Егемен Қазақстан • 22 Қараша, 2023

«Хат қоржын»

182 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ел дамуы ғылыммен байланысты

Ғылым – ел экономикасы дамуының ең маңызды іргетасы. Кез келген саланың дамуы үшін жаңа білім қажет-ақ, ал жаңа білім ғылымның жаңа өнім бұлағынан бастау алатыны анық. Сондықтан да ғылым саласының қызметі жемқорлық тәуекеліне ұшырамауы бәрінен де маңызды.

Егер ғылыми тұлға өзінің жеке әлеуметтік дәрежесін және материалдық әл-ауқатын арттыру үшін ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен мәліметтерін мүддемен «таңдап» немесе «бейімдеп» ұсынуды қолданса, онда ғылыми объективтілік жоғалады. Мұны аса қауіпті салдары бар жемқорлық деп атауымыз керек. Осы арада тағы бір айта кететін жайт, ғылым көбінесе гранттық/инвестициялық қаржыландыруға сүйеніп жұмыс істейді. Ал оны жеңіп алуда да бармақ басты, көз қысты мәселелер жоқ дей алмасақ керек.

Қаржы тапшылығы да – ғылыми жұмыстардың «ажырамас серігі». Өйткені ғылыми жұмыстардың шығындарын құрайтын баптарының мөлшері де, оларға қатысты жоспарлау/есеп беру үдерістері де мемлекеттік деңгейде реттелмеген. Бұған қоса, тиімділігі күмәнді немесе мүлдем жоқ деуге болатын ғылыми еңбектер туралы әңгіме қозғамай-ақ, қоғам/өндіріс үшін құндылығы жоғары ғылыми еңбектерге «ақысыз» рецензия жазудың, сондай-ақ оларды ғылыми журналдарда «ақысыз» жариялаудың заңды тетіктерін (әрине, тәуелсіз қаржыландыру көздері арқылы) қарастыру күн тәртібіне шығарылуға тиіс деп білеміз. Ал аталған мәселелер оң шешімін табар болса, жұмыстың да дөңгелене бастайтыны айдан анық.

Сонымен мемлекеттің дамуын ілгерілететін ғалымдар екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, бүгін ғылым саласының дамуына кедергі келтіретін жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың жолдарын пысықтап жүзеге асырудың кезегі де келді. Әйтпесе, ел шаруашылығы еріксіз тұралап, ғылыми-техникалық үдеріс көшінің соңынан ілесе алмау қаупі өте жоғары.

 

Мүтәлап ӘБСАТТАРОВ

 

АСТАНА

 

 

Кітап – білім бұлағы

Мен – оқушыларыма бар білгенімді үйретіп келе жатқан мұғаліммін. Жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастыруға күш салып жүремін. Бірде Ақтөбе телеарнасының түсірілім тобын шақырып, С.Бәйішев атындағы кітапханада кеш өткіздім. Бұл іс-шара оқушылар­дың есінде ұзақ сақталатындай деңгейде өтті. Осы арада білім алушылардың сөйлеу қабілеті артып, өз ойын еркін түсіндіре алатынына көз жеткіздім. Мектепте оқушылармен жұмыс істей жүріп байқа­ғаным, оларды әдебиетті сүюге, сөйлей білуге, өз ойын жеткізе алуға баулуға көңіл бөлінгені жөн екен.

Осыдан біраз уақыт бұрын 11 сынып оқушыларымен Ә.Кекіл­баевтың «Үркер» романы бойынша әдеби кеш өткізіп, сол жолы оқушылардың сөз саптауы, өзін ұстауы, шығарманы толық меңгергені көрермен қауымды ерекше толғандырған-тын. «Дерек жинап, еске аламын Хан бабамды» деген тақырыпта ұйымдастырылған іс-шара Әбілқайыр ханның тағдырына арналса, «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» деген кешке көптеген қонақ қатысып, оқушылардың талабына дән риза болған еді.

Міне, балалардың әдебиетке деген құштарлығын арттыруға бағытталған осы тақылеттес жұмыстар баршылық. Осылайша, оқушыларды мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап әдебиетті сүюге баулыған абзал. Өкінішке қарай, Ақтөбе қаласында балалар кітапханасы жеткіліксіз. Облыстық мәдениет басқармасының басшысына жолығып, бүгінгідей үлкен-кіші ұялы телефоннан бас алмайтын шақта балалар кітапханасы кітап оқуға құштарлықты арттыратынын, бұл жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасы да бар екенін көлденең тарттым.

Қалада жарыса тұрғын үйлер салынғанымен, сәулетті кітапхана жоқтың қасы екенінің өзі кітапқа деген немқұрайды көзқарастың салдары ғой деп ойлаймын. Осы орайда «Кітап – білім бұлағы» деген тәмсілді естен шығармасақ екен дегім келеді.

 

Құралай ЕСҚҰЛОВА,

ардагер ұстаз

 

АҚТӨБЕ

 

 

Кейуананың ғұмырбаяндық кітабы

Киелі Түркістан өңірінде бұл жанды білмейтін адам кемде-кем. Бүкіл ғұмыры өнегеге толы Зоя Бектаева анамыз бұл күндері тоқсанның төріне шықса да, әлі тың, санасы сергек. Өткен өмірін жиі еске алып, бүгініне шүкіршілік етіп отырады.

Ол қарапайым да мағыналы ғұмыр кешіп келеді. Қатардағы мұғалімдіктен мектеп директорының орынбасары, директоры, халық депутаттары аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтеріне дейін көтеріліп, жемісті жұмыс істеп, артында ғибратты із қалдырды.

Зоя Мұсылманқұлқызы алыс ауылда өмірге келді. Соған қара­мастан, орта мектепті алтын медальмен бітірді. Құжаттары Мәскеудегі мемлекеттік университетке жолданып, «оқуға түстің» деген сүйінші хабар да келді. Алайда университетте жатақхана аз екен. Ауылдың қалтасы жұқа баласы сонау қиырдағы астанада жатақ­ханасыз қалай оқысын? Осыны ойлай келе, құжаттарын Мәскеуден қайтарып алып, Алматыға жолға шықты. Әңгімелесудің қорытындысымен сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданды. Озат студент атанды. Бесінші курста «Абай жолы» романындағы Тоғжан бейнесі тақырыбында дипломдық жұмыс жазды. Бақытына орай, дипломдық жұмысына халқымыздың ұлы перзенті, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мұхтар Әуезов жетекшілік етті. Осылайша, анамыз ғұлама адамның дәрісін тыңдау бақытына ие болды.

Жоғарыдағыдай жайларды ой елегінен өткізген кейуана қолына қалам алып, «Шыңдалып өскен жылдарым» атты ғұмырбаяндық кітап жазып шықты. Кітапқа оның бір кездегі шәкірті ретінде қызығушылық танытып, бір демде оқып шықтым. Ұнады, ойландырды, тәтті ойларға жетеледі.

Он бір немере мен тоғыз шөберенің әжесі Шымқаладағы бала­сының қолында солардың тілеуін тілеп, бақытты өмір сүріп жатыр.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

ШЫМКЕНТ