Әдебиет • 22 Қараша, 2023

Жүрегінде кісінеген жүз құлын

427 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сағат ақын. Ол небәрі отыз алты жыл ғана өмір сүрді. Жаратқанның дегеніне көнбейтін пенде бар ма? Тәңірдің пешенесіне жазғаны осы шығар... Ол өзінің қысқа ғұмырында (1948-1984 жж.) қазақ әдебиетінен өз орнын таба білді. Өте кірпияз, таразысы әділ, талабы қатал қазақ поэзиясының, оның талғамы биік оқырманының үдесінен шығу кіл мықтылардың ғана қолынан келеді. Ал біз сөз еткелі отырған Сағат Әбдуғалиев сол мықтылардың қатарында.

Жүрегінде кісінеген жүз құлын

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оның азан шақырып қойылған есімі – Сағатолла. Сағатолла Құрашұлы Әбду­ғалиев. Ақын тағдыры оңай болмаған деседі жұрт. Асау мінезі мен ақындық қуаты оның күйкі тірліктің, таптаурын өмірдің, тасыраңдаған тағдырдың талап-ишарасына мойнын сындырып, дәргейіне жығылуына мұрша не рұқсат бермегендей.

Сағат – тағдырлы ақын. Өмір жолына қарап отырсаң, әрі-сәрі күй кешесің. Ол тіпті өзі жазған өлеңдерінің саналы түрде тұтқынына айналып, өмірдің бар мәнін тек өлең өлкесінен іздеп шарқ ұрып, отқа да, суға да түскен құрбандық секілді. Жазған жырларынан ғана жанына дауа тауып, ондағы айтылған ұстанымдар мен ауыр шарттарды орындау жолында басын бәйгеге тіккендей де көрінеді.

Қашаннан түйткілі теңдессіз тірші­ліктің көнбіс пен жуасқа тікенегі төсеулі, өр мінезді мен қайраттыға, дарынды мен талаптыға қақпаны құрулы емес пе... Ақын мұны түсінбеді дей алмаймыз, түсінді. Бірақ жүрегі оны қабылдай алмағандай. Асауды жуасытып, қиқарды тезге салып, жасық пен жайдақты қойша иірер өмірге жамандық атаулыны жақындатқысы келмегендей, сондықтан да ол мына жал­ғанды тек қызық пен шаттықтың алаңы деп ұғынғандай. Балаң көңілмен еніп, алғаусыз пейілмен табалдырығын аттаған өмірі ол ойлағандай болмай шықты. Содан келіп өмір мен ақын айқасты. Кім жеңді, кім жеңілді? Оны ешкім айырып болмайды.

Оның өмір мен өлеңі, тіпті өлімі де өзгешелеу. Осы өзгешелік ақынның шы­найы тағдыры еді. Жеке тіршілігі тұйық­талғанымен, жыр ғұмыры, жыр дариясы келешекке қарай көшін, ағысын түзеуі осы өзгешеліктің ішкі мәні іспеттес. Ақынның «Лебіз» атты өлеңі бар. Сонда:

«Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан,

Болмысынан пенде болмас бұлтарған.

Жүгіремін бір құмарды қуалап,

Жеткізбейді тірліктегі түлкі-арман.

 

Қанаттары қатаймаған қыр құсын,

Торабында тосып талай тұрды сын.

Таң алдында дауысымды естімей,

Жер бетінде мені жоқ деп жүрмісің?

 

Жантық болып жорғаламай жұрт алдын,

Жалғыз жүрек ізгілікке іңкәр мың.

Келешегің көкжиегің алда деп,

Тұяғынан от шашады тұлпар-күн».

Бұл өлең жолдары ақынның ішкі жан дүниесіндегі аласапыранды, тіршілікке деген шынайы көзқарасын анық аңғарта­ды. «Қанаттары қатаймаған қыр құсын, Торабында тосып талай тұрды сын», дей­ді Сағат. Көңілі таза, жүрегі нәзік, бол­мысы бөлекті өмір сыны еркелете қой­майды. Ақын өз алдында талай сын күтіп тұрғанын анық сезеді, бірақ ішкі ұста­нымына берік. Қаймықпай алға жүреді. «Мәймөңкелеп талайларды майда тіл, Парақордың көмейінде пайда тұр», деген ақын айналасындағы қоңыз тіршілікке, пендешіліктің терең қапасына қамалып, сонысына мәз талайларға жиіркене қарайды. Олардан бойын аулақ салғысы келеді.

«...Жалғыз ұлы атансам да әкенің,

Жалпақ елге борышы мол жігітпін.

О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым:

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың!» дейді ақын.

