Мықтының аты – мықты
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01.45-те басталғанына қарамастан көпшілік ұйықтамай, ұлттық құрама үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болғаны анық. Футболшыларымыз жеңіске жеткен жағдайда өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының финалдық сатысына жолдама алатын еді. Әттегені-айы, сол арман-мақсат орындалмай қалды. Әйткенмен бұл түнде футболшыларымыз өз ойыны арқылы естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйлады.
Бас жаттықтырушы Магомед Адиев алғашқы минуттан Игорь Шацкий, Ян Вороговский, Нұрәлі Әліп, Александр Марочкин, Сергей Малый, Марат Быстров, Рамазан Оразов, Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Ислам Чесноков пен Максим Самородовқа сенім артты.
Польшалық төреші Шимон Марчиняктың ысқырығы естіле салысымен Еуропаның мықты деген клубтарында доп тебетін словениялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Десе де 16 мың жанкүйер алдында құрама жігіттері лайықты қарсылық көрсетті. Айтпақшы, құрамамызды қолдау үшін ел астанасы Любляна қаласында орналасқан «Стожице» стадионына мыңға жуық отандасымыз барыпты.
Ойынның 41-минутында Игорь Шацкийдің қақпасына белгіленген пенальтиден словениялық Беньямин Шешко мүлт кеткен жоқ. Ал 47-минутта Рамазан Оразов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін футболшыларымыз бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен, гол соғатын мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмады. Есесіне, 86-минутта словениялық Беньямин Вербич қорытынды есепті белгіледі. Осылайша, Қазақстан қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, жолдамадан құр қалды.
Жалпы, бұл жерде мықтының мықтылығын айтып, мойындау керек. Биыл Словения бізден екі ойында да басым болды. Алайда топтағы соңғы матчта, соңғы таймда тартысып қарсыласқа жол берудің өзі құрама футболшыларына еш реніш қалдырмайды.
Екінші мүмкіндікті мүлт жібермеу маңызды
Статистикаға үңілсек, құрлықтық дода іріктеу сатысында отандық футболшылар Дания (3:2) мен Финляндия (1:0) құрамаларын бір мәрте тізе бүктірсе, Cолтүстік Ирландия (1:0, 1:0) мен Сан-Марино (3:0, 3:1) құрамаларын екі мәрте жеңді. Ал Дания (1:3), Словения (1:2), Финляндияға (0:1) есе жіберді.
Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына Ұлттар лигасы арқылы шығуына мүмкіндігі бар. Бұл жолы футболшылар 2024 жылдың наурыз айында Грекиямен шеберлік байқасады. Енді екінші мүмкіндіктен мүлт кетпеу керек.
Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында бесінші мәрте бақ сынап отыр. 2008, 2012 жылдарда топтан – 6, 2016, 2020 жылдарда 5-орын алды.
Құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Мажарстан, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шықты. Ал Германия ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.
Ел құрамасы H тобында 10 ойыннан кейін 18 ұпай жинап, үшінші орында қалып қойды. Бұл топта Дания 22 ұпай жинап, құрлықтық доданың финалдық сатысына бір тур бұрын жолдама алса, ал Словения құрамасының еншісіне Қазақстан құрамасынан басым түскеннен кейін 22 ұпай жазылған.
Құрамаға қошемет көрсетті
Кеше футболшыларды Н.Назарбаев халықаралық әуежайынан салтанатты қарсы алу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, футболшылардың туған-туыстары, достары және жанкүйерлер қатысты.
Іс-шара барысында Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, бүкіл командаға жасыл алаңдағы жанкешті ойыны үшін алғысын білдірді.
– Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Кеше түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер! – деді министр.
Футболшыларды қарсы алуға жанкүйерлер де ерекше дайындықпен келді. Олар жігіттерге жігер беретін сөздер жазылған баннерлерді ұстап, құрмет ретінде жанды дәліз жасап, сап түзеді.
Сонымен қатар футболшылар мен жаттықтырушылар штабы барлық жанкүйерге іріктеу кезеңіндегі ойындар бойы қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді. Команда топтағы шешуші матчты сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, футболшылар осы түні бүкіл елдің қолдауын сезгенін атап өтті.
Біздің құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне іріктеу сайыстары арқылы тікелей жолдама ала алмаса да, қарт құрлық додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Енді жерлестеріміз Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Еуроға шығу үшін тағы бір мәрте талпынып көреді. Бұл сында біздің жігіттерді 2004 жылғы Еуропа чемпиондары – Грекия құрамасы күтіп тұр. Матч 2024 жылдың 21 наурызында Афинада өтеді. Гректерді жеңсек, Люксембург немесе Грузия құрамаларының кім жеңгені Алматыға келеді.
Еуро-2024-гі ел құрамасының жетістігі
- Рамазан Оразов ұлттық құрама сапында бірінші голын соқты.
- Қазақстан құрамасы УЕФА қауымдастығындағы Еуропа және әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде ең аз 12 гол жіберді.
- Іріктеу кезеңіндегі 10 ойында қарсыластар Қазақстанға 124 мәрте шабуыл жасап, қақпашы Игорь Шацкий 25 мәрте сейв жасады.
- УЕФА қауымдастығы сапында ел құрамасы алғаш рет ЕУРО және әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында ең көп 16 гол соқты.
- Іріктеу кезеңіндегі 10 ойында ел құрамасы қарсыластарға 40 мәрте тура соққы бағыттады.
- Бахтиер Зайнутдинов 4 гол соғып, осы іріктеу кезеңінде «ең үздік сұрмергені» атанды.
- 6 жеңісі арқылы Қазақстан ТОП-100 қатарына қайта кірді.
- Ұлттық құраманың жарқын ойынына жанкүйерлердің көңілі толып Сан-Мариноға қарсы ойынды стадионда рекордтық 30 100 адам тамашалады.