Қоғам • 21 Қараша, 2023

Көршілердің даңқты датасы

191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округіне қарайтын Қамыстыкөл ауылында екі әулеттің ұрпағы іргелес көрші болғанына 45 жыл толғанын атап өтті. Әрине, мұндай атаулы күнді зәулім тойхана, сәні мен салтанаты келіскен мейрамханада атап өтуге болар еді, әйткенмен жарасымы мол көршілер қара шаңырақта өткізуді жөн көріпті.

Көршілердің даңқты датасы

Қос әулеттің тату-тәтті, ауызбіршілігі мол көршілігі ауылдан 25 шақырым қашықта орналасқан Мырзахмет қыстағынан бастау алған. Осы жерге қойшы отбасылар Орын мен Мәрия Сапаралиевтер, Қуан мен Мәуия Төлешбаевтар ұжымшардың отарын бағып, кәсіп етеді. Еңбекқор жандардың қой шаруашылығында үздік атанып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгеніне көпшілік куә. Іргелес орналасқан қос әулеттің ұл-қыздары кішкентай кезінен бір үйдің баласындай болып, құлын-тайдай тебісіп, бірге өсті, жетілді. Армандары да бір еді – бауырындай болып кеткен көршілермен жарасымдылығы үзілмей, өскен соң бір-бірінен көз жазып қалмау.

Екі отбасынан өрген ұрпақтың өзі – шағын ауылдың жұртындай. Атап айтсақ, Орын ата мен Мәрия әжейден 5 ұл, 3 қыз, 18 не­мере-жиен, 19 шөбере, 14 жиеншар та­ра­ған. 6 ұл, 3 қыз дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген Қуан ата мен Мәуия әженің де ша­ңырағы құт пен берекеге толды. 9 перзенттен 27 немере-жиен, 7 шөбере, 20 жиеншар көрініпті. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген рас екен, осыншама перзентті қос әулеттің жап­сарлас орналасқан қара шаңырағы атау­лы күнде құшағын айқара ашып, қарсы алды.

– Ата-әжелеріміздің көршілес қоныс тепкеніне 45 жыл толғанын атап өтуді қара шаңыраққа ие болып қалған ағамыз Сәндібек Сапаралиев пен көрші ағамыз Мереке Төлешбаев әуелден ойластырып қойды. Олар бастап, біз де қостап, белгілі күнге келісіп, алыс-жақыннан ағылдық. Өздері бөлек шаңырақ көтерген ата-аналарымыздың балалық шағын бірге өткізген бауыр-құрбыларымен жүздескендегі қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қайта-қайта бірін-бірі құшақтап, балалық шақтарын сондай ерекше сағынышпен еске алып, бірге өткізген күндерінің қызық та ыстық естеліктерін ақтарды. Ұрпаққа жалғасқан сыйластық, құрмет деп білемін, қос әулеттің ұл-қызы түгіл, немере-жиендері біз де бір-бірімізге бауырдаймыз, – дейді Сапаралиевтерге немере Әли Орынов.

Бүгінде қос әулеттің ұл-қыздарының алды зейнет жасында, кейбіреулері Орал мен Ақтау қалаларында тұрса, қалғаны атақоныстан көп алысқа кетпеген – Қамыстыкөл мен Көнеккеткенде. Кезінде атақты қойшы болған Орын мен Қуан ата, Сапаралиевтер әулетінің абзал анасы Мәрия әже бүгінде жоқ. Осы қуанышты күнде қос әулеттен тараған ұрпақ төрдің сәнін келтірген Мәуия әжеге балалық ризашылығын арнап, сый-құрметке бөледі.

Бауырлар бас қосқан дастарқан басында ізгі тілектер, ақ пейілді естеліктер айтылып, ән шырқалып, дөңгеленіп би де биленді. Бұл тойды тіпті бір туған бауырың жат болып бара жатқан қазіргідей заманда жарасымдылықтың, адами құрметтің қандай болатынының үлгісі деп есептедік.

 

Әлия ШАРАПИЕВА

 

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы