Есірткі • 23 Қараша, 2023

Бақылаусыз бала есірткіге ұрынады

187 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде 18 мыңнан аса есірткіге тәуелді адам бар. Олардың басым бөлігі Алматыда есепте тұр. Жыл басынан бері мегаполисте наркологиялық дертке шалдыққан 1 200-ге жуық азамат бақылауға алынған. Өзекті өртейтіні, нашақорлыққа салынғандар арасында кәмелетке толмаған балалар көбейіп келеді. Жасөспірімдерді бұл кеселден қалай қорғаймыз?

Бақылаусыз бала есірткіге ұрынады

Қазір Алматы қаласында 16 жасөспірім диспансерлік бақылауда тұр. Өткен жылы бұл тізімде 13 бала болған. Тіркеуге тұрып, ем қабылдаудан қорқып жүргендердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы есірткіге әуестік «трамадол» сынды қолжетімді препараттардан басталады. Жақында әлеуметтік желіде «Жаңа адамдар» парақшасының бел­сен­ді­лері жүргізген арнайы рейд нә­тижесі жарияланды. Олар ық­ти­малдылығы жоғары дәрі-дәрмек дәрігердің нұсқауынсыз саты­лып жатқанын анықтаған. Белсенділер шаһар­да­ғы­ 16 дәрі­ха­наға кіріп, дәл осындай екі фактіні тіркепті.

«Барлық жағдай бейне­ка­ме­раға түсірілді. Заң бойынша мұндай препараттардың рецептісіз сатылуына тыйым­ са­лынған. Тәуелді жастар дәрі­лер­дің жағымсыз әсері туралы біле тұра, есірткі ретінде пайдаланады. Көп жағдайда, мұндай «ләззат алу» үшін көп ақша керек емес. Кей кезде фар­ма­цевтер рецептің барын тексеруді ұмытады. Ал кей дәріханалар мұны мүлдем істе­мей­ді. Тәуелді сатып алушылар арқылы кәсіпкерлер табысын арттырып жатыр», делінген Instagram-дағы хабарламада.

Кәмелетке толмаған бала­лар­дың нашақорлыққа әуес­тен­генін ерте анықтау қиын, өйткені ата-ананың көбі мектептерде психо­белсенді заттарды қолдану бойын­ша тексеріс пен зерттеу жүргі­зуге қарсы болады. Тіпті өз пер­зенттерін есірткіге тәуелді етіп қоятындары да кездесетін көрінеді.

«10 жастағы баласын туған анасы синтетикалық есірт­кіге әуес қылған. Екеуі бір­ге­ психобелсенді заттарды қа­был­дап, ақыр аяғы тәуелді болып қалған. Бұрындары мұн­дайды естіп көрмеп едік. Жаға­мызды ұстадық. Өкінішке қарай, Алматыда наркологиялық дертке шалдыққан балалар­ды­ емдейтін емхана жоқ. Дис­пан­сер 14 жасқа толған балаларды ғана қабылдайды. Олардың өзі ересектермен бірге ем қабыл­дайды. Осы мәселеге қатыс­ты ұсынысымызды қоғам­дық­ кеңестің талқылауында ұсын­ған­быз. Мұндай сұмдықтың алдын алмасақ, балалардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр», деді «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жақыпов.

Ювеналды полиция мектеп, колледждерді аралап, есірткіге қар­сы үгіт-насихат жұмысын тұрақ­ты жүргізеді. Алайда жауап­­кер­шілік жүгі, ең алдымен, ата-ана­ға жүктеледі.

«Ата-ананың қарауынсыз қалған бала есірткіге тез бой алдырады. Ата-ананың көбі жұмысбасты. Таңнан кешке дейін үйде болмайды. Бала өз бетімен өседі. Жасөспірімнің кіммен араласып, қандай әлеу­мет­тік желілерде отыратынын білмейтін ата-ана көп. Әкім­ші­лік құқық бұзушылық туралы­ кодексте «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндетін дұрыс атқармауы» деген 127-бап бар. Бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарағандар осы баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылады», деді Алматы қалалық ПД ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Дерттен жазылып, тәуел­діліктен арылуға болады. Ондай науқастар аз емес. Бірақ оған кәсіби емнен бөлек, баланың ортасы, ата-анасының көңіл бөлуі әсер етеді. Сондай-ақ есіңді есеңгірететін дүниелердің зия­нын, салдарын түсіндіретін профилактикалық іс-шаралар да жиі өткізілгені дұрыс. Таяуда осы мақсатта «Жастар рухы» жастар қанатының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық етуі аясында бейнеконференция өтті. XXI ғасырдың басты мәселесінің бірі – нашақорлықпен күресті Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь елдерінің сарапшы мамандары талқылады.

«Біз үшін әр елдің наша­қорлыққа қарсы күрестегі тәжі­рибесін тыңдап, оны жұмыс барысында қолдану маңызды. Сондықтан біз бұл мәселені халықаралық алаңда көтеру­ді шештік. Жастар қанаты­ның «Есірткіге жол жоқ!» жо­­ба­сына шетелдік әріптестер мен сарапшылардың ұсыныс-пікірлерін пайдаланып, аясын кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ 2024 жылы ШЫҰ-ға біздің ел төрағалығы кезеңінде аталған мәселені бір рет қана көтеріп қоймай, оны шешу тетіктерін жан-жақты қарастырып, басқа да шетелдік мамандармен ты­ғыз жұмыс істейтін боламыз», деді «Жастар рухы» ЖҚ Ұйым­дастыру және аумақтық жұ­мыс басқармасының жетекшісі Сұлтан Аллабергенов.

Кездесуге қатысқан әр елдің спикерлері әлемдік медиа кеңіс­тіктегі ақпараттың дұрыс таралуы, азаматтарға жас кезінен бастап берілетін бағыт-бағдар, орталықтандырылған бақылау ұйымдары туралы ойларын орта­ға салды.

«Бұл проблемамен күресу үшін жастардың есірткінің зия­ны туралы хабардар болуы, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетілуі, жастардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, сон­дай-ақ есірткіге тап болғандар үшін тиімді оңалту және қалпына келтіру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысты қарқынды жалғастыру қажет. Сондай-ақ жастар арасында есірткінің таралуына ықпал ететін жаңа тенденциялар мен технологиялардың дамуын мұқият бақылау ма­ңызды. Себебі жаңа технология­лар заманында оларға таралатын ақпараттарды басты назарда ұстап, дұрыс бағытта дамуына көңіл аудару керек», деді БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының жаттықтырушы-маманы, пәкіс­тан­дық бас пси­хиатр Мохд Амджад.