Балалар • 17 Қараша, 2023

«Ұлттық қор – балаларға»: Болашаққа бөлінген енші

315 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Қой егіз туса, бір түп жусан артық шыға­ды» дейтін халқымыз әр баланың өз несі­бесі бар екенін әуелден ескерген. Бұл, әрине, отбасының ырысын бала-шағаның несі­бесі деп санайтын түсінік қой. Бірақ біле-білгенге елдің де ен байлығында жас ұр­пақтың еншісі бар екені белгілі. Енді осы игілікті іс жүзінде сезіндіретін, яғни әр балаға ұлт байлығынан несібесін бұйыр­татын тың бастама «Ұлттық қор – бала­ларға» жобасы келесі жылдан бастап жүзе­ге асырыла бастайды. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсы­ны­сы­мен қолға алынған бұл көшелі ба­ғдар­­ламаны іске қосуға негіз болатын ар­наулы заң жан-жақты зерделеніп әзірленді. Кеше осы заңға Президент қол қойды.

«Ұлттық қор – балаларға»: Болашаққа бөлінген енші

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кейінгі жылдары мемлекеттің балалар­ға қамқорлығын байқататын маңызды бас­тамалар көптеп көрініс беріп жатыр. Бұл қатардағы бірегей бағдарлама – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Президенттің былтыр­ғы Жолдауында ұсынған бұл бастамасы, расында, балаларды болашағымыз деп білетін әділетті қоғамның қисынды қадамы болмақ. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвес­тициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударыла бас­тайды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға болмайды. Жиналған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қор, шын мәнінде, халқымыздың игілігіне қызмет етіп, бұдан бөлінген үлес өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына жолдама береді. 

Аталған бағдарламаны іске асыру тетіктерін егжей-тегжейлі екшеп, арнау­лы заңмен нақтылауға Парламент депутаттары атсалысты. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл заң жобасын әзірлеу, талқылау, мақұлдау барысында Ұлттық қордың табысының бір бөлігін балаларға үлестірудегі мәселелер барынша реттеліп, ұсыныс, түзетулер ескерілді.

ва

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «EQ»

– Заң бойынша, Ұлттық қордан балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражатты болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуына жұмсауға болады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Ұлттық банк қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Баланың туған күнінен немесе Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті мерзімі үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылып тұрады. Шотта жинақталған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда бұл құқығынан айырылады. Сондай-ақ төленетін қаражат салықтан босатылады. Бұған қоса осы құжатта мақсатты жинақтарды және оларды төлеуді тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу шараларын, алушы қайтыс болған немесе қайтыс болды деп танылған жағдайда мұрагерлердің оларды алу құқықтары белгіленді, – деді Б.Бейсенғалиев.

Парламент қабылдаған заңға сәй­кес, 18 жасқа толғанға дейін балалар «қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін «алушылар» санатына көшеді. Осы орайда 2023 жылдың 1 қазанындағы ресми дерек бойынша еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 7 млн адам екенін атап өткен жөн.

Ал «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үдерісі жөнінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтып берді. Оның айтуынша, аталған бағдарлама кезең-кезеңімен орындалады және ең алдымен, Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі.

– Қабылданған заңның негізгі мақ­саты – ересек өмірге қадам басатын өске­лең ұрпаққа ұлт байлығының бір бөлі­гін беру түрінде қолдау көрсету. Осы бағдарлама алғашқы тәжірибе екенін, Ұлттық қордың инвестициялық табысының өзі оң және теріс мәндер арасында құбылатынын ескере отырып, Заңды әзірлеу кезінде жыл сайынғы есептеу жүргізу үшін Ұлттық қордың өткен 18 жылдағы орташаланған кірісін есепті жылға қарай пайдалану ұсынылды. Осылайша, 2024 жылы 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың 2005-2022 жылдардағы орташаланған кірісін назарға алып, қаражат есептелді. Бала 18 жасқа толғанға дейін есептелген қаражат іс жүзінде Ұлттық қорда сақталады және Ұлттық банк инвестициялауды жалғастырады. Бұл жинақтар кәмелетке толған адамның ерекше меншігі болып саналады. «Ұлттық қордан» жинақталған қа­ра­жат бала 18 жасқа толған кезде уәкілетті операторларға өтініш бер­­геннен және шот ашқаннан кейін көр­се­тілген шотқа аударылады. Бала 18 жасқа тол­ғаннан ке­йін­ шоттағы қаражат 10 жыл­­ бойы­ сақталатын құқық беріледі. Шот­­та­ғы қаражат 10 жыл ішінде талап етіл­ме­ген жағдайда сол адамның зей­нетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Ал егер жинақ иесі азаматтығын өзгерткен болса, төлемдерге талап қою құқығы да жо­йылады, – деді Д.Темірбеков.

