Ауыл • 20 Қараша, 2023

Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жолы

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл мектептерінің білім сапасын көтеруде «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының игі дәстүріне айналған «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының маңызы зор. Аталған жоба бірнеше жылдан бері Батыс Қазақстан өңіріндегі біраз мектепке оң ықпалын тигізіп келеді.

Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жолы

Халқымыз айтпақшы, ұстаздар қауымы – «бір терінің пұшпағын илеп жүрген» жандар. Оқу деңгейін көтеріп, сапалы білім арқылы саналы да саламатты ұрпақ қалыптастыруды ортақ мақсат тұтады. Осы тұста, ауыл мектептеріндегі әріптестерімізді қолдау, командасының бір мүшесі болу – мен үшін зор ғанибет, үлкен тәжірибе. Биылғы оқу жылында NIS командасы болып, Сырым, Бөрлі, Жәнібек аудандарына сапарға аттандық.

Әдістемелік көмек, алдымен, Ақсай қаласының №5 жалпы білім беретін мектебінен бастау алды. Бөрлі ауданының білім ордасы қазақ тілі, география пәндерінен ашық сабақ өткізіп, психология бағыты бойынша «Берік отбасы» бағдарламасы аясындағы бала мен ата-ана ынтымақтастығы туралы іс-шараны назарға ұсынды. Бұған қоса тірек мектеп педагогтері мектеп кітапханасына қатысты және роботтехника үйірмесінің шеңберінде туындаған сұрақтарға жауап алды.

Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы Ақсай мектебі оқушы­ларының ғылыми жобалар жәр­мең­кесін тамашалап, оқушылар мен мұғалімдерге зерттеу дағдыларын дамытудың тиімді тәсілдері жөнінде өз ойларын ортаға салды. Lesson study бойынша зерттеу жұмыстарына талдау жасап, білім ұясының әлеуетін дамыту жайында пікірлерін білдірді. Қос мектеп мұғалімдері кәсіби ашық диалогке түсіп, тәжірибе алмасты.

– Біз Назарбаев зияткерлік мек­тептері желісінің білім беру жүйе­­сіндегі үздік тәжірибемен бөлісе алдық. Ақсай қаласындағы №5 мектеп­ ұжымы өте ұйымшыл әрі өзгеріске дайын екені семинардың бастапқы кезеңінен-ақ байқалды. Ақсайдағы әріптестеріміз тығыз қарым-қатынас орнату арқылы оқыту мен бағалауға қатысты мәселелердің шешімін таба алды, – дейді Орал қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәкен Мыңбаев.

Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері Жәнібек ауданы Т.Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектеп ұжымына «Bookcrossing» шеңберінде 100-ден астам кітап сыйға тартты.

Тәжірибе тарату күні физика, математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, биология пәндерінен және бастауыш сынып, психология, IT бағытында ашық сабақтармен және кітапхана ісі бойынша семинармен жалғасты.

– Ашық сабақтармен қоса ғылыми жоба, эссе жазу алгоритмі, ата-аналарға арналған ашық тәрбие сағаты секілді іс-шараларға қаты­сып, кері байланыс орнаттық. Тайыр Жароков мектебіндегі әріп­тес­терімізбен келесі қадамдарды нақтыладық. Алдағы уақытқа жос­парды бірлесе құрдық. Коучинг сессиялары кезіндегі талқылауларда әріптестеріміз тәжірибелерінде кездескен қиындықтары мен мәсе­ле­лері бойынша жауап іздеуде ерекше белсенділік танытты. Білім сала­сын­дағы өзгеріске бейім, ынталы ұжыммен бірлескен жұмыс жалғасын табады, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жансәуле Мақсотова.

NIS мұғалімдері Жәнібек елді мекенінің мұражайымен, сондай-ақ­ оқушылардың жетістіктері көр­сетілген көрмемен таныс­ты­. Ауданның тарихи-өлкетану мұра­жайы мен елдегі қастерлі орындармен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Әріптестеріміз одан әрі қол­дау жұмыстарын Сырым ауда­нында жалғастырды. Алдымен, «Bookcrossing» акциясы бойынша Сырым ауданының Қадыр Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне 100 кітап тарту етілді. Кітап қорын толтыру салтанатынан соң, ауыл ұстаздары қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия, информатика пәндерінен ашық сабақ өткізді. Сонымен қоса «Қарым-қатынастағы эмоционалды мәдениеттілікті қалыптастыру» атты психологиялық семинар-тренинг пен кітапхана ісі бойынша тәжірибе жұмыстары өтті. NIS командасы тірек мектеп мұғалімдерінің жұмыстарына толықтай талдау жасап, «FILA» әдісі арқылы кері байланыс алды. Педагогикалық басқосу барысында қажетті өзгерістер ашық айтылып, қос мектеп ұстаздары бірлесе сабақ жоспарын құрды. Келесі айларда зияткерлік мектеп мұғалімдері Бөкей орда ауданындағы С.Бабажанов атындағы білім ордасына барады.

Қай саланың болсын өркендеу жолында мамандардың бір-бірі­мен пікір алмасып, тәжірибе бөліскені аса маңызды. Осы орайда, Назарбаев зияткерлік мектептері білім жүйесіндегі тиімділікті бөлісу іс-шаралары – ұтымды үрдіс. Бұған ауылдағы білім ошақтарының кері байланыс орнатуы мен көрсетіп жатқан нәтижелері дәлел бола алады.

Кемелді келешекке үлескер бірден-бір тұлға – ұстаз десек, мұғалімдер бірін-бірі толықтырып, бірге дамуға тиіс. Аталған жоба оң нәтижесін беріп жатыр. Алдағы уақытта өзге де өнегелі істер жалғасын табарына кәміл сенемін.

 

Әлия МАҚСОТҚЫЗЫ,

Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі