Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді.
Қазақстанның жаһандық брендіне айналған Астананың Шығыс пен Батыс сәулет өнерлерінің жауһарларын үрдей үйлестірген сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті төрткүл дүниені жылдан-жылға тамсандырудан бір танбай келеді. Астананың ақылгөй авторы, заманауи реформатор Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің беделін баламасыз бас қаласымен барша әлемге паш етіп, Алаш айбынын асқақтатуды аңсаған ата-баба аманатын ұлықтауды армандаған еді. Арман ақиқатқа айналды. Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының мәңгі айбары – ару Астана ет жүрегі елім деп соққан Елбасының, Арқа төсіндегі ғасыр ғажайыбы авторының ақыл-ойы, мақсат-мүддесі, арман-қиялының қыш болып қашалып, тастай құйылып, болашаққа мұра қылған белгісіндей күннен-күнге биіктеп барады.
Елорда – Елбасының төл перзенті. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың алғашқы қазығы қағылған күннен бастап, қаланың әрбір ғимаратын, әрбір құрылыс алаңын жүрегінің жылуымен аялап, бас жоспарынан бастап, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды. Болашақ бас қаланың бас жоспарын жасауға тұңғыш халықаралық байқау жариялатып, әлемдік сәулет өнерінің сұңғылалары жіберген жүздеген жобаларды сараптаудан өткізді. Сол бір сындарлы сәттерді Мемлекет басшысы өзінің “Еуразия жүрегінде” атты кітабында былай деп еске алады: “Конкурсқа айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкстан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп, конкурс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілердің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның (шын аты Нориаки деп біршама басқаша аталады) жобасы қабылданды”.
Иә, әлемдік сәулет өнері тарихында өзіндік қайталанбас талантымен танылған, Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы “Витоша” қонақүйі, “Сони” корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы, атақты жапон архитекторы Кисе Курокава Астана бас жоспарының атасы атанды. Курокаваның бас жобасы бойынша жүзеге асырыла бастаған Астананың архитектуралық ансамблі бүгінгі заманның өскелең дизайні мен Азияның сәулет колоритінің бірегей үндестігін құрайды.
Доктор Курокава Астананы дамытудың бас жоспарының негізіне жаңа философиялық көзқарасты тұғыр еткен. Оның тұжырымдауынша “ХХ ғасыр Механикалық Принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр Өмір Принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы “симбиоз” атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс”. Ақиқатында қала құрылысының бұл жаңа идеологиясы жаңа ғасырдағы қалалар тұрғызудың шешуші бағытына айналуы мүмкін. К.Курокава идеясының мәні, қала құрылысы мен табиғи экологиялық жүйенің үйлесімдікпен дамуы болып табылады.
Қала құрылысы доктринасының нақ осындай үлгісі тұңғыш рет Астана қаласы құрылыс алаңдарында тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақстандық архитекторлар Астана қаласының бас жоспарына уақыт өте келе өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізді. Бұл орайда өңірдің экологиялық жүйесімен қала құрылысының бірегейлене салынуына басты назар аударылды. Елорданың бас архитекторы Елбасы өңірдің табиғи жағдайларын, ауа райының құбылмалылығын ескере келіп, қала маңында жасанды орман алқабын қалыптастыруды күн тәртібіне қойды.
Мемлекет басшысының бастамасымен “Жасыл аймақ” мемлекеттік кәсіпорны құрылып, Астана аумағын көгалдандыру шаралары қолға алынды. Қаланы Арқаның аңызақ желі мен сұрапыл дауылдарынан қорғау үшін жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, жасыл белдеу жасалынды. Халық арасында “Президент орманы” аталып кеткен бұл жасыл белдеу бүгінде 50 мың гектар алқапты алып жатыр. 10 жыл ішінде бой көтерген ағаштар сыңсыған жынысты орманға айналды. Қазір бұл орманда қоян, түлкі, қарсақ, елік сияқты аңдармен қатар, өңірдің сәнін келтіретін жүздеген құстар ұя салуда. Елбасының алға қойған мақсаты бойынша, алдағы уақытта бұл Астана орманы Бурабай өңіріндегі қалың табиғи орманмен қосылуы керек. Сонымен бірге қаланың ішін көгалдандыру, әрбір құрылыс алаңын жасыл желекті баққа айналдыру жұмыстары да кең көлемде жүзеге асырылуда. Міне, осылайша доктор Курокаваның архитектуралық идеясының арманына айналған “симбиоз” жүйесі алғаш рет Астанада жүзеге асты.
Сөйтіп, экологиялық жүйемен өзара үйлесімді жарасымдылық табатын қала құрылысын салудың “симбиоз” атты жаңа идеологиясы Арқа төсінде өмірге келді. Нәтижесінде жартылай шөлейтті қазақ даласында төрткүл дүниені тамсандырған жерұйық қала – Астана салтанат құрды.
