Кәсіпқой бокс • 20 Қараша, 2023

Мейірімнің мерейі үстем

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары Ташкентте бірқатар мемлекет өкілдерінің қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтті. Аталған жарысты тамашалау үшін көптеген атақты спортшылар келді. Солардың қатарында кезінде аса ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған даңқты Майк Тайсон мен Эвандер Холифилд те болды.

Мейірімнің мерейі үстем

Сойқан соққылы саңлақ­тардың өнерін тамашалау үшін жанкүйерлер «Хумо Аре­наға» көптеп жиналды. Жа­рыстың басты жекпе-жегінде ара-тұра кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген әуесқой бокстың шоқ жұлдызы Баходир Жалолов пен Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) мық­тысы Крис Томпсон жұды­рықтасты. 29 жастағы Өзбекстан мақтанышының Олимпия (2021) мен Азия ойындарының (2022) жеңімпазы, әлемнің екі (2019, 2023) және Азияның үш (2017, 2019, 2021) дүркін чемпионы деген атақтары бар. Баходир Жа­лоловтың біздің Қамшыбек Қоң­қабаевты үнемі қапы қал­дырып жүргенін жұрт жақсы біледі. Кәсіпқойлар арасында Баходир 13 кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдық танытты. Әзірге бірде-бір боксшы оның қарқынына шыдамады. 28 жастағы Томпсон кәсіпқой рингте 2007 жылдан бері бақ сынап келеді. Алты жыл аралығында 18 мәрте шаршы алаңға көте­рілген ол 12 рет жеңіске жетіп, 5 рет ұтылды. Тағы бір тартыс­та тең есеп тіркелді. Крис жеті қарсыласын есінен тандыр­ды. Бірақ бұл бәсекенің бастал­ғанынан аяқталғаны тез болды. Баходир бірінші раундта-ақ ОАР өкілін ауыр соққысымен сұлатып салды.

Жарыстың басты бәсе­ке­ле­рінің бірінде қазақтың ұлы Мейірім Нұрсұлтанов ит арқасы қияндағы сонау Чилиден келген Хулио Аламоспен айқасты. 30 жастағы қандасымыз 20 жекпе-жектің бірде-біреуінде ұтылған емес. 11 қарсыласын ол нокаутқа жіберді. 32 жастағы Сантьягоның тумасы алғашқы 16 кездесуін жеңіспен аяқтап, тоғыз бәсекелесін айқын жеңді. Соңғы рет биыл жазда италиялық Эти­нос Олихаға ұпай санымен есе жіберді. Соның салдарынан чилилік спортшы IBO нұсқасы бойынша алтын белбеуді иелену мүмкіндігінен айырылды. Таш­кенттің төрінде екеуі де аянбай айқасып, бәсекенің басынан аяғына дейін барын салды. Десек те Мейірімнің басымдығы бай­қалып тұрды. Оның соқ­қылары жойқын болды және дәлірек тиді. 12 раундқа созылған сайыс­та қандасымыз ұпай санымен жеңіске жетті. Сөйтіп, Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақтағы WBC нұсқасының чемпиондық белбеуі үшін таласу мүмкіндігіне ие болады. Ал бұл атақ әлі де жеңілістің кермек дәмін тат­паған АҚШ-тың даңқты боксшысы Джермалл Чарлоға тиесілі.

Өкінішке қарай, рейтингтік бәсекелерде өзбек боксшыларына қарсы шыққан үш жерлесіміз оңбай сүрінді. Атап айтсақ, Ар­тем Пчеляков Шухрат Аб­дуллаевтан, Богдан Өтегенов Ком­рон­бек Тұрғынбоевтан нокаутпен жеңілсе, Ходжиакбар Ка­ди­рохуновтан ұпай санымен ұтылды. Әйтеуір аса ауыр сал­мақ­тағы Мұхитдин Әбдиевтің Шер­зод Мамажановқа әлі жет­кені көңілге медет болды.