Осы өлең жолдары арқылы ақын бір әкенің ғана емес, елдің ұлы болудың қаншалықты қасиетті парыз екенін терең түсінеді. Халықтың жүрегінде қалуға ұмтылу ізгілік жолына бет бұру екенін меңзейді.

«Қаройдағы толғаныс» деген өлеңінде:

«Аяулы анаң – ақиқат та, Атаң – кек.

Төрелердің тәтті қанын татам деп,

Бөрілермен бөрілерше белдескен.

Сен менен де бақыттысың,

Махамбет!..» дейді суреткер.

Ақиқатқа жету жолындағы айқастар, арпалыстар кеудеде кек тұндырмай қоя ма? Жиналған кек – ата кегі емес пе... Сол ер жігітті тыныш ұйықтатпайды, кү­рес жолына бастайды. Ата кегін қуған Махамбеттей ерлердің жорықты, жо­сық­ты жолы Сағат ақынды қайрайды, қанат­тандырады, алайда айналып келіп шарасыздық шеңберінен шыға алмай іштей тұншығады. Сондықтан «Сен менен де бақыттысың, Махамбет!» деп күрсінеді.

«Сенімге сиыну» деген өлеңінде шиыршық атқан ақын төрелікті тек өзінің жүрегінен іздеп аһ ұрады, өршеленеді, өкінеді, бірде өрекпіп, бірде басылады, әйтеуір жан дүниесіндегі қым-қуыт дүрбелеңді кестелі сөзбен суреттейді.

«Ұнатпаймын үрдістерді ұрты қан,

Абайласаң – адам іші кіл тұман.

Жаны жайсаң жігіттердің, жарқыным,

Жалған сөздер жүгіреді сыртынан...

 

...Жол ауыры еңіреген ерге сын,

Ездігіне еншілейді ел кесім.

Аждаһа ажал жармасқанда жағама,

Көңілімнің күнін бірге көмбесін.

 

Ақиқатқа тіреп қойып ат басын,

Абыржымай шоттың шымыр қақ тасын.

Біздің ұрпақ үрікпейді сайтаннан,

Адамдардың сайтанынан сақтасын!..» дейді ақын.

Жаны жайсаңды ұрты қан тағдыр аясын ба? Адамның тағдырын шиырлатып, басына сынақ түсірер басқа емес, тап сол адамның сайтаны емес пе... Ақиқат деген «ауылға» ат басын тіреуді өмірлік мұрат еткендердің жолын тосар жосықсыздар қайда да қаптап жүреді. Міне, осынау сұрақтарға жауап іздеген ақын «Аждаһа ажал жармасқанда жағама, Көңілімнің күнін бірге көмбесін», деп айналасындағы сүреңсіз «орманға» жұтылып кетпеу, сұрықсыз ортада морт сынбау, сенім туын жықпау, көңілін биіктен түсірмеу үшін барын салғандай.

«Идиллия» деген өлеңінде ақын қиын­дықта күйзелгенмен берілмейтінін, көрпе­сіне қарай көсілетінін, алайда пірәдар болып көрінгісі келмейтінін, өзінде де пендешілік бар екенін мойындай келіп:

«...Көкіректе кісінеп барша құлын,

Жалғыздықта сақтадым жан сабырын.

Қуартпады күн нұры көктеменің,

Қар астынан қылтиған қарша гүлін.

 

Қателіктен қызарып бетім-бесін,

Есігіңде тірліктің жетілді есім.

Серіліктің сыйқы да соқыр тиын,

Басыңнан бақа-шаян секіргесін.

 

Шексіздерге жататын шеті ұласып,

Шапағатқа арманның оты ғашық.

Кристалдай кіршіксіз дегенді де,

Пенделіктің жүреді тоты басып...», дейді. Ақын өз өмірін көктемеде қар астынан қылтиған қарша гүлге теңегендей, көкірегінде кісінеген құлын жүрегін жан сабырына орап сақтағандай.

«...Тіршілікке ынтазар табан-сүлік,

Торабымды сапардан табам шығып.

Жақсылықтың жағасы жыртылмайды,

Алты Алашқа ағайын – адамшылық!

Тепсінетін табанда темірді үзіп,

Шындықты да мойындар небір бұзық.

Ірі қылып жаратып әлдекімді,

Ірілікті сүймейтін өмір қызық!

 

Құдайшылар күткенде көктен шырақ,

Өмір деген – ағытып өткен сұр ат.

Қасық қаны қазақтың болса менде,

Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап...»