Ақиқатында Астана құрылысы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына айналды. Көкжиекпен көмкерілген жазира далада аспанмен таласқан ғимараттар сән жарастырып, сәулет өнерінің салтанатын асырды. Астаналық архитектуралық ансамбльде шығыс сәулет өнерінің жауһарлары мен батыс сәулетшілерінің батыл идеялары жарқырай көрініс тапты. Бас қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші Кисе Курокава жасаса, Астананың архитектуралық айбынын айшықтаған “Пирамида” мен “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығы атақты ағылшын архитекторы Норман Фостердің шығармашылық ізденісінің жемісі, ал бас қаланың сәулет және мәдени өмірінің сәнін асырған киноконцерт залы италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің қолтаңбасы болып табылады.
Лондон қаласындағы атақты Mіllennіum Brіdge ғимаратын, Пекиндегі әлемдегі ең ірі әуежай құрылысын салған ағылшын сәулетшісі, бүгінгі әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың сұңғыла көшбасшыларының бірінен саналатын Норман Фостер дүние жүзі таныған реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен жүзеге асырылып жатқан қазақ даласындағы ғасыр ғажайыбы – Астана қаласының құрылысынан сырт қала алмады. Мемлекет басшысының шақыруымен ол ғасырлық құрылыс алаңына келіп, Президенттің тікелей тапсырмасымен бас қаламыздағы Бейбітшілік және келісім сарайының ғимаратын тұрғызды. Сонымен бірге атақты архитектор әзірге сәулет өнерінде баламасы жоқ “Хан шатыр” ғимарат кешенінің құрылысын салды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ САРАЙЫ “Әлемдегінің барлығы уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады” (көне египет мақалы).
Мысыр еліндегі ғасырлар қойнауынан сыр шерткен пирамидалар әлемнің жеті кереметінің бірінен саналады. Көне заманда тұрғызылған пирамидалар уақытпен тайталасып, мәңгілікті паш етіп, әлі күнге дейін ғалымдарды қайран қалдырып келеді. Ұлыбританиялық сәулетші Норман Фостер Астанадағы пирамида тұрғысындағы бұл сарайдың құрылысын 2006 жылы жүзеге асырған болатын.
Пирамиданың биіктігі – 62 метр. Ол топырақтан тұрғызылған биіктігі – 15 метр жасанды төбешіктің үстіне салынған. Астанадағы Пирамиданың жалпы аумағы 25,5 мың шаршы метр алаңды алып жатыр. Ғимараттың құрылысына 12 мың шаршы метр гранит тасы, 52 мың метр құрылыс ағашы, 15 мың тонна құйма бетон, 900 шаршы метр шыны жұмсалған. “Сембол-Иншаат” компаниясы ғимаратты 13 айдың ішінде салып бітірген.
Пирамиданың бірінші қабатында 1,5 мың орындық опера залы орналасқан. Залдың қақ ортасында үлкен сахна бар. Сахнадан 2,8 метр төмендікте оркестрге арналған орын лайықталған. Оған 80 адам сияды. Төртінші қабатта патша зал – Атриум залы қоныс теуіпті. 2090 метр аумақты алып жатқан Атриум залынан кейін “Бесік” залы бар. Залдың “Бесік” деп аталуының астарында әлемдегі негізгі 4 діннің арасында ешқандай алауыздыққа жол берілмей өмір сүру мағынасы жатыр. Залдың архитектуралық ансамблі тыныштық пен татулық бесігінде тербеле өмір сүруге үндейді.
“ХАН ШАТЫР”
Лорд Норман Фостердің қиялынан шыққан тағы бір сәулет ғажайыбы – “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығының ғимараты болып табылады. Бұл құрылыс Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба болып табылады. Тұғырлы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған бұл кешеннің биіктігі 200 метрді құрайды. Оның негізгі қаңқасы фторполимермен қапталған ұсақ торлы алып шатырдан тұрады. Қаптауға пайдаланылған фторполимер ETFE – жарықты молынан өткізіп, ғимараттың ішін ыстық пен суықтан қорғайтын ғажап құрылыс материалы болып табылады. Құрылыс нысанының металл қаңқасы – 2300 тонна, шатырдың биіктігі – 150 метр.
“Хан Шатырдың” ішкі көлемі 110 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Бұл сауда және ойын-сауық орталығында ең үлкен қалалық бақ, ірі сауда орталықтары, кинотеатр, концерт залдары болады. Сонымен бірге ғимараттың барлық қабаттарында дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан. Орталықтың ішінде тропикалық бақтар, гүлзарлар, субұрқақтар бар. Шатырдың шырқау биігінде 38 метр аумақты алып жатқан төңіректі тамашалау мұнарасы болады. Осы мұнараға шыққан астаналықтар мен қала қонақтары елордамыздың ерен бейнесін құс қанаты жететін биіктіктен тамашалайды. Балалардың тамаша демалысы үшін биіктігі 7 және 4 метрді құрайтын су сырғанақтары жабдықталған.
