Футбол • 21 Қараша, 2023

Жанкүйерлер ұлттық құрама футболшыларын сән-салтанатпен күтіп алды

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан ұлттық құрама ойыншылары Словениядан елге оралды. Оларды жанкүйерлер мен Туризм және спорт министрі Е.Маржықпаев Н.Назарбаев халықаралық әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жанкүйерлер ұлттық құрама футболшыларын сән-салтанатпен күтіп алды

фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Бүгін Н.Назарбаев халықаралық әуежайында футболдан ұлттық құрама ойыншыларын салтанатпен қарсы алу рәсімі өтті.

«Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Кеше түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақымын қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер», деді Ермек Маржықпаев.

пп

Қарымта матчта ұлттық құрама қарсыласқа есе жіберсе де жанкүйерлер футболшыларды аса құрметпен, тиянақты дайындықпен күтіп алды. Жиналғандар футболшыларға құрмет ретінде дәліз жасап, сап түзеді. Арнайы банерлер арқылы жанкешті ойын үшін елдің алғысын жеткізді.

дд

Өз кезегінде аяқ доп шеберлері мен жаттықтырушылар құрамы Словениямен болған кездесу Қазақстан уақытымен түн ортасында өтсе де, қолдаусыз қалдырмаған жерлестеріне ризашылығын білдірді. 

Еске салайық, Қазақстан құрамасы 21 қарашаға қараған түні қонақта, Еуро-2024 іріктеу турнирі аясында Словения футболшыларымен кездесіп, аса тартысты өткен ойында қарсыластарына 2:1 есебімен жол берді.

Ұлттық құрама Еуро-2024 ойындарына финалдық іріктеу кезеңдері арқылы топтан шығып, тікелей жолдама ала алмаса да, Ұлттар лигасы арқылы аталған мүмкіндікке әлі де үміткер.

Бұл сында Қазақстан құрамасын 2004 жылғы Еуропа чемпиондары атанған Грекия құрамасы күтіп тұр. Матч 2024 жылдың наурыз айында Афинада өтеді деп жоспарланған.