Үкімет • 22 Қараша, 2023

ХВҚ миссиясы басшысымен кездесті

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) республикадағы миссиясының басшысы Николя Бланше Қазақстан мен қор арасындағы таяу және орта мерзімге арналған ынтымақтастық жоспарын талқылады.

ХВҚ миссиясы басшысымен кездесті

Кездесу барысында Үкімет Халық­аралық валюта қорымен серіктес­тікке үлкен мән беретіні және оның Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтыны аталып өтілді.

Биыл Халықаралық валюта қоры­ның басқарушы директоры Крис­талина Георгиеваның Қазақ­стан­ға сапары және Алматыда Кавказ, Орталық Азия елдері және Моңғо­лия үшін әлеуетті дамыту жөнін­­дегі өңірлік орталықтың ашылуы сияқты маңызды оқиғалар бағаны белгілі.

Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінде ел экономикасы жаңа жағдай­ға бейімделіп, тұрақты өсім көр­сетті. Атап айтқанда, 10 айдың қоры­тындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4,9%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ға өсті. Бұл – алдағы 2024 жылғы оң динамика үшін қажетті шарт. Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шара­ларын жүзеге асыру нәтижесінде инфля­цияның айтарлықтай баяулауы байқалады.

Үкімет басшысы халықаралық рейтингтік агенттіктердің Қазақстан­ның тәуелсіз несиелік рейтингін инвес­тициялық деңгейде растағанын айтты. Сондай-ақ қазан айында «Moody's» агенттігі рейтинг бойынша бол­жамын «тұрақтыдан» «оң көрсеткішке» дейін жақсартты.

Премьер-министрдің сөзін­ше, қазір­гі уақытта Қазақстанда салық-бюджет саясатын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бюд­жеттік үдерістерді оңтай­лан­дыруға, бюд­жетаралық қатынас­тарды жақ­сар­туға және жалпы мемле­кеттік қаржыны басқару сапасын арт­тыруға бағытталған жаңа Бюджет кодексі әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.

«Біздің басты міндетіміз – макро­экономикалық тұрақтылықты және тұ­рақты экономикалық өсуді әрі қарай қам­тамасыз ету. Осы тұрғыда Халық­аралық валюта қорына тұрақ­ты қол­дау көрсеткені үшін ризашы­лығымыз­ды білдіреміз», деді Әлихан Смайылов.

Николя Бланше Қазақ­станның болашақта ауқымды эконо­­микалық өсуге қол жеткізуі үшін қуаты мен мүмкіндіктері жеткі­лікті екенін атап өтті.

«Біз республиканың қарқынды өсу жолындағы амбициясын көріп отырмыз және қол жеткізген жетістіктерін ескереміз. Алға жылжу көптеген салада байқалады. Бұл өсімге қандай жолмен қол жеткізілетіні өте маңызды. Біз кеңестеріміз бен ұсыныстарымызда дәл осы жолдарды көрсетеміз. Біздің ойымызша, жеке сектор мемлекеттің қолдауымен жетекші рөл атқаруы керек»,   деді ХВҚ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның қаржы секторын одан әрі жетілдіру және дамыту үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.