дейді ақын. Иә, ірі болып жаралғанды өмір сүймейді. Бұған орай ақын «өмір қызық» деп таңғалады. Сағаттың әлемі, жан дүниесі бөлек. Ол өз қазағын, алты Алашын күйкі тірліктің, пендешіліктің қара қазанында қайнағанын қаламайды, ірі болып туып, сол биігінде қалғанын аңсайды. Өзі де сол биікте қалғысы ке­леді. Қараңыз, «Жақсылықтың жағасы жыр­тылмайды, Алты Алашқа ағайын – адам­шылық!» және «Қасық қаны қазақ­тың болса менде, Шенділерден жүр­меспін шекпен сұрап..» деген өлең жол­дарының түсінгенге түпкі мәні қою, мағынасы терең. Мұны тәпсірлеп ұзаққа созбай, қысқаша түсіндіре кетсек, өмір ірілікті сүймесе де, ірі болып жаралғандар өзгермейді, тағдырына иленбейді, сол сияқты қазақтың қаны бойында тулаған адам шенділердің алдында иіліп-бүгіліп, пенделіктің табаны астында жатпайды. Осыны терең ұғынған ақын қазақ баласының алдына үлкен талап қояды. Бойыңда қазақтың қаны болса, өмір алдында аласарма, ит тірлікке күйлеме, еңсеңді биік ұста, ең бастысы адам болып қал дейді. Мұны ақын поэзия тілімен тігісін жатқыза, келістіріп берген. Суреткерлік, шеберлік, философиялық толғам деген осы. Одан әрі ақын:

«Қасиетін танытқан қаспақ беттің,

Балалықтан басталар бастапқы екпін.

Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,

Тіршілікті келеді тастап кеткім.

 

Төзімдердің тоздырып көк тағасын,

Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.

Адам да бір мәжіғұн көбелек қой,

Өзі тығып жүреді отқа басын!» деген ақын қулық пен сұмдыққа кіжі­ніп жүріп ақырында тіршілікті отыз алты жасында тастап кетті. Өз еркімен емес, бәлкім мәжбүрліктен... Бұл – оның тағдыры.

«...Абыз Отан көрсеткесін әкелік,

Азаматтар азбайды екен аты өліп.

Келешекке құлшыныспен қол артып,

Қателікті еске алу да – қателік...

 

...Сорлымыз ба ана сүтін мүлт емген,

Үміт өзі жолаушыға үлкен дем.

Жүректегі көп жараның қотырын,

Бәрің үшін өлеңменен сүртем мен...» деп жырлаған Сағат ақынның өлеңдеріне кезінде қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі жылы пікір білдірген екен. Осы жөнінде тарата айтар болсақ, 1979 жылы Сағат Әбдуғалиевтің жыр топтамасы баспаға ұсынылады. Бұл «Құлыншақ көктем» деп аталған топтамаға Қадыр Мырза Әлінің аталған жылы жазған пікірі қолжазба күйінде сақталған. Баспаға лайықты деп ұсынылғанымен, белгілі-белгісіз себептермен жарық көрмеген кітапқа жазылған әлгі пікірінде Қ.Мырза Әлі: «Бүгінде өлеңі шыққан, жинағы жарық көрмеген жас дарындар түгіл, бірнеше топтама, бірнеше кітаптары оқырман қауымның қолына тиіп қалған аз-мұз тәжірибесі бар ақындардың өзіне тұшырқана бермейсің. Ал мына Сағат Әбдуғалиевтің жөні бір бөлек. Ол – әде­биетке өнерімен де, білімімен де барынша дайын келген тұлға. Тақырып таңдауының өзінде үлкен талғам, оны жұп-жұмыр етіп жазуының өзінде үлкен әдеби мәдениет жатыр. Мұндай жігіттер, мен білсем, үнемі үйренуге, үнемі өсуге бейім. Оларды көре білу, қолдай білу ғана керек. Сағат Әбдуғалиевтерге қызмет ету түбінде әде­биетке қызмет ету болып шығады… Кей­бір өлеңде, кейбір шумақта кеткен ұсақ-түйек селкеулерді редактор көрсете білсе, автор жасай алады, түзете алады деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, Әбдуғалиев Сағаттың «Құлыншақ көктем» атты өлең­дерін жеке жинақ етіп жариялауға әбден болады», деп жазыпты.

Бір дарын бір дарынды бірден, алғаш­қы аяқ алысынан таныған. Сондықтан да «Сағат Әбдуғалиевтерге қызмет ету тү­бінде әдебиетке қызмет ету болып шы­ғады…» деп жазады. Қадыр ақынның бұл сөзі бүгінгі әдебиет зерттеушілерге арналып айтылғандай.

