Туризм • 21 Қараша, 2023

Кемпингке қызығушылық жоғары

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматыда абаттандыру жұмыстарының аясында 3 кемпинг ашылды. Ақ Бұлақ, ҮАӨ және Мыңжылқы аймақтарында орналасқан бұл кемпингтерде шатырлы орындар, үйшіктер, орындықтар, үстелдер, ұлттық нақыштағы алтыбақандар бар.

Кемпингке қызығушылық жоғары

ФОТО: steppe.com

Алматы қаласы Туризм бас­қармасының мәліметі бойын­ша Кіші, Үлкен Алматы, Проходное, Бутаковка шатқалдары айма­ғында жұмыстар аяқталып, Қар­ғалы шатқалындағы абаттандыру жалғасып жатыр. Туристерді тартудың жаңа нүктесі Ғарыш стансасына барар жолда теңіз деңгейінен 2 500 м биікте ор­наласқан белгілі шыңдарға жа­қын. Бұл – «Жартасты» шыңы (3 332 м), «Крошка» шыңы (3 722 м), «Советов» шыңы (4 317 м), «Озерный» шыңы (4 126 м).

«Кемпинг – таудағы дема­лыс, трекинг, хайкинг әуесқой­лары үшін жабдықталған алаң. Туристердің жайлы және қа­уіпсіз демалысы үшін шатыр­лар құрылып, самалжай­лар ор­­натылған. Біз тау инфрақұ­рылымын дамытуға ерекше назар аудара отырып, туристер үшін жаңа бағыттар құру бойын­ша жұмыс істеп жатырмыз. Бағыттар бойы ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, қалқандар орнатылды. Навигациялық стенд­­терде QR-кодтар бар, онда турис­тер бағыттың күр­де­лілігімен, ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады. Кемпинг аймақтары туралы ақпарат 2GIS-те және картографиялық платформаларға қосылды», дейді Туризм басқар­ма­сының басшысы Ғалия Тоқ­сейітова.

Осы орайда басқарма өкілдері демалушылардан табиғатқа жанашырлықпен қарауды, тауда қоқыс қалдырмауды сұрайды, сондай-ақ тау жорықтары ке­зінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын еске салады. Мысалы, серуендеушілер тауға бара жат­қанда өз бағыты жөнінде жа­қындарына хабарлау қажет. Бұған қоса ауа райына сай киініп, өзімен бірге қажетті құ­­рал-жабдықтар, бас киім, су, тамақтану және портативті заряд­тағышпен зарядталған телефон алуды ұмытпау керек.

Жалпы, Алматыда 2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша турис­тер саны 972 157 адамды құрады. Оның ішінде шетелдік туристер саны – 261 571 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 72,6%-ға өсіп отыр. Ал ішкі туристер саны – 710 586 адам, бұл көрсеткіштің өсімі – 14%. Осынау деректер туристер санының жалпы ди­­намикасы 25,5%-ға өскенін көрсетеді. Келушілердің ең көбі Ре­сейден (39,2%), Қытайдан (9,2%), Үндістаннан (7%), Түр­киядан (6,6%), АҚШ-тан (3,4%), Оңтүстік Кореядан (3,2%), Өзбекстаннан (2,9%), Қырғыз­станнан (2,8%), Германиядан (2,5%) келген.