Мәдениет • 19 Қараша, 2023

«Мың бала» жобасының қорытындысы

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада «Мың бала» үздіктері марапатталды. Өзге этнос өкілдері жеткін­шек­­терінің арасында ұйымдастырылған республикалық мәдени-ағарту жобасында өңірлерден 35 жеңімпаз анықталды. Ізгі бастамаға Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған.

«Мың бала» жобасының қорытындысы

Жыл сайын өткізілетін жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақты, оның ішінде өзге этнос өкілдерінің жасөс­пірімдері арасында елдегі бірегей­лікті нығайту, мемлекеттік тілді меңгеру­ге ынталандыру. Салтанатты іс-шара­ға Қазақстан халқы Ассамблеясы төр­аға­сының орынбасары – Президент Әкім­­шілігі ҚХА Хатшылығының мең­герушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ыс­қақов, Сенат депутаттары, этномә­дени бірлестіктердің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.

– Тіл тағдыры – ел тағдыры. Жобаға тартылған мыңнан аса жасөспірім қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақы ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр. Жерінің тарихы мен тілін меңгеріп өскен ұрпақ болашақта ел іргесінің бүтін болып қалыптасуына ықпалдасады. Бұл жоба татулықтың, бірліктің бастауы. Сондықтан осы игі іске атсалысып, үлес қосып жүргендеріңізге алғыс білдіремін, – деді Марат Әзілханов.

«Мың бала» жобасы аясында барлық аймақта жыл бойы түрлі бағыт бойынша қазақ тілін меңгеруге арналған 6 мың­нан астам іс-шара мен байқау өт­кізіл­ген. Оған биыл 320 мыңнан аса бала қаты­сыпты. Қорытынды кезеңде вокал орын­даушылар, домбыра мен қобыз аспа­бында ойнайтындар «Өнерлі өрге жүзер», ал мәнерлеп оқитындар мен жас ақындар «Жарқыра, жас дарын!» аталымдары бойынша іріктелген. Кейін үздіктер елордада бас қосты. Іс-шарада Мәдениет және ақпарат вице-ми­нистрі Қанат Ысқақов мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілетудің маңызына тоқталды.

– Кейінгі жылдары өзге этнос өкіл­дері­нің қазақ тілін меңгеруге деген құш­тарлығы артып келеді. Мемлекеттік тілді меңгеруде айрықша ынта-ықылас танытып, тіл білгенінің арқасында биік белес­терден көрініп жүр. Осы орай­да мемлекет тарапынан қазақ тілін үйренемін деушілерге барлық жағ­дай жасалған. Түрлі кітап, жинақтар мен бейнежазбалар көпке қолжетімді. Ми­нистрлік әлеуметтік желілерде этнос­аралық тақырыпқа қатысты сапалы қазақ тілді контентті дамытуға, түрлі әлеуметтік-мәдени топтардың жастары үшін бірыңғай мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталған жобаларды қолға алып, жүйелі іске асырып жатыр. Соның бірі – «Мың бала» жобасы, – деді вице-министр.

Жеңімпаздар арасында «Жарқыра, жас дарын!» аталымы бойынша Астана қаласынан Полина Марталер, Алматы қаласынан Шахмина Турганова, Шымкент қаласынан Дурдана Абдурах­манова, Абай облысынан Александар Дуденко, Ақмола облысынан Альбина Азат, Ақтөбе облысынан Анастасия Лымарь, Батыс Қазақстан облысынан Амир Исембаев, Жамбыл облысынан Саид Айденов, Жетісу облысынан Карина Сёмкина, Солтүстік Қазақстан об­лысынан Айсун Асланова жүзден жүй­рік деп танылды. Ал «Өнерлі өрге жүзер» аталымында озық болғандар қатарында Солтүстік Қазақстан облысынан Никита Скоба, Түркістан облысынан Дильноза Таджимет, Ұлытау облысынан Ксения Гапоненко және Ильнар Сабиржанов, Павлодар облысынан Алексанад Тарасенко, Маңғыстау облысынан Сафия Амангалиева бар. Олар іс-шарада қазақ ақындарының туын­дыларын мәнерлеп оқып, мәде­ниет қайраткерлерінің музыкалық шығар­маларын нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ өнерпаздар өздері шығарған өлең­дерін жиналған қауымға паш етті. Ізба­сар­ларына «Мың бала» жобасының 2015 жылғы жеңімпазы, Сенат депутаты Ген­надий Шиповских игі тілегін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ал­ғаш­қы Жол­дауында «Қазақ тілі – ұлт­ара­лық қаты­нас тіліне айналуы керек» деп атап көр­сетті. Президент тапсыр­масы негізінде күні бүгінге дейін ҚХА біраз іс-шараны ұйым­дастырды. Мемле­кет­тік тілдің мәрте­бесі қашанда биікте. Астана төрінде респу­бли­ка­ның түкпір-түкпірінен жиылып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сайрауы соның айқын көрінісі. Жеткіншектердің мерейі үстем, болашақтары жарқын болсын, – деді ол.