Жергілікті халық ауылдың батыс бөлігін элеватор жағы деп атайды. Оның себебі аудандық орталықтандырылған аурухананың қасымен өтетін өткел элеватормен жалғастырады. 2021-2022 жылдары ауылішілік жолдарға асфальт төселгенде өткелге күрделі жөндеуден өткіземіз деп, бұрынғы салынған жіңішке темір трубаларды алып тастап, диаметрі үлкен 11 темір труба салды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2021 жылы 28 ауылішілік көшелер күрделі жөндеуден өтетіні анықталып, конкурс қорытындысы бойынша жоба мердігерлері болып «Айдана» ЖШС мен «Ануш Құрылыс» ЖШС анықталды. Күрделі жөндеуге анау-мынау емес, республикалық және облыстық бюджеттен 1 779 121 000 теңге қарастырылғанын естіген аудан тұрғындарының қуанышында шек болмады.
Жыл сайын жаз бен күз айларында жаңбырдан, жазғытұрым қар суынан зардап шегетін жағдайды ұмытатын болармыз деп армандаған еді...
Ескі өткел болған шақта ауыл малының су ішуіне, қаз-үйректің еркін жүзуіне арнаның суы жетпей жататын. Элеватормен жалғастыратын көпірдің үстімен өтетін күрделі жөндеу тізіміндегі 28 көшенің бірі осы еді.
Жоғарыда жазғанымыздай, су толып тұратын өткелді бұзып, жаңа су жүретін темір сақиналар салды емес пе? Не себепті екені белгісіз, темір сақиналардың су ұстау биіктігі төмен түсірілді. Сол себепті жазғытұры жиналатын қар суы Деркөл өзеніне ағып кетіп жатты.
Бос қалған су арнасының орнына қамыс қаулап өсті. Қамысты шауып, арнаны тазалау жөнінде тиісті орындарға тұрғындар атынан арыз-шағымдар жазылды. Бірақ шара қолданып жатқан басшы жоқ.
Жазғытұры гүлдері, күзде үпелектері ұшып мазаны қашырады. Күшті жел тұрғанда, ық жағындағы үйлерді аппақ түсті «қар» басып, ұшқан үпелектері адамның дем алуына кесірін тигізіп, мұрындарын тұмшалайды. Әзірше өткелде жасалған күрделі жөндеудің сиқы осындай.
Су арнасында қалмай ағып кететіні былай тұрсын, салынған 11 темір сақинаның түптері цементтеліп бекітілмеген. Соның салдарынан жаңбыр мен қар суы өткелдің үстінен жан-жағына ағып, машиналардың қозғалысына қауіп туғызып отыр.
Қазір трубалардың суағар жағындағы бос топырақ өткелдің орта беліне дейін мүжіліп, қауіпті жағдайда тұр. Оның үстіне жаяу жүргіншіге арналған жол жоқ. Әрлі-берлі ағылған машиналардан қарсы келе жатқан адамдар қалай қашарларын білмей дал. Балалар үшін де, үлкендер үшін де өте қауіпті.
Ауылдың күншығыс теріскей жағында колледж, аудандық орталықтандырылған аурухана, бірнеше балабақша, сауда орындары бар. Сондықтан сол тұстан ертелі-кеш кісі үзілмейді. Жаяу жүретін тұрғындар үшін де, мектепке баратын оқушылар үшін де, әсіресе машина жарығы шағылысқан түн мезгілінде өту қауіпті екенін кімге айтып түсіндіреріңді білмейсің...
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға сәйкес автокөліктерге арналған тасжолдармен қатар кейбір көшелерге жаяу жүргіншілерге арналған жаяужолдар да салынатыны айтылған болатын. Енді, міне, бәрі ұмытылып, ескерусіз қалғандай. Көзге көрінген осындай олқылықтар мердігерлердің кемшілігі екені айтпаса да түсінікті.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі – су.
Осы өткелдің қақ түбінен шығып жатқан тұп-тұщы бұлақ суы бар. Бұл бұлақты кеңес өкіметі тұсында сол кездегі ауыл басшысы айналасын темір тормен қоршатып, дәнекерлеп, оның үстіне цемент сақина орнатып, су алу үшін әдейі ыдыс қойдырыпты. Кейінгі тоқырау жылдарында жарық болмай қалған уақытта ауыл тұрғындары осы бұлақты пайдаланып, біраз қажетіне жаратыпты.
Қазір сол жер астынан шығып жатқан бұлақтың қоршаған темір қоршауы ғана қалған. Цемент сақинасын жұлып алып лақтырып тастаған. Бұлақты қалпына келтіру жөнінде ауылдың бұрынғы және қазіргі округ әкімдеріне ауызша да айтылып, жазбаша да өтініштер берілген еді. Амал қанша, тұрғындар талабы ескерусіз қалды. Осы мәселені жергілікті билік өкілдерінің есіне тағы бір мәрте салып қойғанды жөн көрдік. «Темір трубалардың екі жағын цементтеп берсе, өткелдің негізгі бөлігін кеңейтіп, жаяу жүргіншілерге арнап жаяужол салынса, бұрынғы бұлақ қалпына келтірілсе» деген тұрғындар өтініші аяқсыз қалмаса екен.
Тасқалалық тұрғындар ауылдың элеватор бөлігіне өтетін өткелдің және бұлақтың қажеттігін мәселе етіп көтеруден танған емес. Таяуда аудан әкімі қызметіне кіріскен Талғат Шәкіров үміткер ретінде аудан әкімдігіне кандидат болып тіркеліп, аудан тұрғындарымен кездескенінде тұрғындарды толғантқан өзекті мәселелерге бар күш-жігерін салатынын айтқан болатын. Сол уәдесіне сай өткел мен бұлақ мәселесі толық шешімін табады деп үміттенеміз.
Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,
зейнеткер, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Тасқала ауданы,
Тасқала аулы