Елімізде халықтың еңбекке қабілетті бөлігінің үлес-салмағын көтеру күн тәртібінен түскен емес. Өйткені бұл экономика мен еңбек нарығының күретамыры екені белгілі. Ресми деректерге көз жүгіртсек, елімізде еңбекке қабілетті халық саны 2010 жылға дейін тұрақты өсіп отырғаны байқалады. Өсу қарқыны жастарда мол. Мәселен, 2010 жыл мен 2023 жылдың деректерін салыстырғанда 15 пен 64 жас аралығындағы халық саны 9,7%-ға (1,1 млн адамға) өсіп, 12,3 млн болған. 0-ден 14 жас аралығындағы балалар саны 48,7%-ға (3,9 млн адамнан 5,8 млн адамға дейін), ал 65 жастан асқан қарттар 51,4%-ға (1,1 млн адамнан 1,7 млн адамға дейін) өскен. Бұл ретте балалар мен егде кісілердің саны қарқынды өскені байқалады.
Экономикалық зерттеулер институтының сараптауынша, 2023 жылдың басында 15 пен 64 жас аралығындағы халықтың үлесі 62% болған. Бұл – ел тәуелсіздігі кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш. 2010-2023 жылдар кезеңінде еңбекке қабілетті халыққа жалпы демографиялық жүктеме коэффициенті 36,1%-ға өскен. Салыстырмалы түрде алғанда, 2010 жылы елде 1 мың еңбекке қабілетті азамат болса, 15-64 жас аралығындағылар – 450, ал 2023 жылы бұл сан 613 болған.
«Демографиялық жүктеменің жыл сайынғы өсуі балалар мен қарттардың есебінен жүреді. Ал кейінгі жылдарда егде адамдардың жүктемесі артты. Биыл еңбекке қабілетті жастағы мың адамға шаққанда демографиялық жүктеме 476 баланы (жиынтық жүктеменің 77,7%-ы) және 137 қартты (22,3%) құрады» дейді Экономикалық зерттеулер институтының сарапшы маманы Анас Әбуов.
Маманның айтуынша, бұл мәселеде демографиялық ахуалдың да әсері көп.
«Елдегі еңбекке қабілетті халық үлесінің жыл сайынғы төмендеуі негізінен туу көрсеткішінің жоғары деңгейімен және халықтың жас құрылымындағы өзгерістермен байланысты. Сондай-ақ өлім-жітімнің жас құрылымы (елдегі барлық өлім-жітімнің шамамен 40%-ы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі) және көші-қон өз әсерін тигізеді. 2016-2021 жылдар аралығында көші-қонның кері сальдосындағы 15-64 жас аралығындағы халықтың үлес салмағы орта есеппен 66%-ды құрады», дейді ол.
БҰҰ зерттеуінше, елімізде еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуі 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін. 2040 жылға дейін өсіп, одан соң қайтадан төмендеу басталады деп болжанып отыр.
«Экономика мен демография – қатар жүретін құбылыс. Елімізде еңбекке қабілетті халықтың ең көп үлесі және экономикалық өсу мүмкіндіктері 2000 және 2010 жылдары байқалды. Алайда халықтың жас құрылымының өзгеруі және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері әлі толық зерттелмеген», дейді сарапшы.
Демографиялық дивиденд деген ұғым бар экономикада. Бұлай деп негізінен еңбекке қабілетті жастағы (15 жастан 64 жасқа дейін) халықтың үлесі еңбекке жарамсыз жастағы (15 жасқа толмаған және 65 жастан асқан) халықтың үлесінен асқан кезде өзгерістерден туындауы мүмкін экономикалық жағдайды айтады. Экономистердің айтуынша, демографиялық дивиденд тұжырымдамасы алғаш рет 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында халықтың жас құрылымындағы өзгерістер мен Шығыс Азия елдеріндегі (Қытай, Оңтүстік Корея және т.б.) жедел экономикалық өсу арасындағы байланысты сипаттау үшін енгізілген. Зерттеу нәтижелері халықтың жас құрылымындағы қолайлы өзгерістер осы аймақтағы елдердің экономикалық негізгі факторларының бірі екенін көрсетті.
Қорытындылай келе, қазіргі төмен көрсеткіштер демографиялық жүктеменің ұлғаюынан болып отырғанын жаздық. Алайда сарапшылар халықтың жас ерекшелігіне байланысты бұл үрдіс уақытша жағдай екенін айтады. Мәселен, қазіргі жас ұрпақ ертеңгі еңбек адамы екені даусыз.