеңіл көлігім бар. Ұнды да Жезқазғаннан сол көлігім арқылы өзім әкелемін, – деген Гүлнардың сөзінен оның тынымсыздығы байқалады. Өзі айтқандай, «әйтпесе, бизнес жүрмейді ғой».
«Інжу» бүгінде кондитерлік өнімдер де шығара бастады. Өйткені сұраныс бар.
Әсіресе күзден көктемге дейін ел күздік соғым сойып, бір-бірін қонаққа шақырып жатады ғой. Міне, сондайда дастарқанның сәнін келтіретін тәттілерді бұрындары қалалы жерлерден тасымалдап жүретін жұртшылық енді Жездінің өз басынан алатын болды. Елге – ыңғайлы, кәсіпкерге – оңтайлы.
Көптеген кәсіпкер тәрізді Гүлнар да қайырымды, мейірімді шаруалардан шет қалған емес. Әрбір жұма сайын белгілі бір мөлшерде нанды тегін таратады. Сол сияқты Ораза кезінде кенттегі жоқ-жітік жандарға тегін тарату мақсатында мешітке күн сайын нан жеткізіп тұрады.
Еткен еңбек еш кетпейді. 2020 жылы Гүлнар Жаналинованың Ұлытау ауданының «Үздік кәсіпкері» атанды. 2023 жылы 8 наурыз қарсаңында облыстың іскер әйелдері құрамында облыс әкімінің қабылдауында болды.
– Қазіргі кезде кәсіпкерлікке қолдау көп. Аудан, облыс деңгейінде әртүрлі грант беріліп жатады. «Кәсіп ашамын» дегенге мүмкіндік те мол. Енжарлық, жалқаулық – кәсіпкердің қас жауы. Ниет, ұмтылыс, ізденіс – достары. Сондықтан жұмыс жоқ дей бермеген дұрыс. Мемлекет барлық мүмкіндікті жасап отыр, тек соны пайдалана білу керек. Кәсіпкер болу үшін ешқандай «көке» көмектесе алмайды. Әркім өзі ұмтыла білсін! – дейді кәсіпкер Г.Жаналинова. Өзінің басынан өткеніне қарап түйген ойы – осы. Жинаған тәжірибесін көппен бөліскені.
Тұтас бір кентті нанмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкердің ісіне қалайша сүйсінбеске?
Айтпақшы, Гүлнар Жаналинова кезінде журналист болуды армандаған екен. Газет редакциясында жұмыс істеген де көрінеді. Бірақ өмір басқаша жол ұсыныпты. Оқасы жоқ, нанын журналистикадан жей алмаса да, енді, міне, жақсы кейіпкерлерінің біріне айналып, журналиске де нан тауып беріп отыр. Ол елге қандай жолмен болса да нан сыйлауға жаратылған-ау.
Ұлытау облысы,
Жезді кенті