Оқиға • 22 Қараша, 2023

Ата-анасы білмеген: мектеп әкімшілігі оқушыға түсік жасатқан

591 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оқиға Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында орналасқан мектеп-интернатта болған. Мектеп әкімшілігі 13 жастағы қызды Қаратау қаласына апарып, түсікті жеке гинекологқа жасатқан. Соңыра бұл оқиғадан ата-анасы хабарсыз болғаны анықталды, деп жазады Egemen.kz.

Ата-анасы білмеген: мектеп әкімшілігі оқушыға түсік жасатқан

Жамбыл облыстық полиция департаментіне биылғы жылдың мамыр айында қыздың ата-анасы арызданған. Олар 55 жастағы ер адамның оның кәмелетке толмаған қызымен жыныстық қатынасқа түскені туралы ақпарат берген. Жәбірленушінің ата-анасының сөзінше, бастапқыда 55 жастағы ер адам қызына телефон сыйлап, арам ойын жүзеге асырған. Қыз жүктілігін білген соң, бар шындықты анасына айтуға оқталғанда ер адам жоғары лауазымды қызметте таныстары барын алға тартып, қауіп төндірген.

Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 120-бөлімінің 4-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Айыпталушының зорлау жасағаны дәлелденді, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қараша айында қылмыстық іс сотқа жолданды. Мектеп басшылығына қатысты ҚР ҚК 434-бабы, қылмыс туралы хабарламағаны үшін қылмыстық іс тіркелді. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондықтан ол аяқталғанша ештеңе айта алмаймын. Күдікті «Айгөлек» мемлекеттік балабақшасында күзетші болып жұмыс істеген», делінген департамент таратқан хабарламада.