Қоғам • 17 Қараша, 2023

Газа секторынан Қазақстан азаматтары елге оралды

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Газа секторында қалған Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері бүгін Алматыға ұшып келді, деп хабарлайды Egemen.kz Сырты істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Газа секторынан Қазақстан азаматтары елге оралды

Фото: pressmfakz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша  Сыртқы істер министрлігі Газа секторында қалып қойған отандастарымызды эвакуациялады.   

«Бүгін арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді. Әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға уақытша баспана беріліп, оларға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетіліп жатыр. Сәтті іске асырылған эвакуациялау Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі. Таяу Шығыс өңірінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылығымен келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР СІМ азаматтарымыздың Газа секторынан қауіпсіз және еш кедергісіз шығуы туралы уағдаластыққа қол жеткізді», делінген ақпаратта. 

Қазақстанның дипломаттары қақтығыс аймағында қалған жерлестерімізге көмек көрсетіп, эвакуациялау жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.