Балаларға бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын іске асыру­ үшін жобаның операторы­ ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды. Бұл оператор жыл ішінде дүниеге келген, қайтыс болған, азаматтық алған және азаматтықты өзгерткен балалар санын нақтылайды. Деректер толықтай нақтыланғаннан соң Ұлттық банк кәмелет жасына жеткен балаларға төлем жасау үшін қажетті соманы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. БЖЗҚ қаражатты балалардың мақсатқа сай пайдалануы үшін екінші деңгейлі банкте немесе ұлттық пош­­та операторында ашылған шотына жібереді. Жалпы, бұл үдерістерге дейін, ең алдымен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі. Аудит нәтижесіне сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің мәні мен оның 50 пайызының мөлшері анықталады. Осы орайда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов біршама мағлұматпен бөлісті.

– БЖЗҚ әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибеге ие. Қордың дербестендірілген есеп пен қашықтан қызмет көрсетуге арналған бірегей ақпараттық-технологиялық жүйелері, халыққа қолжетімді қызмет­тер көрсететін дамыған өңірлік желісі бар. Ұлттық банк жыл сайын БЖЗҚ-ға Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің (ОИК) 50 пайыз сомасы, ОИК мөлшерлемесі және қатысушылардың нысаналы талаптарына есептелген табыс сомасы туралы ақпаратты қамтитын есепті жібереді деп көзделіп отыр. БЖЗҚ жыл сайын қаңтар айында Әділет министрлігіне салыстыру үшін есепті жылдың 31 желтоқсанының аяғындағы жағдай бойынша балалардың, яғни «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерек­қорынан алынған мәліметтер негізінде дербес қалыптастырылған нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін беріп отырады. Баланың бағдарламаға қатысушы екені туралы ақпаратты заңды өкілдер egov.kz порталындағы өзінің жеке кабинетінен ала алады. Бұған қоса бағдарлама бо­йынша үнемі жасалып отыратын есептер enpf.kz ресми сайтында жарияланады, – деді Ж.Құрманов.

Арнаулы құжатта балалардың шотына жиналатын қаржының құн­сызданбауы жағы ескерілді. Бұл үшін балаларға аударылып отырған барлық қаражат доллар бағамымен есептеледі. Сонымен қатар қандай да бір келеңсіз оқиға орын алып, бала қайтыс болған жағдайда жинақтар мұраға қалдырылады. Мұрагер ретінде баланың бауырлары немесе ата-анасы бола алады. Жинақтар мұрагерлердің шотына доллар бағамымен есептеліп, аударылады.

Ұлттық қордың қазіргі ахуалын, ондағы инвестициялық табыстың 50 пайыз көлемін ескеріп есептегенде, 18 жасқа толғанша әр баланың шотына кемі 3 мың долларға тең қаражат жиналады екен. Мұны бүгінгі бағаммен теңгеге шаққанда 1,5 млн-ға жуық қаржы. Осы ретте экономист Мақсат Халық қордың табысын арттыратын тетіктерді қарастыру керек екенін алға тартты.

– Шынын айту керек, қазіргі күні Ұлттық қордың инвестициялық кірісі айтарлықтай көп емес. Бұл шамамен 2,5 пайыз көлемінде ғана болып тұр. Жалпы көрсеткішке қарасақ, кейінгі 10 жылдағы инвестициялық табыс та осы маңайда болған. Сонда балаларға бөлінеді деп отырған бұл қаражаттың мардымды емес екенін аңғарамыз. Қазір біздің Ұлттық қорда 57 млрд доллар болса, бұл 2,5 пайызға өсіп отыратын болса, бұл пайызды барлық балаға шаққанда көп қаржы шықпайды. Сондықтан біз сарапшылар ретінде инвестициялық кірістің көлемін арттыру керек деген ұсыныс айтып жүрміз. Мысалы, Норвегияның ұлттық қорын қарайтын болсақ, ондағы инвестициялық кірістің орташа көлемі 7 пайызды құрайды. Демек бізде де бұл көлемді кемі 5-6 пайызға арттыруға мүмкіндік бар екенін байқаймыз. Бұл үшін Ұлттық қорға жауапты орган – Ұлттық банктің өкілдері нарықты зерттей отырып, инвестициялық кірісі жоғары болуы үшін қаражатты қандай жерлерге салуға болатынын зерделеу керек. Екіншіден, өзімнің тарапымнан сыртқа кеткен активтерді қайтарып, Ұлттық қорға түсіру керек деген ұсынысты көтеріп жүрмін. Шетелге кеткен активтердің көлемі орташа 200 млрд доллар деп бағаланады. Осы қаржының ең болмаса 100 млрд долларын қайтара алсақ және оны осы Ұлттық қорға түсіретін болсақ, онда бізде 150 млрд доллардан аса кірістілік болады. Сонда балаларға бөлінетін қаржы да үш есеге жуық көбейетін еді, – деді М.Халық.

Сонымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап іске қосылады. Ал 1 ақпаннан бастап балалардың шотына алғашқы қаржы түсе бастайды. Яғни қаңтардан бастап бір айда қаржы көлемі есептеліп, балалардың санына бөлінеді. Сондай-ақ келесі жылы 18 жасқа толатын балалар сол уақыттан бастап шотына түскен қаржыны пайдалана беруіне болады. Ал ата-аналар БЖЗҚ порталына кіріп, сол жақтан баланың ЖСН-сын енгізіп, қаражаттың түскенін тексере алады.