Шаруашылық • 17 Қараша, 2023

Күзгі жиынның көрсеткіштері

180 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісуда күзгі жиын-терін науқаны жақындап келеді. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан шаруалардың нәтижесі былтырғыдан кем емес. Бүгінде масақты-дәнді дақылдардың 95 пайызы орылды. Қазір өңірдегі бар техникасы егін басында. Күн бұзылмай тұрып өнімді қоймаға тасып алу шарт. Картоп шаруашылығы да белсенді. Қазір өңірге ауылшаруашылық саласына инвестор тарту жұмысы жүйелі жүргізіліп отыр.

Күзгі жиынның көрсеткіштері

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Аграрлы өңірде әуелі масақты-дәнді дақылдар, яғни арпа, бидай, сұлы толығымен орылып, 483,9 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 18,2 центнерден келеді. Бұл – жаман нәтиже емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, себілген 324,4 мың гектар дәнді дақылдардың 309,5 мың гектары немесе 95,4 пайызы орылып, 745,0 мың тонна астық бастырылды. Оның орташа өнімділігі гектарына 24,1 центнерді құрап отыр.

Осы орайда күріш, картоп, бақша дақылдары мен көкөніс толығымен жиналып біткен. Атап өтсек, 1,07 мың га жерден 3,41 мың тонна күріш жиналып, орташа шығымы әр гектарынан 32,0 центнерді құраған. Сол сияқты 7,6 мың га жерден 226,7 мың көкөніс, 1,8 мың гектардан 51,5 мың тонна бақша дақылдары жинап алынды. Картопқа тоқталсақ, 11,9 мың гектардан 245,3 мың тонна жиналып, орташа өнімділік гектарына 206,8 центнерге жетті.

Көптің көңілің күпті қылған дәндік жүгерінің жайына үңілсек. Дала аруының 42,0 мың гектары немесе 73,8 пайызы жиналып, 257,6 мың тонна өнім алынды. Әйткенмен биыл жүгеріде баға жоқ, күннен күнге түсіп бара жатыр. Ал майлы дақылдардың 67,4 мың гектары немесе 83,6 пайызы жиналып, одан 127,8 мың тонна өнім алынса, қант қызылшасының 7,6 мың гектары немесе 89,4 пайызы қазылып, 293,7 мың тонна өнім жиналды. Әзірге орташа өнімділік гектарына – 386,0 центнер.

Осы ретте ауыл шаруашылығы саласында белсенді күреңбелдіктердің жағдайынан сыр тартсақ. Жетісу же­рін­дегі жалпы ауыл шаруашылығы өнді­рісінің 11,2 пайызы Кербұлақ ауданы­ның үлесінде. Сондықтан ауданның көрсеткіші облыс үшін өте маңызды.

Биыл бұл өңірдің аграрлық секторына құйылған инвестиция көлемі 9,8 есеге артты. Ауданда негізінен астық өсіріледі. Биылғы егіс алқабы 113,5 мың гектарға жеткізілді. Ал дәнді дақылдар егістігі – 98,7 мың  гектар, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда біраз жоғары.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Сауылхановтың айтуынша, биыл заманауи технология қолданыла отырып, қант қызылшасы 700 гектарға себілген. Көксу қант зауытына 31 мың тонна қант қызылшасының өнімін өткізу жоспарланып отыр.

Картоп шаруашылығы – басым бағыттардың бірі десек, бұл дақыл 1313 гектарға егілген. Қазір оның 900 гектары жиналып, 21 мың тонна өнім алынған. Алдағы уақытта ірі инвесторлар әкеліп, картоп өндірісін өнеркәсіптік бағытқа алмастыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Алайда су шаруашылығы нысандарының ескіруінен суармалы егістік алқаптарының басым бөлігі тәлімді жер ретінде пайдаланылуда.

Қазіргі уақытта Жаманбұлақ, Талды­бұлақ, Матай тоғандары мен Еңкөл, Ара­лтөбе су қоймаларын күрделі жөн­деу бойынша жобалар іске асып жатыр. Ал келесі кезеңде Аралтөбе, Он­жас, Қоғалы, Бастау, Қарлығаш, Қы­зыл­мектеп, Шымылдық, Майтөбе, Ақтө­бе, Түлкілі суару арналарының 135 шақырымын қайта жаңарту көзделуде, жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен 148,9 млн теңге қарастырылған. Бұл жалпы аумағы 9515 гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Оның сыртында, Жоламан массивіндегі 700 гектар суармалы егістікті толық пайдалану үшін жаңбырлатқыш машиналар сатып алынып, егістік жұмысы жүргізілуде.

Төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін мал азығы қорының жоспары бекітіліп, шөп дайындау науқаны толық аяқталды. Яғни170,2 мың тонна шөп, 54,9 мың тонна сабан, 30,5 мың тонна пішендеме мен сүрлем, 38,0 мың тонна жемдік азық әзірленді.

Ауданда 9 мал бордақылау алаңы, 7 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл 200 басқа арналған 1 тауарлы сүт фермасын ашу  жоспарланып отыр.

 

Жетісу облысы