Ақынның көзі тірісінде жинағы жа­рық көрмеді. Десек те оның өлеңдері аудан­дық, облыстық, республикалық басы­лым­дарда, «Жалын» альманағында ба­сылған. «...Сайраттың құмбыл құс тілде, Жанымның жаз ағыстарын. Тілегім сенің үстінде, Кіндік жұрт – Қазақстаным!» деп жырлаған ақынның тұңғыш жинағы 1992 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық аудандық (бұрынғы Чапаев ауданы) газет баспаханасында «Көзайым келешек» атауымен басылып шыққан екен. Арзанқол сары қағазға басылған бұл шағын кітаптың жарық көруіне Сағат­тың жиені Гүлнәр Жұмабекова мұрын­дық болса, баспахана директоры Ақсан Құрманғалиев, аудандық газет редак­торы Болат Есқалиев, баспахана қызмет­кері Дәмеш Әбуғалиева сынды жанашыр жандар қолғабыс жасаған. Бұдан кейін де ел ішіндегі көзіқарақты, ақынның шығармасын бағалай білетін азаматтар оның есімін жаңғыртып, шығармаларын насихаттауға атсалысты. Тарата айтар болсақ, ақынның 2008 жылы «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты тұңғыш толық­қанды жинағы басылды. Мұны бард ақын Табылды Досымов ұйымдастырды. Оралда «Ақжайық кітапханасы» сериясымен 2009 жылы ақынның «Жанымның жалғыз бұлбұлы» деген кітабы шықты. Сағат Әбдуғалиевтің 60 жылдығына орай ақынның туған жері – Тайпақ ауылында ескерткіш-бюст орнатылды.

Түрменің де дәмін татқан, аурухана төсегіне де таңылған ақын өлімі туралы кезінде марқұм Табылды Досымовтың мына сөзі осындайда санада жаңғырады: «Небәрі отыз алты жасында қазақ поэзиясынан өзіндік орнын тауып, кенеттен бәрін лақтырып, артына қарайламай кете бару – адам түсінбес дүние. Бірақ өмір кетпесіне қойды ма?! Өлмесіне рет берді ме?! Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелерінің тақтай төсегін әлденеше жамбастаған Сағат еліне өкпе ауруын жамап қайтты. Ендігі жерде Сағат ақынға бұл дүниені тәрк етпеске жер қалмап еді. 1983 жылдың желтоқсанының соңғы күндері. Калмыков селосынан кешкілік үлкен трасса жолды бетке алып шыққан шайыр бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, қалың қар жауған… 1984 жылдың наурыз айының бір жаймашуақ күндерінде малын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін таппағанда, Сағатқа сайлы жерден топырақ та бұйырмаған болар еді…». Иә, солай болған.

Сағат 1965 жылы орта мектепті бітір­ген соң, Алматыдағы ҚазМУ-дың журна­лис­тика факультетіне оқуға түскен. Бірақ екі курстан кейін оқуын әрі қарай жал­­ғастырмаған. Алматыда өткен осы аз ғана уақыт ішінде Жұбан Молда­ғалиев, Қадыр Мырза Әлі сынды сөз зер­герлерімен етене араласады. Жарасқан Әбдірашевтың: «Сағат өлең оқығанда біз тек қана тыңдап, ләззат алатынбыз», деген сөзі бар екен. Осыдан-ақ Сағаттың ақындық қуатының қандай болғанын аңғаруға болар.

«Кіндік жұртым – абыз әкем, текті анам,

Құрақ ұшып көгершінің жетті аман.

Іздедің бе ұзақ жылдар жоғалтып,

«Қай тарапқа кетіп қалды? – деп, – балам».

О, сағыныш, кісінеген жүз құлын,

Жүрегімді кернеп тұр-ау ізгі үнің.

Көп алқындым көкжиекке көз тігіп,

Ұстаймын деп тұлпар-арман тізгінін...

...Кіндік жұртым – үзеңгі дос, өз құрбым,

Бала шақтың базарына кез қылдың.

Шашыма да ұрын келді боз қылаң,

Боз көдесі сияқтанып боз қырдың.

Кіндік жұртым – ғашық қызым, ер інім,

Жанарыма жарық шашқан сері күн.

Өзім жайлы жырлап берді бозторғай,

Жоқтайды деп жүруші едім мені кім?»

Иә, бүгінде Сағат ақынды «Қай тарап­қа кетіп қалды?» деп елі іздейді.

«Тудырып пікірталасын,

Жайым жоқ елді екшемек.

Бөлмеймін қазақ даласын:

Жетісу, Жайық, Көкше деп.

Даңқтан дарқан дәулетім,

Шабыттың шоғын шат үстеп,

Бөлмеймін баба әулетін:

Оңтүстік, Шығыс, Батыс деп»,

жырлаған ақынды өз қазағы ұмытпайды.