“АБУ ДАБИ ПЛАЗА АСТАНА”
Көркімен де, келбетімен де, көлемімен де көңіл өсіретін Астананың архитектуралық ансамбліндегі тағы бір айшықты құрылыс – Н.Фостердің ізденісінен туындаған “Абу Даби Плаза Астана” кешені болмақ. Құрылысы қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан бұл кешен биіктігі 88 қабат болатын мұнарадан, қонақ үй кешендерінен, мейрамхана-ойын-сауық орталығынан, дәстүрлі шығыс базарынан құралған. Сонымен бірге мұнда футбол алаңындай көлемді алатын қысқы бақ қоныс тебеді. Арқаның ақырған аяздарында бұл баққа келген астаналықтар шіліңгір шілденің ауасын жұтып, қысқы бақтың көк-жасыл кереметін тамашалайды. Бұл кешенде жеңіл метро-стансасы жұмыс істейтін болады. Кешен тәулік бойы жұмыс істеп, тұтынушылардың демалысы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды.
“БУРАБАЙ ЛЕЙКС РЕЗОРТС”
Астананың архитектуралық доктринасына сәйкес бас қала сәулет өнерінің өскелең жетістіктерімен бірге табиғаттың тамаша тартулары жиынтығының симбиозын үйлестірген ХХІ ғасырдың ғажайып туындысы екендігін паш етті. Шындығында да жақын болашақта Астана туристік Меккеге айналады. Оған Британияның белгілі архитекторы Эрик Кюхненің жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан “Бурабай Лэйкс Резортс” кешенді демалыс аймағы дәлел болмақ. Эрик Кюхненің пікірінше Бурабайды Альпі, Анд немесе АҚШ-тың Құзды таулары сияқты әлемдік курортты аймақтармен ғана салыстыруға болады.
Егер Бурабай курорты толық мүмкіндігінде жұмыс істейтін болса, оған демалу үшін Қазақстанның жарты халқы келеді, дейді британдық сәулетші. Жоба толық жұмыс істей бастаған кезде Бурабайға жыл сайын 90 миллион турист келетін болады. Сонымен бірге мұнда еліміздегі құмар ойындар орталығы орналасады. Қорыта айтқанда, жер ұйығы Бурабайда табиғат құдіретімен жасалынған су, орман, тау ерекшеліктеріне негізделген барлық демалыс түрлері жұмыс істейді. Еліміздегі ең үлкен гольф алаңы да осында орналастырылмақ. Ең бастысы, осы өңірдің 50 мың тұрғыны тұрақты түрдегі жұмыспен қамтылады.
***
Хью ПИРМАН, Британдық архитектура сыншысы. Әлем пирамидасы дала төсіндегі жаңа елордада салынатын орасан зор пирамида, ол қазіргі заманғы әлем кереметінің бірі бола алады. Ғимарат бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің, зорлық-зомбылықтан бас тартудың, адамдардың сенімі мен теңдігін нығайтудың нышаны болады деп жоспарлануда. Осындай ғимарат салуға тапсырыс беру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болу керек.
***
Жан-Клод РИГЕ, Халықаралық Сәулетшілер одағының Бас хатшысы. Халықаралық Сәулетшілер одағының Құрмет белгісімен ерекше жағдайларда әлемнің түрлі елдерінен сәулет өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан аса көрнекті қайраткерлер марапатталады. Жоғары награда Президент Н.Ә.Назарбаевқа оның Қазақстан сәулет өнерін дамытуда көрсеткен, әсіресе жаңа елорда – Астана қаласының салынуына байланысты көрсеткен айрықша көмегі мен қолдауы үшін берілген еді.
***
Шота УӘЛИХАНОВ, сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Қала дүние жүзіндегі үздік архитектура бойынша салынып жатыр. Мұнда бой көтерген кешендер, әуелі, әлемдік сәулет өнерінің жаңа туындылары болса, екіншіден, қазақ халқының арман-мұратын бойына сіңірген дүниелер. Әсіресе “Бәйтерек”, “Қазақ елі” секілді алып нысандар көне тарихтан сыр шертіп тұр. Бұл халық санасындағы қиял-ғажайыптың тірілген болмысы.
Осылайша жаңадан дүниеге келген Астана сұлулықтың, әдеміліктің символы. Кешікпей тұсауы кесілетін “Хан Шатыр”, “Абу-Даби Плаза Астана” кешендері мен 30 мың орындық жабық стадион, 3500 орындық киноконцерт залы елорданың ажарын ашатын дүниелер екені анық.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.