Сұхбат • 22 Қараша, 2023

Қайрат ЖҮНІСОВ: Отаншыл сезім болмаса, әскери ән жазу мүмкін емес

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі сұхбаттасымыз 90-жыл­дардың басында «Дәм тартып жатқа, кеттің бе, қалқам» деп басталатын «Қарындасыма» атты әнімен кеңінен танылды. Көптің көзіне жас үйірген осы лирикалық туындыдан кейін «Алматының түндері-ай», «Фарида» атты әндері де танымал болды. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде еңбек ететін композитор, запастағы майор Қайрат Жүнісов өмірін әскери-патриоттық әндер жазуға арнап келеді.

Қайрат ЖҮНІСОВ: Отаншыл сезім болмаса, әскери ән жазу мүмкін емес

– Қайрат Қаратайұлы, сізді еліміздің Қарулы күштері үшін әскери-патриоттық әндер жаз­ған композитор ретінде біле­міз. Әскери әндер жазуға қалай мойын бұрдыңыз?

– Мен, жалпы, ән жазуды 2-сы­­ныптан бастап қолға алыппын. Мектеп сахнасында балалар ән­дерімді айтып жүретін. Кейін консерваторияға түсіп, ән­ші­лік мамандығын алып шық­тым. 80-жылдардың аяғынан ал­ғаш­қы туындыларым жарыққа шыға бастады. Соның ішінде Қы­дыр­әлі Болманов орындаған «Қарын­дасыма» атты әнімнің орны ерекше болды.

90-жылдардың басында елі­міз тәуелсіздік алғанда бүкіл ха­лықтың бойында Отанға, ел­ге, жерге деген патриоттық се­зім оянғаны бел­гілі. Ғасырлар бойы армандап кел­ген азаттық­қа қолы­мыз жет­ті деп кеудемізді мақтаныш оты кер­неп жүрді. Сол уақытта «Әрбір қазақ қо­лы­нан не келеді, соны­мен елге, тәуелсіздіктің ны­ғаюына қыз­мет етуі керек» деген байлам­ға тоқтадым. Ал менің қо­лымнан келетіні не? Ол – ән жа­зу, сазгерлік өнер. Отаншылдық тақы­рыбындағы, әскери әндерге бет бұруым осы кезден басталды. 1994 жылы Қорғаныс ми­нистрлігінің орталық ансамблі ашылғанда бірден осы жерге қыз­метке келдім. Міне, содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіпті.

– Әскери-патриоттық ба­ғытта қандай әндер жаз­ды­ңыз?

– Әндерімнің де, ән жинақта­рым­­ның да саны көп. Мысалы, 1998 жылы Қарулы күштер тари­хындағы «Еркіндік сүйген егемен елім» атты тұңғыш патриоттық ән жинағым жарық көрді. Одан кейін «Ант етемін», «Сарбаз», «Жа­уынгер» атты ән жинақта­рым да көпшілік қауымға жол тартты. Ал «Егемен Қазақстан» атты әнім Қарулы күштеріміздің әнұранына айналды десем, артық айтқандық емес.

Қазіргі таңда тек әскери ба­ғыт­тағы әндер емес, жастарды пат­риоттыққа тәрбиелейтін өзге де жобаларды қолға алып жа­тыр­мын. Соның бірі – «Сарбаз сахнасы» атты авторлық жобам. Ол жер­де Қарулы күштердегі шы­ғармашыл жастар, әскери ұжымдар өз өнерлерін паш етеді. Бұдан бөлек, «Әскери өнер салтанаты» Қорғаныс министрінің арнайы сыйлығы үшін «Әскери музыка конкурсы», түркітілдес елдер Қарулы күштері шығар­машылық ұжымдарының ара­сындағы «Му­зыка және би ха­лық­аралық фес­тивалі» секілді жобаларды қолға алдым.

– Біздің білуімізше, әскери-патриоттық ән жазуға өзгеше тал­ғам мен жауапкершілік керек. Жалпы, сізді не шабыттандырады? Сіз үшін әскери әннің ерекшелігі неде?

– Жоғарыда айтып өткенім­дей, мен бұл салаға саналы түрде, өз таңдауыммен келген жанмын. Мені шабыттандыратын нәр­се – еліме, жеріме қызмет етсем деген мақсат. Сондықтан осы са­лаға өмірімді арнадым. Әс­кери әндердің ерекшелігі – оны тың­даған адамның бойында отан­шылдық сезімін оятатын болуы маңызды. Әнді жазатын сазгердің бойында патриоттық сезім болуға тиіс. Мысалы, мен көп әндерімнің мәтінін өзім жазамын. Ол жерде айтылатын сөздер пафостық сипатта емес, риясыз көңілден шығуы қажет. Өзім талай байқау­ларда қазылық етіп жүрмін. Бай­қайтыным, егер сөзі дұрыс болмаса, ол жақсы әуеннің бағын аш­пайды. Ал оны жазған адамның бо­йында Отанға деген сезімі болмаса, одан жақсы мә­тін де шықпайды.

– Туындыларыңыздың ішін­­­де жаныңызға жақыны, сү­йікті әніңіз бар ма?

– Шығармашылық адамы үшін оның әрбір туындысы өзі­нің баласындай болады екен. Әр туын­дының өз орны мен көтерер жүгі бар. Бірақ жо­ғарыда айтып кеткендей, Қор­ғаныс министр­лігі­нің әрбір іс-шарасында айтылып жүрген «Егемен Қазақстан» атты әнімнің шоқтығы биік. Қазір бұл әнсіз министрліктің бір­де-бір мәдени-көпшілік іс-ша­ра­сы өтпейді. Мен бұл әнді қа­лай жаз­дым дегенге келсек, 90-жыл­дардың ба­сында еліміз енді тә­уел­сіздік алар тұс­та түрлі сепа­ра­тистік сипат­тағы оқиға кө­бейіп кет­ті ғой. Мәсе­лен, Оралда казак­тар бүлігі болғанын білеміз. Сол уақытта елдің тыныштығы мен тұтастығын бұзғысы келе­тін оқи­ғаларға менің ішкі қарсы­лы­ғымнан шыққан ән бұл.

Бір офицер адам кезінде менің осы әніме өзінің үлкен бағасын беріп еді: «Мен сіздің осы әніңізді тыңдағанда кез келген шабуылға шығуға дайын боламын», деді ол. Егер туындым елді қорғайтын жауынгерлерімізге осылай әсер етіп, көңілдеріне шабыт беріп жатса, сазгер үшін бұдан асқан баға бар ма?

– 26 қарашада шығармашы­лық кешіңіз өтеді екен. Сол туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Халық ал­дында шығарма­шылық есеп бере­тін кез келді деген оймен осы ав­тор­лық ке­шімді өткізуді қолға алдым. Қор­ғаныс министрлігінің басшы­лы­ғына алғысым шексіз, олар менің бастамамды қызу қол­да­ды. Концертім елордамыз­да Еркеғали Рахмадиев атындағы «Астана» концерт залында өте­ді. Ол жерде халық арасында танымал болған бұрынғы шығар­маларыммен қоса жаңа әндерім де орындалады. Мен үшін мәні айрықша концерт болайын деп жатыр. Бәріңізді шығармашылық кешіме шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»