Маман археологтер аталған жәдігерге б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген, билеуші әулеттен шыққан әйел деген анықтама беріп отыр. Қазына табылған қорғанның орналасқан жері – Алтыншоқы ауылдық округі. Семейлік ғалым Амантай Исин: «Қазына табылған жердің атауына зер салсаңыз, оның тегін емес екенін байқайсыз. Алтыншоқы «Алтынды төбе» дегенді білдіреді», дейді.
Алғашқы болып қорғанға 2013 жылы қазба жұмысын жүргізген Темір Смағұлов басқарған археологтер үлкен олжаның үстінен түседі. Олар диаметрі 16, биіктігі бір жарым метр обаны қазу барысында оның екі бөлек құрылымнан тұратынын анықтады. Көлемі 7 х 0,6 метрді құрайтын бірінші нысаннан ер адамның екі мың жыл бұрын кепкен мүрдесінен басқа ештеңе табылған жоқ. Ал аумағы 3,3 х 5 метр, биіктігі жарты құлаш келесі нысанды қазғанда, тереңнен тасқабір (саркофаг) анықталып, оның ішіне жерленген 30-35 жастағы әйелдің мүрдесі табылады.
Тас саркофагті ашу барысында билеуші әйелдің қасынан алтын сырға мен құрбандық шалуға арналған тастан жасалған бұйым анықталады. Сонымен бірге ханшайымның сол жағындағы шұңқырдан ағаш табақ, ішіне қойдың жамбасы салынған керамикалық қазан қатарлы бұйымдар шыққан екен.
Әйел адамның қаңқа сүйектерінде көк және жасыл түсті мата қалдықтары сақталған. Ең басты құндылық – биіктігі 28 см конус тәрізді әйелдің алтын баскиімі. Бұл баскиім – өсімдік тәріздес өрнектер және зооморфты айшықтары бар қиял-ғажайып жануар бейнелерімен әдіптелген.
Сәукеленің ұшар басы алтын сымдардан шиыршықталып әшекейленсе, төменгі жағындағы бұйымдардың беті кедір-бұдырлы ілмектермен бәдізделіпті. Мұндай үлгідегі дүниелер сақ жауынгерлерінің салтанатты шарада киетін киімдері», дейді мамандар.
Жоғарыдағы құнды жәдігердің жаңғыртпасын жасаған реставратор Қырым Алтынбеков: «Мұраны қалпына келтіру үшін қолда бар археологиялық материалдарды пайдаландым және Пазырық мәдениетіне қатысты стильдік үлгілер де жинақталды», дейді. Сөйтіп, ұзын көйлекті, оның етегі қырыққұлақ жапырақтарымен көмкерілген, басында қызыл жібек жамылғы, оның үстінде көк матамен қапталған сәукелесі бар, аяғында жұмсақ былғары етік, баскиімі фантастикалық құс бейнелі һәм киік пішінді алтын әшекеймен безендірілген, құстың екі жағында желпуіш түрінде қос шашақ орналасқан...
«Ханшайымның бұл реткі жаңғыртпа бейнесі – ежелгі көшпелілер қоғамындағы әйелдің орны мен оның әлеуметтік мәртебесін анықтайтын бірден-бір мұра», дейді тарихшылар.